Білім

Дуальдік оқыту жүйесі: германдық үлгі енгізіле ме?

Кеше облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова біздің өңірге іссапармен келген  Германия делегациясымен кездесті.

Кездесуге қатысқан делегация құрамында «Консалтинг» фирмасының бас директоры Вельт Йохен,  Кюртен қалалық кеңесінің депутаты Вайц Вальдемар, Германиядағы Ресей немістерінің студенттік жастар қанаты төрағасының орынбасары Владимир Бриль , «Возрождение» Қазақстандағы немістер ассоциациясының төрағасы Александр Дедерер,  Ресей немістерінің студенттік жастар одағы басқармасының мүшесі Алексей Швачко, «Өңіраралық даму қауымдастығы» жобасының басшысы Ольга Штейн болды.

Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сара Қайыржанқызы елімізде қазақ-герман сауда-экономикалық ынымақтастығы артып келе жатқанын, оның бір дәлелі жақында, наурыз айының басында Берлинде өткен қазақ-герман іскерлік кеңесінің 6-шы мәжілісінде екі тарап қазақстандық экономиканы модернизациялау және индустрияландыруға мүмкіндік беретін көптеген жобаны бірлесіп жүзеге асыруға келіскендігін айтты.   

Жиын барысында «Возрождение» Қазақстандағы немістер ассоциациясының төрағасы Александр Дедерер кәсіптік-техникалық колледждерде дуальдік оқытудың германдық үлгісін  үйретуде көмек көрсететіндіктерін жеткізді.

Өз кезегінде Сара Нұрқатова біздің еліміздегі кәсіптік білім беретін оқу орындарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен дуальдік оқыту әдісі енгізіліп жатқанын, облыстағы кейбір колледждердің бұл жүйеге көшкенін айтты. Сара Қайыржанқызы меймандардың ұсынысын қуана құптады. Жақында Хромтау тау-кен техникалық колледжіне дуальдік  оқыту әдісінің германдық үлгісі енгізілуі мүмкін.

Жұмыс сапары аясында делегация мүшелері Ақтөбе қаласындағы №11 мектеп-гимназияда, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде кездесулер өткізді.

 

 Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button