Денсаулық

Алматы – бірінші, Ақтөбе – он үшінші

Өткен жұмада «Ақтөбе» қонақ үйінің мәжіліс залында облыстық СПИД орталығы және «Оникс» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ВИЧ-СПИД (АҚТҚ-ЖҚТБ) дертінің алдын алу мақсатында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге «Нұр Отан» ХДП мүшелері, БАҚ өкілдері, колледж, мектеп оқушылары, волонтерлер, дәрігер-мамандар қатысты. Шараны өткізудегі негізгі мақсат – аталған сырқаттың таралуына жол бермеу, жастардың білімін көтеру.

СПИД – жұқтырылған қорғаныс тапшылығы белгісі. Оның қауіптілігі – ағзаның қорғаныс жүйесі клеткаларын істен шығаратындығында. Ғасыр дертіне айналған сырқаттың емі әлі күнге дейін табылмай отыр. Ал бұл індетке шалдығушылардың дені жыл санап көбейіп келеді. Және бір қынжылтатыны, СПИД-ті жұқтырушылардың дені – 15-29 жас аралығындағылар. Мамандардың айтуынша, республика бойынша 12 807, ал облыста 182 адам тіркеуде тұр.

Дөңгелек үстел барысында мамандар СПИД-ке қатысты көптеген мәліметтер айтты. Облыстық СПИД орталығының эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Айбарша Төребаеваның айтуынша, ғасыр дертіне шалдығушылардың саны қалада ғана емес, аудандарда да көбейіп барады.

– Басқа ауруларға қарсы қолданылатын арнайы вакциналар, дәрі-дәрмектер бар. Ал СПИД-тің арнайы ем-домы жоқ. Сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Бұл сырқатты жұқтырушылардың 70 пайызы – жастар. СПИД-тің таралу жолы сан түрлі. Көбіне есірткі қолдану арқылы, жыныстық қатынас жолымен таралады және ана құрсағынан балаға жұғады.

СПИД – әлемдік қауіпті дерт. Дерекке сүйенсек, әлемде 32-45 миллион адам осы сырқатқа шалдыққан. Біздің елімізде де бұл дертті жұқтырушылар қатары жыл санап көбейіп барады. Егер әр облыстағы жұқтырушылар тізіміне тоқталар болсақ, Алматы қаласы бірінші орында, одан кейін Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар тұр. Ал Ақтөбе тізімде 13-ші болып тұр. Облыс бойынша 182 адам тіркеуде, оның үшеуі – 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Тіпті, сырқаттанушылардың араларында жүкті аналар да кездеседі. Тағы бір айта кететін жайт, СПИД-ті жұқтырушылар  тек қалада ғана емес, аудандарда да көбейіп барады. Мәртөк, Қарғалы тәрізді сегіз ауданнан СПИД-ке шалдыққан адамдар тіркелді.

Егер сырқаттанушыларды әлеуметтік жағына қарай бөлетін болсақ, олардың көпшілігі жұмыссыз. Сонымен қатар бізді сырттан келген шетел азаматтары да алаңдатып отыр. Біздің облысымызда Ресейден, Өзбекстаннан келген азаматтар бар. Сондықтан әр нәрсеге жауапкершілікпен қарағанымыз дұрыс, – дейді А.Төребаева.

Шара барысында дөңгелек үстелге қатысушылар ғасыр дертінің таралуына жол бермеу мақсатында шығарылған әдістемелік жинақпен танысты. Қазақ және орыс тілдерінде жарияланған жинақта зиянды заттарды пайдаланбау, жауапты мінез-құлықты қалыптастыру, жыныстық қатынас арқылы жұғатын сырқаттардың таралуына жол бермеу және басқа мәліметтер жазылған.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button