Құқық

Құқықбұзушылық ұдайы өсіп келеді

Прокуратура

Өткен жұма күні Ақтөбе облысының прокуратурасында заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша облыс прокурорының жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті.

Кеңестің отырысына  қоғамдық кеңестің мүшелерімен бірге, облыстық  ішкі істер департаментінің басшылары, оның орынбасарлары, ішкі істер департаменті бөлімшелерінің бастықтары шақырылды. Отырыста «Қылмыстың алдын алу — баршаның және әркімнің ісі» өңірлік бағдарламасының іске асырылуы бойынша алынып жатқан шаралар туралы мәселе қаралды.

Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров кеңестің отырысын ашқан өзінің кіріспе сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстан — 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында мемлекет тәртіпсіздікке мүлде төзбеушілік принципін ұстануға тиісті екенін атап көрсеткенін алға тартты.

— Мемлекет басшысының айтқанындай, дамыған қоғамда барлық жерде тәртіп пен реттілік орнауға тиіс. Бұл істе ұсақ-түйек жоқ. Нағыз тәртіп – үй айналасынан, жинақы аулалардан, таза көшелерден және осы жасалған жағдайларға өздері жақын болып жүретін адамдардан басталады. Ұсақ бұзақылықтың,  мәдениетсіздіктің қандай түрімен де еш ымыраға келмеуіміз керек. Өйткені осылардың өзі қоғамның тыныштығын бұзады, өмірдің сапасын төмендетеді. Елбасымыздың ұсақ бұзақылыққа төзбеу ахуалын жасау — қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам деуі, жайдан-жай емес. Азаматтардың қоғамдық тыныштықты бұзатын кез келген тәртіпсіздікке мүлде төзбеуі — аса маңызды. Ол әрекеттер ұсақ бұзақылық, күл-қоқыстарды шашу сияқты түрде болуы мүмкін. Осындай бір қарағанда,  уақ-түйек сынды көрінетін  әрекеттер өрескел құқықбұзушылықтар жасауға негіз болуы мүмкін. Сондықтан мұндай қоғамдық жағымсыз көріністерге, Мемлекет басшысының міндеттеп отырғанындай, келіспеушілік реакциясы  қалыптасуы шарт. Осы мақсаттарды іске асыру үшін облыс прокуратурасы бұл жұмыстарға қоғамдық қауымдастықтарды, оның ішінде заңдылықты қамтамасыз ету мәселесі бойынша облыс прокурорының жанындағы қоғамдық кеңесті кең көлемде тартуды жоспарлап отыр. Кеңестің отырысының  қортындысы бойынша қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға байланысты құқық қорғау және жергілікті органдарға ұсыныстар енгізетін шешімдер әзірленеді, — деді облыс прокуроры.

Сондай-ақ, облыс прокуроры осы жиында соңғы бес жыл ішінде аймақтағы қылмыстылық жыл сайын өсіп отырғанын да ашық айтты. Тек өткен жылдың өзінде ғана алдындағы жылмен салыстырғанда қылмыс 50 пайызға артып отыр. Бұл ретте облыстың 10 мың тұрғынына шаққанда — 262 қылмыстан, ал Ақтөбе қаласында 364 қылмыстан келетіні жөнінде дерек келтірілді. Облыс прокуроры анықталған әкімшілік құқықбұзушылықтардың санының да ұдайы өсіп келе жатқанын айтты. Айталық, Ақтөбе облысы бойынша құқықтық-статистика және арнайы есепке алу басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, қоғамдық тәртіп және адамгершілікке нұқсан келтіретін құқықбұзушылықтар жасағаны үшін облыс бойынша өткен жылы 14 679 және үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 2 231 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мұның ішінде ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, алкогольдік ішімдік ішу және ішімдік ішкен мас күйінде қоғамдық орындарда болу, жекелеген қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салу тәртібін бұзу, кәмелет жасына толмағандардың үй-жайдан тыс жерлерде заңды өкілдерінің ілесуінсіз болуы сынды заң талаптарын бұзғандар бар.

— Егер шындығына келсек, бұл келтіріліп отырған статистикалық деректердің өзі де жасалынған ұсақ бұзақылықтардың айқын сипатын бере алмайды. Іс жүзінде олар бұдан да көбірек жасалады. Мұның себептері көп. Солардың бірі — осындай құқықбұзушылықтарға қарсы әрекеттермен айналысатын қызметкерлердің жетіспеушілігіне қатысты,  — деді облыс прокуроры.

Бүгінгі таңда облыс аумағында 185 мыңнан астам автокөлік құралдары қозғалыста жүр. Олардың 117 мыңнан артығы Ақтөбе қаласы бойынша тіркелген. Жол-патрульдік қызметті ішкі істер органдарының 500 қызметкері жүзеге асырады. Олардың күшімен осы жылдың алғашқы тоқсанында жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 11 мыңға жуық тұлға жауапқа тартылған. Ал өткен жыл бойы 94 мыңның үстінде тұлғаға шара алынған болатын. Осы мәліметтердің өзінен-ақ жол бойындағы жағдайдың қиындығын шамалауға болатын сияқты.

Кеңестің отырысында облыс прокуроры, облыстық ішкі істер департаменті басшылары, кеңес мүшелері ашық айтқандай, қоғамдық тәртіпті толық жолға қоюға келгенде құқық қорғау және жергілікті атқару органдарының күштері анық жеткіліксіз. Сондықтан бұл істі жүзеге асыру үшін заң орындарымен бірге, қоғамдық қауымдастықтар, оның ішінде облыс прокуроры жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері де жұмылуы керек.

Отырыс қорытындысы бойынша қоғамдық кеңес құқық қорғау және жергілікті атқару органдарына ұсыныстар енгізетін шешімдер әзірлемек.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button