Жастар

БРЕМЕНДЕГІ БІЗДІҢ ӘСЕМ

Шетелде оқып жатқан немесе жұмыс жасайтын замандастарымыздың қазақ тілінде еркін сайрап тұратындары әлі сирек. Германияның Бремен қаласындағы (әйгілі «Бремен музыканттары» ертегісі есіңізге түскен шығар) француздық «Schlumberger» мұнай компаниясында инженер боп жүрген Әсем Шәмішева — сол сиректердің бірі.

Бірақ бұған таң қалудың да жөні жоқ екен. Әсем – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мектеп оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың 2002 жылғы жеңімпазы.

Бір қызығы, республикалық бұл олимпиадада біздің облысымызда Әсемге дейін де, Әсемнен кейін де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен бірінші орын алған оқушы жоқ. Әуелгі сұрағымыз осы гәпке тірелді.

— Әуелде, сірә, қазақ тіліне ерекше бүйрегің бұрған секілді ғой?

— Қалай десем екен?.. Барлық пәнді үздік оқыдым ғой, барлық ұстаздарыма да ризамын. Бірақ мен оқыған №32 Ақтөбе мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекетова Күләй апай менің қабілетіме ерекше назар аударды, үлкенді-кішілі олимпиадаларға тынымсыз даярлады, көп кітаптарды зерделетті. Сол кездің тәртібі бойынша «Алтын белгіге» де республикалық олимпиададан бірінші орын алған соң ғана ие болдым. Жоғары оқу орнына грантпен түстім.

— Сонда да қазақ филологиясын таңдамапсың…

— Ол кез болашақ заңгер, экономист көбейіп кеткен кез еді, мұғалімдікке де бәсеке аз болмайтын. Бірақ мен әуелден ат үсті оқуға, жеңілге ұмтылуға әдеттенбегем, аз білгенімді көп еңбекпен толықтыруды жақсы көретінмін. Оның үстіне, қазақ мұнайының болашағы да әлемдік деңгейдегі зор әңгімелерге ұласты. Ал Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университеті мені әуелі атауымен, сосын үйрететін мамандығымен қызықтырды.

Отбасыңыз да мұнай саласына бейімдеді ме?

— Олай дей алмаймын. Мамам Бағдагүл — сол өзім оқыған мектеп-гимназияда бастауыш сынып мұғалімі. Папам Әбіш — экономист. Папам тіпті мұғалімдік оқуға барғанымды жөн көрді. Бірақ мен сол кездегі жоғары оқу орындарының тізімін, онда берілетін мамандықтарды қайта-қайта ақтарып, осы университетті мақұл көрдім.

— Сөйтіп студенттік өмірің басталды…

— Бұл университетте оқу отбасы бюджетінен қыруар қаржы талап ететінін қазір жұрт жақсы біледі. Бірақ грантпен оқу қаржыға үнем болғанымен, қабілетке жеңілдік әпере алмайды. Мұнда білімділер ғана кібіртіксіз сөйлейді.

— Білімді болу оңай ма?

— Аса қиын емес. Себебі студентке барлық жағдай жасалған: бай кітапхана, интернет, т.б. Рас, бас алмай оқу керек.

Дәріс ағылшын тілінде жүргізіле ме?

— Арнаулы сабақтар, әрине, ағылшын тілінде өтеді.

— Арнаулы сабақтардан мүдірмеу үшін арнаулы курстан өту де керек шығар?

— Жоқ. Мен арнаулы курсқа барған жоқпын. Репетитор да жалдағам жоқ. Мектеп бағдарламасындағы білімімді одан әрі тереңдеттім. Қыруар уақытымды бөлдім, көп кітапқа үңілдім, көп сөздіктер ақтардым. Абай атамыз айтпақшы, «артық білім кітапта» екені рас қой.

Ал Бременге қалай тап болдың?

Студент кезімде осы қалада тәжірибеден өткем. Дәлірек айтсам, алғашқы тәжірибемді Атырау облысында, Теңізде қазіргі жұмыс жасап жүрген компанияның филиалында өткіздім. Екінші тәжірибем осы Бремен қаласында өтті. Сөйтіп, студент кезімде шетелдік компаниялардың тыныс-тіршілігімен жете танысып, мол тәжірибе жинақтадым. Сосын жұмысқа шақырылдым.

Әлгінде айтқанымдай, «Schlumberger» — француздық компания, бас кеңсе — Парижде. Әуелі сол қалада екі апта тренингке қатыстық. Бремен қаласына содан соң келдім. Айтпақшы, үш-төрт айдан соң компания мені Ұлыбританияның Newark қаласына оқуға жіберіп алды. Сол қалада «Schlumberger» компаниясының Ақтөбедегі филиалында оқитын ағайды көріп, екеуміз қазақша сөйлесіп, мәре-сәре болып қалғанымыз бар.

— Жұмыста қай тілде сөйлесесіңдер?

— Негізінен, ағылшын тілінде сөйлесеміз ғой. Бірақ жергілікті тұрғындар келсе, арамызда неміс тілінде әңгімелесе беретіндер бар.

— Ал өзің неміс тілін білесің бе?

— Үйреніп жүрмін. Немістермен емін-еркін сөйлесіп кетпесем де, тым қаражаяу емеспін.

— Жұмысқа қалай киініп барасыңдар?

— Еркін стиль. Мәселен, басшылық құрамдағылар да, менеджерлер де жұмысқа кәдімгі джинсы шалбармен, қарапайым киіммен келе береді. Әрине, өндіріс орнында басқаша: басыңда – каска, үстіңде – арнаулы киім.

— Қайда орналастың?

— Қызметтік тұрғын үй берілді.

— Әріптестерің Қазақстанды қаншалықты таниды?

— Көпшілігі Қазақстанды Алматымен байланыстырады. Әрине, мен Астана туралы айтамын. Сосын олар біздің елде мұнай бар екендігін жақсы біледі.

— Қай дәрежеде біледі?

— Олардың айтуынша, Қазақстанда мұнай көп әрі оңай өндіріледі, жердің беткі қабатынан алына қояды. Ал Германияда мұнай өте тереңнен алынады.

— Германияға үйреніп болдың ба?

— Келгеніме бір-ақ жыл болды ғой. Әлі үйренісе қойғам жоқ. Әсіресе, тамақтарына үйрене алар емеспін.

— Неге?

— Мысалы, олар шошқа етін жейді, мен жемеймін. Сосын еттерінің дәмі бөлек. Ақтөбенің етіне жетпейді. Алты айдан кейін үйге келіп, мамамның асып берген етін күнде рахаттана жеймін.

— Бремендегі компанияда қанша қазақ барсыңдар?

— Әзірге жалғыз қазақпын.

— Қазақ тілін ұмытып қалмайсың ба?

— Өйте қоймаспын. Күн ара ата-анаммен телефон арқылы хабарласып, сөйлесіп тұрамын. Телефон ақысын компания төлейді.

— Германияда қандай телеарналарды көресің? Қазақстанның жаңалығын қалай біліп отырасың?

— Бременде үш арна ғана ағылшын тілінде көрсетеді, қалған арналар неміс тілінде сөйлейді. Теледидар қарамаймын. Ел жаңалықтарын, қажетті ақпараттың барлығын интернет арқылы аламын.

— Неміс еліндегі қазақ диаспорасына барып көрдің бе?

— Жоқ. Германияда қазақтардың басы қосылып жататынын естимін. Бірақ баруға қол тимейді.

— Ал Қазақстаннан көшіп кеткен немістерді көрдің бе?

— Көрдім, әрине. Мысалы, біздің компаниядағы Қазақстаннан көшіп барған немістер қазақтардың қонақжайлылығын көп айтады. Олармен орыс тілінде сөйлесеміз.

— Немістер қонақтарды қалай күтеді?

— Қалай десем екен?.. Бірде туған күнге бардым. Байқағаным, олар біз секілді екі түрлі ыстық тамақ, салаттың үш-төрт түрін жасап әуре болмайды. Ортаға сыра мен салқындатылған сусындарды толтырып қояды да, әңгімелесіп тарасады. Жалпы, Германияда халықтың жартысынан көбі сыра ішетінге ұқсайды. Тіпті, көлік жүргізгенде де сыра ішудің өз мөлшері болады. Тексергенде сол мөлшерден асып кетсең ғана айыппұл төлейсің.

— Немістердің дәлдікті қатты ұстанатын халық екендігі жиі айтылады ғой.

— Онысын байқамадым. Менің көргенім — қазіргі заманның немістері, олар қонаққа біз секілді кешігіп бара береді. Бірақ қоғамдық көліктері автобус, пойыз кесте бойынша, дәл уақытында жүреді.

— Қоғамдық көліктері қандай?

— Автобус, трамвай… Бірақ халықтың көпшілігі велосипедпен жүреді. Ал автобустарға бір айға, бір аптаға талондар беріледі. Талоның болмаса, айыппұл төлейсің. Рас, билет тексеруші күнде кезіге бермейді.

— Германиядан басқа елдерді де көрген шығарсың?

— Еуропа шағын мемлекеттер территориясы ғой. Демалыс күндері Бельгия, Австрия немесе Голландияға барамыз. Қашық емес, жеңіл көлікпен барғанда үш-төрт сағаттық жерлер. Айтпақшы, университеттегі группаластарым Есен, Әнуар Голландияда жұмыс істейді. Кездескенде, мәз болысып қаламыз.

— Балалық шағыңда шетелдерде болуды армандап па едің?

— Бір кездерде шетелде жұмыс жасаймын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген.

— Қалай болғанда да өзге елдің дәмін таттың, өмір салтын таныдың, тілдерін де меңгердің. Ендігі мақсатың қандай?

— Елге қайтқым келеді.

— Сағынатын шығарсың?..

— Елді, Ақтөбені қатты сағынамын, әрине. Бірақ Қазақстанға немістердің мұнай саласындағы ілгері технологиясын меңгеріп қайтқым келеді.

— Сосын…

— Қазір өзім жүрген компанияның осы Ақтөбедегі филиалында жұмыс жасағым келеді. Мәселен, ондағы сатылар: инженер, инженер-1, инженер-2, бас инженер. Елге бас инженер болып оралғым келеді. Ал бас инженер болу үшін ғылыми жоба қорғау қажет.

— Қорғайсың ба?

— Қазір негізінен кәсіби техникалық кітаптарды көбірек оқуға тырысамын. Әдебиетті сонша жақсы көрсем де, қазір әдеби кітаптар оқуға қолым тимей жүр.

— Үйдегі бауырларың сенің жолыңды қуды ма?

— Екі сіңлім, бір інім бар. Тұрмысқа шыққан Әлияның мамандығы — мұғалімдік. Ләззат Астанада, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде математика және компьютерді модельдеу мамандығы бойынша білім алып жатыр, інім Сұлтан Ақтөбедегі қазақ-түрік лицейінің 7-сыныбында оқып жүр.

P.S. Сонымен, Әсем ағайынды Якоб пен Вильгельм Гримм жазған «Бремен музыканттары» ертегісінде айтылатын атақты Бремен қаласында жүр. Сол қаланың бір көшесінде салтанат құрып тұрған танымал ертегі кейіпкерлері — есек, ит, мысық және әтешке қойылған мүсіндер композициясын да тамашалап үлгерген.

Біздің қаламыздың қазақ мектептерін бітірген түлектеріміз қай елдің ұландарымен де бәсекеге түсе алатынының бір жарқын мысалы — осы.

Басқа жаңалықтар

4 Comments

  1. Мақала өте жоғары деңгейде жазылған. Төл газетіміз әрдайым жастардың жетістігін жариялап отырса, кез-келген жас бойжеткен мен бозбаланың үлкен жетістіктерге (бұл жерде Әсемдей) жете алатындығына сенімі арта түсер еді. Бұл жастар арасындағы отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді насихаттаудың бірден-бірі жолы деп санаймын. Осылайша, Қазақстаннның болашағы жастар екендігін әрбір жас буын көре алатындығына толық сенімдімін.

  2. Мен Әсемнің Атырау қаласындағы «Теңізшевройл» компаниясында өндірістік жетекшісі болғанмын. Әсемнен кейін ондай практикант болған емес, әсіресе оның әрі тез және үлкен талдау жұмысына компанияның шетел мамандарына дейін өте таң қалған. Осындай қазақ қыздарының болғанына өте қуаныштымын. Осындай қыз тәрбиелегеніне ата-анасына, білім берген мектебіне көп-көп рахмет, оларға ден-саулық. еңбектері алладан қайтсын демекпін. Ал газет қызметкерлеріне далада жүрген талантты жастарын тауып алып оны өз халқына таныстырғандарыңызға, сіздергеде творчествалық табыс тілеймін, сіздердің бұл мақалаларыңыз бен бастамаңыз мумкін артта келе жатқан ұрпақтарға тәрбиелеуге үлгі болар.

  3. Кайырлы кун! Сиздерден осындай пикир алганыма куаныштымын. Рахмет!
    Асемнин ондиристик жетекшисине отинишимиз бар, мына -емайлга  (корсетилген)хабарлассаныз деген.
    кутем. Макала авторы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button