Білім

Мемлекеттік бағдарлама: басты мақсат — педагог біліктілігін арттыру

«Жылына әрбір облыстың мектептеріне 600-700 жас мұғалім жұмысқа қабылдануы қажет». Бұл — «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» негізгі бағытының бірі. «Сонда ғана мектептерге жас буын келіп, жаңару процесі болады», — дейді Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Айман Дүйсенбаева. Оның айтуынша, қазір еліміздің мектептерін кадрлармен қамтамасыз етуде бірнеше проблема бар. Біріншісі — педагог мамандығының бәсекеге қабілеті төмен. Екіншісі — кадрлардың қартаюы. Республика бойынша 51 жастан асқан 60490 (20,7 пайыз) педагог бар. Үшіншісі — жоғары жалақы төлейтін салаларға жұмысқа ауысып жатқан мұғалімдердің үлесі көп. Жыл сайын 14-16 мың педагог басқа салаға кетеді. Төртіншісі — шағын жинақталған мектептерде 18 сағаттық оқу жүктемесінің болмауына байланысты жұмыстан кетіп жатқандар жетерлік.

Жақында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен үлкен жиында еліміздегі орта білім беру жүйесін кадрмен қамтамасыз етудің бүгінгі  жағдайы әңгіме өзегіне айналды.

 

Мұғалім мәртебесі қалай көтеріледі?

 

Білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету —   «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басымдықтарының бірі. 

Қазіргі заман талабына сай білім беру жүйесі оқушыларды дамытуға қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Тұлғаның толыққанды қалыптасуы үшін оның жеке ерекшеліктерін зерделеу, білімге деген қажеттілігін қанағаттандыру, шығармашылық мүмкіндігін ашу — бірінші кезектегі шаруа. Осыған байланысты білім беру процесіндегі педагогтің рөлі өзгереді. Бүгінгі мұғалім оқушыларға білім берумен қатар оқушылардың қабілетін, мүмкіндігін  жан-жақты дамытуға, даму ортасын қалыптастыруға ықпал ететін ұйымдастырушы болуы тиіс, — дейді Айман Тельманқызы. 

Республика бойынша 292 064 педагог бар. Оның 108 202-сі (32 пайыз) — қала мектептерінде еңбек етеді. Ауыл мұғалімдерінің үлесі — 183 862 (62 пайыз).

Білім беру сапасы педагогтің кәсіби дайындығы мен біліктілік деңгейіне тікелей байланысты. Педагог кадрлардың сапалық құрамына тоқталайық: 256 720 мұғалім — жоғары білімді. 444 мұғалімнің орта білімі бар. Республикамыздың жалпы білім беретін мектептерінде жоғары және бірінші санатты 138 031 (47, 3%) педагог жұмыс істейді. Санаты жоқтар 2012-2013 оқу жылымен салыстырғанда биылғы оқу жылында  1866 адамға азайды (71 767 педагог), — дейді министрлік өкілі. 

Педагогтердің саны биылғы оқу жылында 5694 адамға артыпты. Мұғалімдерге  сұраныс ең көп облыстар: Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау.

— Ел  Президенті — Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы  Жолдауында педагогтердің сапалық құрамын арттыру туралы тапсырма берді. Соған байланысты 2012 жылы наурыздың 30-ы күні Білім және ғылым министрлігінің «Үздік педагог атауын беру туралы» №394 қаулысы шықты.  Бұл конкурстың мұғалім мәртебесін көтеруде маңызы зор. Мысалы, былтыр үздік атанған 48 педагогтің әрқайсысына 1 миллион 730 мың теңгеден сыйақы берілді. 48 үздіктің көпшілігі (8-і) — Ақтөбе облысының  педагогтері. Бұған Ақтөбе облысында 2009 жылдан бері «Педагогикалық жетістіктердің конкурс-марафонының» ұйымдастырылуы септігін тигізгені анық, — дейді министрліктің бас сарапшысы.

 

Төрт мәселе

 

Білім беру мекемелерін кадрлармен қамтамасыз етуде бірнеше мәселе бар. Бұл туралы Айман Тельманқызы былай дейді:

Педагог мамандығы бәсекеге қабілетті емес. Кадрлардың қартаюы да — өзекті мәселе. Жыл сайын шамамен 14-16 мың педагог жалақысы жоғары салаларға жұмысқа ауысады. Шағын жинақталған мектептерде сағат санының аздығына байланысты мұғалімдер бұл білім шаңырақтарынан басқа мектептерге кетіп жатыр.

Еліміздегі 30 жасқа дейінгі мұғалімдердің саны — 70 844. 51 жастан жоғары 60 490 мұғалім бар. Зейнет жасында 6801 педагог жұмыс істейді.

«Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес, жыл сайын әр облыстың мектептеріне келген жас мамандардың үлесі 3,6 пайыз болуы тиіс. Бұл — еліміздің әр өңіріндегі мектептерге шамамен 600-700 маман жұмысқа қабылдануы керек деген сөз. Сонда ғана мектептерде жаңару процесі болады, — дейді Айман Дүйсенбаева. Оның айтуынша, орта білім беру саласында 2012-2013 оқу жылында 1914 магистр жұмыс істеген. Дегенмен, бір жылдың ішінде  олардың саны 733 адамға азайып кеткен.

 

Не істеу керек?

 

Проблемаларды шешу үшін не істеу керек? Бұл туралы Айман Дүйсенбаева былай дейді:

Мұғалімнің кәсіби өсуі үшін жағдай жасау керек.Біліктілігін  арттыру, санатын көтеру, аттестаттаудан өтуіне жағдай жасау, әдістемелік көмек көрсету, озық педагогикалық іс-тәжірибені тарату қажет. Бұл — бір.  

Екіншіден, министрлік тарапынан педагог қызметкердің  қоғамдағы имиджін

қалыптастыру қажет.

Үшіншіден, статистикалық мәліметтерді дұрыс жолға қою мақсатында биылғы жылы педагог кадрлармен жұмыс істейтін облыстық, аудандық, қалалық білім беру органдары мамандарының жұмысын жеңілдету мақсатында  Ұлттық білім беру деректер базасын құру керек. 

Төртіншіден, жас мамандарды мектептерге тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізген жөн.

Бесіншіден, педагог кадрлардың қызметін реттейтін нормативтік

құжаттарға өзгерістер енгізу керек.

 

Мұғалімдер 140 000 теңге алады!

 

Айман Тельманқызы өз сөзінде министрлік тарапынан  педагог  қызметкерлердің  қоғамдағы имиджін қалыптастыру, әлеуметтік қолдау көрсету бойынша көптеген іс-шаралар  атқарылып жатқанын әңгімеледі.  Жоспарға сәйкес, 2012-2016 жылдары 104 699 педагог курстан өтуі тиіс. Курстарды сәтті тапсырған мұғалімдердің  лауазымдық жалақысына 30 пайыздан 100 пайызға дейін көлемде үстемеақы қосылады. Жоспар жүзеге асса, педагогтердің жалақысы 140 000 теңгеге дейін өседі.

 Әлгінде мектептерге жұмысқа орналасқан магистрлардың саны азайып кеткенін айттым. Бұл мәселені шешуде министрлік тарапынан бірқатар іс-шаралар  атқарылды. Бұдан былай магистрлар мектепке келген жағдайда оларға санат 2-3 жыл еңбек еткен соң берілмейді. 2-ші санат жұмысқа қабылданғанда-ақ берілетін болады. Бұл туралы министрліктің 2013 жылғы желтоқсанның 27-сінде №512 бұйрығы шықты. Бұл өз кезегінде жастардың ауылдарда тұрақтауына сеп болады, — дейді Айман Тельманқызы.

 

 

Облыс мектептеріне 400 мұғалім керек

 

Облыс мектептерінің кадрлық әлеуеті туралы білмек ниетпен облыстық білім басқармасының әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы Шамшат Шалабаевамен сөйлескен едік.   

Облыстағы 435 мектепте 16434 педагог еңбек етеді. Олардың 6611-і — жоғары және І санатты мұғалімдер. 30-ға дейінгі мамандардың үлесі — 4356 болса, 51 жастан асқандардың саны — 3356.

Келесі оқу жылына 400-ге жуық маман керек. Нақтырақ тоқталсақ: 65  математик, 35  физик қажет. Сонымен қатар, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің 45 маманына, ағылшын тілінің  35  маманына, бастауыш сыныптардың 34 маманына, музыка пәнінің 20 маманына сұраныс бар, — дейді Шамшат Оңайқызы. Оның айтуынша, сұраныстың 80 пайызы — ауыл мектептері үшін қажет. Әсіресе, Хромтауға көп педагог (60) керек екен. Сондай-ақ, Қобда ауданына 43 мұғалім, Ырғыз бен Темірдің әрқайсысына 27 педагогтен қажет. Әйтеке би ауданына қажет мұғалімдерің саны — 25 болса, Алға 24 маманды жұмыспен қамтиды.

Ақтөбе қаласының мектептеріне 41 мұғалім керек. Оның 29-ы — орыс мектептері үшін қажет. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдері мен дене тәрбиесі пәнінің мамандарына сұраныс көп, — дейді Шамшат Шалабаева.

Айта кету керек, бұл жұмыс орындары алдымен ауыл квотасы бойынша жоғары оқу орнын бітірген түлектерге ұсынылады. Сонымен қатар, мемлекеттік грант иегерлері жұмыспен қамтылады. Содан кейінгі кезекте  ақылы бөлімдерді бітірген түлектер жұмысқа тартылады.

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.      

 

 

 

 

  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button