Білім

Балдырған

Отан

ЖҮРЕГІМІЗДІҢ БӨЛШЕГІ

Менің туған өлкем — Қазақстан. Бұл өлкені бізге ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырды.

Әр адамға өз туған жері өте ыстық, өте жақын. Біз туған жерімізді аялап, келесі ұрпаққа осындай керемет, әсем күйінде жеткізуіміз керек.

Туған жеріміз жүрегіміздің бір бөлшегі болғандықтан оны қадірлей білейік.

 

Мөлдір ЫНДЫБАЕВА,

№13 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Кітап

 

САРҚЫЛМАЙТЫН ҚАЗЫНА

 

Кітап – білім көзі. Кітапты көп оқыған адамның сауаты ашылады, әлемдегі болып жатқан қызықты оқиғаларды білесің.

Менің тіл жаттықтырып оқыған кітаптарымның бірі — «Ертегілер», «Батырлар жыры». Бұл кітаптар  жақсы болуға, жақсы іс істеуге құштарландырады. Кітапты жыртпай, кірлетпей, бүлдірмей таза ұстау — бәріміздің міндетіміз. Кітаптарымыз қапталған, ұқыпты болуы керек.

Кітаптар жүз мыңдаған данамен шығады. Бірақ қазір кітапқа балалар аса қызықпайды. Олар компьютерлік ойындар мен ұялы телефондарды өзіне жақын дос етіп алды. Менің ойымша балалардың аз оқитындығы кітаптардың аз мөлшерде шығатындығынан деп те ойлаймын.

Кітап оқу — білімпаздықтың белгісі. «Кітап — білім бұлағы» деп бекер айтылмаған екен.

Біздің ауылда орталық кітапхана бар. Онда менің әжем кітапханашы болып жұмыс жасайды. Мен аптасына бір рет достарымды ертіп сол кітапханаға барамын. Әжем кітапханамен таныстырып, кітап туралы біраз мағлұмат береді. Кітапты пайдалану ережелерімен таныстырады. Кітапханашы әжем: «Кітап оқуға күніне белгілі уақыт бөлсең болғаны. Кітапты сүйіңдер, кітап — азып-тозбайтын досымыз» деп ақыл айтып отырады.

Мен достарыма «Кітап — білімнің көзі, кітаппен дос болайық!» дегім келеді.

 

Өмір Толағай НҰРЛАНҰЛЫ,

Абай атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

 

Тіл

 

ҰЛТЖАНДЫЛЫҚТЫҢ НЕГІЗІ

 

Тіл көмегімен өнер-білімді, ғылымды игереміз, өткен-кеткенімізді саралап, сабақ аламыз.

Тіл арқылы рухани байлығымызды меңгереміз. Өзіміз танып қана қоймай, асыл қазыналарымызды әлемге танытамыз. Әлемді танимыз.

«Өнер алды — қызыл тіл» деген сөздің астарында қаншама сыр бар.

Тіл — халықтың сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін — ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз — қазақ тілі. Қасиетті тіліміз — дүниежүзіндегі ең бай, оралымды, бейнелі тілдердің бірі.

Осындай бай тіліміздің ертеңі мен бүгінін ойлайтын әрбір жас жеткіншек елінің нағыз ұлтжанды, білімді азаматы болады деп сенеміз.

 

Ақерке ШҮКІРАЛИНА,

№10 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Оқушының өлеңі

 

АНА

 

Өмірге әкеліп,

Аялап, баптаған.

Бар тәтті, дәмдіні

Біз үшін сақтаған.

 

Үйде де, түзде де

Бір тыным таппаған.

Өзіңдей анамның

Барына мақтанам.

 

Махаббат МҰХАНБЕТОВА,

№2 орта мектептің 1-сынып оқушысы.

Қандыағаш қаласы.

 

АУЫЛЫМ

 

Ауылым менің — Жарық,

Бәрінен де артық.

Қобда өзені жанында

Үйрек-қаз жүр қалқып.

 

Аяжан БАБАҒОЖИНА,

3-сынып оқушысы.

Жарық ауылы,

Қобда ауданы.

 

КӨКТЕМ

 

Көктем келді күлімдеп,

Тамшы тамды дірілдеп.

Бәйшешектер гүл атты,

Көктем күні — шуақты.

 

Аружан ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

№4 орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

 

АНАШЫМ

 

Анашым, сіз маған дарасыз,

Жазира кең дарқан даласыз.

Аналар өмірдің сәні ғой,

Бұл өмір не болар анасыз?

 

Күн күлген аяулы жаныңа,

Арнап мен жыр жазам тағы да.

Ауырмай жүр мәңгі қасымда,

Қуанам өзіңнің барыңа.

 

Толқын СӘРСЕНҚЫЗЫ,

№1 орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Ембі қаласы.

 

ҰЛАНДАР

 

Біз — ұланы, бейбіт елдің тірегі,

Ұландардың ел деп соғар жүрегі.

Арайланып атады әлі ақ таңдар,

Ұландарым, туған елді сақтаңдар.

 

Абыройын асқақтатып әлемге,

Көк туымыз желбіресін әр елде.

Қазақстан жетсе егер жеңіске,

Ұландардың арқасында емес пе?!

 

Нұрбол ЖАУЫНБАЕВ,

Ақтөбе облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының 7-сынып оқушысы.

 

Сөзжұмбақ

 

СӘУІР КЕЛДІ

 

Кеме

Өрік

Көгершін

Түлкі

Емен

Мектеп

 

1. Су көлігі. 2. Жеміс. 3. Бейбітшілік құсы. 4. Аң. 5. Ағаш. 6. Білім ордасы.

 

Құрастырған Санжар РУСЛАНҰЛЫ,

Сапақкөл орта мектебінің 1-сынып оқушысы.

Ойыл ауданы.

 

Мен салған сурет

 

ЖАЙЛАУДА

 

Суретті салған Жаннұр ҚАЛАБАЙ,

Шұбарши орта мектебінің 1-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

 

ГАЗЕТІМІЗДІҢ №39-40 САНЫНДА (03.04.2014) ЖАРИЯЛАНҒАН СӨЗЖҰМБАҚТЫҢ ЖАУАБЫ:

 

1. Мұқағали. 2. Ермексаз. 3. Көктем. 4. Теңіз. 5. Емен. 6. Парта.

 

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button