Денсаулық

«Ақсұңқар» сізді күтеді…

 

«… Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі — медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу — аурудың алдын алудың негізі».

 

Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауынан.

 

Елімізде қанша адам тұрақты түрде спортпен айналысады? Ел тұрғындарының орташа өмір сүру жасын қалай арттырамыз? Балалар мен жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол салушылықты азайту үшін не істеуіміз керек? Жұқпалы аурулардан қалай сақтанамыз?

Жер-жердегі салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарының барлығы

осы мәселелердің шешімін табу мақсатында жұмыс жасайды. Тұрақты әлеу­мет­тік-демография­лық дамуды қам­тамасыз ету үшін ел тұрғындарының денсаулығын жақ­сартуды көздейтін «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырушыларының бірі де осы орталық. 

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Дәмеш Қайдарованың айтуынша, қазір бұл мекемеде аталған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін құрылған бірнеше бөлімдер жұмыс жасайды. Олардың қатарындағы «Шапағат» жастар орталығы мен темекіге қарсы күрес орталығын ерекше айтып кетуге болады, қазір бұл бөлімдердің барлығы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.  

— Елбасының бастамасымен жасақталған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе облысында тұрғындар арасында темекінің зиянды жақтарын насихаттау, соның нәтижесінде оған құмар адамдар санын азайту үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Қазір облыста 10 темекіге қарсы күрес кабинеті жұмыс жасайды, оның төртеуі — қалалық, алтауы — аудандық кабинеттер. Олар тұрғындар арасында, соның ішінде жасөспірімдер мен жастар арасында осы зиянды әдетке деген құмарлықты болдырмау мақсатында көптеген шаралар өткізіп келеді. Мұндай шаралар барысында тұрғындар темекінің, оның түтінінің адам ағзасына қаншалықты зиян екендігін, темекі тартқан адам мен оны тұтынбайтын адамның арасында жер мен көктей айырмашылық бар екендігін, тағы да осы секілді ақпараттарды біле алады. Темекімен қош айтқысы келетін, алайда, өздігінен бұл жат әдетті қоя алай жүрген адамдарға түрлі көрнекі құралдар арқылы ақпараттар бере отырып, нақты шешім қабылдауға көмектесеміз. Міне, осындай жұмыстардың нәтижесінде осы жылдың бірінші тоқсанында аталған 10 кабинетке барлығы 439 адам келіп, 13 адам мүлде темекіні қойып кетті, — дейді ол.

Биыл қаңтардың 17-сінен бастап аталған орталық облыстық «Актюбинский вестник» газетімен бірлесіп «Темекіні таста да, сыйлық ұтып ал» атты акция жариялады. Бұл акция барысында газет журналистері, орталық мамандары, облыстық наркологиялық орталығының нарколог дәрігерлері, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің наркология және психиатрия курсының ассистенттері — барлығы бірлесіп жұмыс жасады. Акция барысында газет редакиясы мен орталыққа 11 ерікті келіп, темекіні қойғысы келетінін айтқан. «Нәтиже бар», — дейді Д.Қайдарова.

Бұдан өзге темекіге қарсы күрес, туберкулез сынды жұқпалы аурулардың алдын алу, алкогольдің зияндылығын насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі шаралар аясында мектептерде, колледждерде театрлық қойылымдар, лекциялар, семинар-тренингтер өткізілді.  

Д.Қайдарованың айтуынша, қазір тұрғындардың, әсіресе, балалардың спортпен айналысуына үлкен мән беріліп отыр.       

— Осы жылдың бірінші тоқсанында дәрігерлік дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен мамандар мыңдаған баланың денсаулығын тексерді. Қорытындысында белгілі болғандай, балалардың арасында құлақ-мұрын, көз ауруларының баршылық екені байқалды, сонымен қатар, хирург, невропатолог мамандары да балалардың арасында ішкі сүйек гипертензиясы, жарақаттан кейінгі пайда болған аурулардың, омыртқа ауруларының, жалпақтабандылықтың көп екендігін байқаған. Сонымен қатар, қазір тек Ақтөбеде ғана емес, елімізде, тіпті әлемде адамдардың, әсіресе, балалардың өзіне-өзі қол салушылық жағдайларының жиілеп кеткендігі айқын. Осы мақсатта біз жақында орталыққа «Ақсұңқар» деп аталатын жаңа аппарат алдық, — дейді Д.Қайдарова.

«Ақсұңқар» аппараты Алматыда жасап шығарылған. Ол адамдардың психиологиялық-физиологиялық жағдайын зерттейді.

— Адамның жеке психологиялық ерекшеліктерін тексере отырып, күйзеліске, ішімдікке, тіпті қылмыс жасауға бейімділігін анықтай алады. Адам бойындағы жаңа ортаға бейімделе алмаушылық, есалаңдық күйге түсу, есірткіге құмарлану, жыныстық тұрғыда ерте есею, суицидке бейімділік сынды жайттарды тексереді. Бұл аппараттың көмегіне жай ғана өзіңізді тану үшін не болмаса отбасылық кеңес алу үшін,  кәсіптік бейімделу, жұмысқа тұрар алдында өзіңіздің кәсіби ыңғайыңызды анықтау үшін жүгіне аласыз. Бұл құрал медицинамен бірге әскери, сот-сараптамалық салаларда да қолданылады, — дейді Д.Қайдарова.   

Қазіргі уақытта «Ақсұңқарды» тұрғындар арасында насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол алғашқы клиентін әлі қабылдаған жоқ.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button