Білім

Асылханым апай

… Ауылдан анам қоңырау шалды. Ел жақтың амандығын сұрасқаннан кейін, менің класс жетекшім Асылханым апайдың шығармашылық кеші өткелі жатқанын айтты. Ұстаздық қызметіне биыл отыз үш жыл толған ұстазымның бұл да бір өзіндік белесі екенін ұқтым.

Бұл жаңалықты естіп, сонау алыста қалып бара жатқан балалық шағым, мектеп қабырғасындағы оқушы күндерім көз алдыма келді.

…Ауыл баласында арман көп, мақсатында шек жоқ. Мен Қарауылкелдідегі №1 орта мектепте білім алдым. Ол жылдар нарық қыспағындағы тоқырау кезі болатын. Мектеп тұрмақ ауылдың ажары кетіп тұрған кезде, біздің балаң санамызға ертеңгі күннің қалай болатыны бұлдыр елестейтін. Сондайда қиялымызға қанат бітіріп, біздің жақсы маман, білімді азамат болып шығатынымызға күмән келтірмей, ілгеріге жетелейтін Сіз едіңіз. Сіздің сол сеніміңізге селкеу түсірмей, біз де алға ұмтылуға тырысатын едік…

Негізінде, Асылханым Әбдіхалықова апайым — киелі Маңғыстаудың қызы. Ауылға келін болып түскен, жолдасы Сағымбай Дүсіпов ұзақ жылдардан бері аудандық спорт бөлімін басқарып келе жатыр. Аудан жастарын спортқа баулуда, өңірдегі дене шынықтыру саласын дамытуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген азамат. Апайдың ең ерекше қасиеті үлкен-кішіні баурап алатын зиялылығы еді. Оның ешқашан біреуге дауыс көтеріп, жекігенін көрген емеспін.  Сонымен бірге, өз саласының ең бір білгір маманы еді деп қазірдің өзінде айта аламын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бола жүріп, оқушыларының бойына патриоттық тәрбие сіңіріп отыратын.

Өз басым сөз қадірін ұғынуды, тіл қасиетін қадірлеуді Асылханым апайымнан үйрендім. Ол қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бергенде, біз оның соңынан еріксіз еріп, әлдебір тылсымға еніп кеткендей күй кешетінбіз. Біздің сол әдемі сәттерімізді күтпеген жерден соғылған қоңырау үні ғана бұзатын.

Сынып жетекшісі болғандықтан, ұстазымыз әр оқушыға бәйек болып, ішкі жан дүниемізге үңілуге тырысатын. Оқушыға білім беріп қана қоймай, оның бойындағы мүмкіндігін ашу, өнерін паш ету алғашқы кезекте тұрушы еді. Сондықтан болар, апайымыз өткізген әрбір шараға бүтін бір адамдай жұмыла кірісуші едік. Және онымыз нәтижесіз де  емес еді. Өйткені ол кісінің бастауымен ылғи әнші, биші, әртіс, суретші мен спортшылар жиналған өнерлі топ мектепішілік тұрмақ, аудандық шараларға да белсене атсалысқан болатын.

Дөңгеленген дүние екі мыңыншы жылдықты қарсы алуға дайындалып жатқан тұста біз мектеп бітіргелі тұрдық. Әлі есімде. Сол жылғы жаңа жылда Сағымбай ағамыздың шаңырағында бас қостық. Мерекелік дастарқан басында апайымыз ақжарма тілегін айтты. Ал біз болсақ бір-бірімізбен ақтарыла сыр шертісіп, таң атқанша думандатып едік. Балалық қой, сол сәттерде ешқашан ара-жігіміз ажырамайтындай көрінуші еді бізге.

…Соңғы қоңырау соғылғаннан кейін, класпен бірге мектеп жанындағы саябаққа жиналдық. Ортамызда Асылханым апайымыз да бар. Ол кісі бізбен бұрын-соңды болмаған байсалды әңгіме қозғап, әрқайсысымызға жеке тоқталып, өмірлік бағыт-бағдар берген болатын.

Қазір біздер ұямыздан ұшып шығып, тым-тым алыста ұшып жүрген құстар секілдіміз. Әрқайсысымыз әр жақтамыз. Бірақ бірге оқыған достар басымыз қосыла қалғанда, ұстаздарымызды ұлықтап отырудан жалықпаймыз. Сол кезде біздің Асылханым апайымыз ортамызда отырғандай, оның әрбір ұлағатты сөзі санамызда жаңғырып тұрғандай болатыны бар.

…Біз мектебімізден қанша қашықтап кетсек те, оған оралып тұратынымыз анық. Сол кезде біздің алдымыздан Асылханым апайымыз құшағын жайып қарсы ала берсе дейміз. Сонда балалығымызбен, сол бір алаңсыз шақтарымызбен қайта табысқандай боларымыз анық.

 Нұрлыгүл КӨШЕКБАЕВА.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button