Спорт

«Ақтөбенің» ерекше жеңісі

Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіне шықтық!

Кеше Еуропа елдері Чемпиондары лигасының екінші раундында «Ақтөбе» командасы Исландияның чемпионы «Хабнарфьордюрмен» қарымта матчын өткізді. Мұның алдында Исландияда өткен ойында жерлестеріміз 4:0 есебімен ойсырата жеңген болатын.

Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда ине шаншар орын болмады.

Төреші ысқырығынан соң ақтөбелік футболшылар ойын тізгінін өз қолдарына ала бастады. Алғашқы 15 минут ішінде бірнеше шабуыл ұйымдастырылғанымен, нәтиже болмай жатты. Ойынның 20-минутында Самат Смақов 30-35 метр қашықтықтан шірене теуіп, қонақтардың қақпашысы Ларуссонды қапы қалдырды. Бұдан кейін Марат Хайруллин, Ұлықбек Асанбаев, Мұрат Тілешевтердің ұрған доптары қақпаға дарымай жатты. Тіпті, 44-минутта исландиялық М.Гудмундссон аса қауіпті жағдай туғызды. Оның баспен соққан добы қақпаның оң бағанынан қайтты.

Қонақтар ойынның екінші кезеңінде де қарап қалмауға тырысты. Т.Гудмунссонның баспен ұрған добын Андрей Сидельников қайтарды. Ақтөбеліктердің кезекті шабуылында Мұрат Тілешев есепті 2:0-ге жеткізді. Марат Хайруллин, Ұлықбек Асанбаев, Сергей Струков, Эмиль Кенжесариевтер қанша шабуыл жасағанымен есеп өзгермеді.

Қарымта кездесуде де жеңіске жеткен ақтөбеліктер Чемпиондар лигасының үшінші раундына өтті. Енді жерлестеріміз 28 шілдеде Израйльдің «Маккаби»Хб командасын қабылдайтын болады.

Айта кету керек, бұған дейін қазақстандық бірде-бір команда үшінші раундта ойнап көрген емес.

Жерлестерімізге кезекті жеңіс тілейміз!

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button