Білім

Соғылды соңғы қоңырау

Сенбі күні облыстағы 435 мектепте соңғы қоңырау рәсімі өтті. Салтанатты түрде ұйымдастырылған шараға 115 243  оқушы қатысты. 297 мектепте 6451 түлекке арналып соңғы қоңырау соғылды. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған 14 мыңға жуық балдырған алғаш рет соңғы қоңырау сыңғырына куә болды.

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде де соңғы қоңырау шарасы өтті.

Шараның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды. Одан кейін мектеп директоры Сәуле Өмірбекова оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған зияткерлік мектептер мен Назарбаев университеті  — «Интеллектуалдық ұлт — 2020» жобасын жүзеге асырудың негізі. Қазір елімізде осы бағытта кешенді жұмыстар жасалып жатыр. Біздің білім шаңырағы да Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылғаны белгілі. Елбасы Жолдауында: «Қазір халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев Университеті мен зияткерлік мектептер ойдағыдай жұмыс істеп тұр.  Олардың тәжірибесін Қазақстандағы бүкіл білім беру жүйесіне енгізу қажет және барлық білім беру орындарын солардың деңгейіне жеткізу керек» деп тапсырды. Яғни біздің  мектептің және еліміздегі барлық зияткерлік мектептердің тәжірибесі еліміздің барлық мектебіне үлгі, — деді Сәуле Рахымқызы.

Ол өз сөзінде  2013-2014 оқу жылының мектеп үшін табысты өткендігін айтып, сол үрдістің жалғаса беруіне тілектестігін білдірді.

Аталған білім ордасындағы 7-11 сыныптарда барлығы 636 оқушы білім алады. Мұндағы балалардың барлығы да талантты, дарынды, білімді. Аталған мектептің оқушылары биылғы оқу жылында 47 халықаралық конкурсқа қатысыпты. Сонымен қатар, республикалық, облыстық сайыстарға да қатысып, топ жарған. 

Соңғы қоңырауды 11-сынып оқушысы Аян Құдайберген мен 8-сынып оқушысы Арайлым Масуадин соқты.

 

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button