Ресми

Парасатқа көмек керек!

Парасат Байжанов биыл 14-ке толады. Мектепке барғанша қаны аз деген диагнозбен есепте тұрған бүлдіршіннің 4-сыныпта оқып жүргенде денсаулығы күрт нашарлайды. Жағдайы күннен күнге нашарлап, Шалқардан Ақтөбеге алып келгенде оның гемоглобин мөлшері жиырманың үстінде болған.

Облыстық балалар ауруханасы диагнозын қоя алмады, мүмкін, мені шошытқысы келмеген болар… Бала әлсірей берді, құлағы естімеді, аяғынан әл кетті. Сөйтіп, Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығынан бір-ақ шықтық. Орталық дәрігерлері «қан рагы» деді. Орысша толық атауы — «острый миелобластный лейкоз». Бұл орталықта 9 ай бойы ең ауыр препараттар мен химиялық терапия емдерін қабылдады. Ауру миға тараған екен. Туған топырағына өз аяғымен жүріп қайтқанымен, қан құю кезінде гепатит С ауруын жұқтырып алғаны да жығылған үстіне  жұдырық болды. Бір аурудың үстіне екінші ауруды жамап келген Парасаттың жағдайы бұрынғыдан да жауапкершілікті арттыра түсті. Содан бері емханадан шықпаймыз, балаға күніне бірнеше мезгіл дәрі беремін. Жылына төрт мезгіл химиялық терапия қабылдау үшін Алматыдағы ғылыми орталыққа барып тұруымыз қажет. Жол шығындарын, пәтерақыны өзіміз көтереміз. Жұмыс жасамаймын, тек баланың жәрдемақысын өзіне жинап қоямын. Бұдан басқа бір қызым бар. Ол әлі кішкентай. Балаларымның амандығын тілеймін. Кім мені осы тығырықтан алып шығар екен? Ажырасқанмын. Алимент алмаймын, — дейді анасы Мира Аяпова ақтарылып.

Олар бір бөлмелі пәтерді 40 мың теңгеге жалдап отыр. Парасаттың жәрдемақысы мен өзінің күтуші ретінде алатын ақшаға ғана күнелтіп отырған отбасыға пәтерақы, дәрі-дәрмек ақшасы қиын соғары анық.

Алып жатқан емі ауыр, күрделі, үздіксіз. Сондықтан Парасатқа құнарлы тамақтар жеп, ағзасын қуаттандырып отыруымыз қажет. Қан құрамында ақ түйіршіктердің көбейіп кетпеуін реттеп отыратын химиялық препаратты да өз қаражатымызға сатып алып отырмыз. Әрі қызым ақылы бақшаға барады. Әрі біз  осы айда Алматыға емге барайын деп отырмыз. Жаны жайсаң. Жүрегі ізгі жандардан көмек сұраймын. Көмек қолын созсаңыздар екен, — дейді ана шырылдап.

Парасат туралы біз газетіміздің 2012 жылы 15 наурызында «Аналар үміті» деген мақала жазған болатынбыз. Баланың жағдайы әлі де мәз емес. Құнарлы тамақ пен тиімді емді жалғастыруды қажет етеді.

Сырқат балаға көмек қолын созам деушілер табылып қалар деген үмітпен Мира Аяпованың атына ашылған есепшотты қоса көрсетуді жөн санап отырмыз:

Аяпова Мира Багиндиковна

«Қазақстан Халық банкінен» ашқан есепшот №KZ126010002003295520.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button