Спорт

«Жас ұлан» жарысқа шақырды

1 шілдеден бері «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының жанынан құрылған «Жас ұлан» аула клубы жұмыс жасап келеді. Өткен бейсенбіде аталмыш клубтың жеткіншектері мен облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің жобасы бойынша қаланың Тургенев, Кутузов көшелерінде ашылған аула алаңының демалушы балалары арасында спорттық ойындардан сайыс өтті.

Елбасының «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІ съезіндегі тапсырмасын орындау мақсатында ашылған аула клубында 7-14 жас аралығындағы балалар демалуда.

Таңертең сағат тоғыздан бастап осында келіп, түрлі ойындар ойнап, достарымен бірге болатын балалардың барлығы дерлік біздің ғимаратқа жақын жерде орналасқан үйлерде тұрады. Олардың уақыттарын тиімді өткізуіне арналып әр күнге бағдарлама жасалған. Аула клубына қызыққандары шығар, күннен-күнге баланың саны көбейіп отырады. Мысалы, кеше 90 бала келіп, демалып кетті. Тамақты өз үйлерінен ішіп кеп, мұнда шығармашылықтарын шыңдайтын шаралармен айналысатын балаларға бүгін арнайы спорттық жарыстар ұйымдастырдық. Алдағы уақыттарда балалармен саяхаттарға шығуды жоспарлап отырмыз,- дейді «Нұр Отан» ХДП қоғамдық саяси бөлімінің меңгерушісі, «Жас ұлан» балалар клубының жетекшісі Гүлнара Сейталина.

Үстел теннисі, көңілді жарыс, тоғызқұмалақ, шахматтан арнайы бақ сынасқан балалардың клубқа аса қызығушылықпен келетіндері байқалады. №24 мектептің оқушысы Жансая Меңдібаева аула клубына 7 шілдеден бастап келіпті.

– Бұл жақтан жаңа достар таптым. Қазір тоғызқұмалақтан сайысқа түсіп жатырмын. Кішкене күнімде ойнайтынмын. Әлі де ұмытпаппын. Мұнда барлығы қызық, – дейді ол.

Сайыстың қорытындысында Тургенев, Кутузов көшесіндегі аула алаңының балалары жүлдегер атанды. «Жас ұландықтар» белсене қатысқандары үшін марапатталды. Сайыс соңында балғындарға естелік сыйлықтар, тәтті сусындар берілді.

Лаура МҮЛКАМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button