Экономика

Банктердің базары тарқамай ма?

Екінші деңгейдегі банктер ұлттық қордан бөлінген қаражатты игеруге немесе халыққа несие ретінде таратуға неліктен құлықты емес? Кезінде тұтынушылық несиені екі-үш құжат сұратып-ақ таратқан бұл қаржы мекемелері қазір өз қарыздарын қайтара алмай әбігерленіп жүр. Сонда ұтқан кім, ұтылған кім?

«Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі» ММ Ақтөбе облыстық филиалы маманымен тілдескенімізде, көптеген мәселелердің беті ашылды. Экономикалық талдау және статистика бөлімінің бастығы Перизат Әсімбетованың айтуынша, жыл басынан бері-ақ тұрғындардың банк алдындағы мерзімі өткен несиелерінің көлемі біршама өскен. Тек облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың жіті бақылауға алуынан ғана бұл мәселе насырға шаппай тұрған сыңайлы. Сонымен, талдау жасап, сұхбаттасушымыздың пікірін оқып көрелік.

– Бүгінгі таңда облысымызда екінші деңгейдегі банктердің 16 филиалы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар «Қазақстан Халық банкінің» алты бірдей басқармасы тағы бар. Сол филиалдардың жүзден аса бөлімшелері де әрекет етуде.

Қазір әлемдегі дағдарысқа қарамастан банктер несиелендіруді тоқтатқан жоқ, – деп бастады әңгімесін Перизат Шәкәрімқызы. – Бірақ былтырғы, бұрнағы жылдармен салыстырғанда несиелендіру деңгейі өте төмен. Нақтырақ айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда берілген несиелердің көлемі 18 миллиард теңгеге немесе 31,1 пайызға азайып кетті. Жыл басынан бері заңды және жеке тұлғаларға облысымызда 40 миллиард теңгеге жуық несие берілген. Бұл экономикамыздың дамуына қосылып отырған қомақты үлес екені даусыз. Яғни шағын және орта бизнес, ірі бизнес және тұрғылықты халық осынша қаражатқа қол жеткізді.

Алмақтың да салмағы бар…

– Алған несиелерін қайтара алмаушылардың да зарын естіп жүрміз.

– Осы мезгілде алған несиесін уақытында өтей алмаушылар қатары да көбейіп келе жатқандығы рас. Берілген және өтелген несиелерді есептегенде банктердің алдындағы берешек бүгінгі күнге 168,8 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде шағын бизнес өкілдерінің үлесі 23,2 пайызды құрайды немесе 39,1 миллиард теңге. Сондай-ақ, мерзімі өткен берешектер жыл басындағы 4,1 миллиард теңгеден 9,3 миллиардқа жетті. Бірінші маусымдағы деректерді саралай келе ондайлардың екі жарым есеге көбейгендігін аңғарамыз. Оның жауабы неде? Жалпы, өмірдегі қиыншылықтар кәсіпкерлерге де, тұрғындарға да әсер етпей қоймады. Көпшілік кәсіпкерлер өнім өндіруден бұрын алыпсатарлықты көздегендіктен, сырттан қымбатқа әкелген өнімді ішкі нарықта өткізе алмай тоқырап қалғаны шындық. Оның үстіне, көпшілігі несиені пайыздық үстемесіне қарамай-ақ алып тастап, қазір соның зардабын тартып жатыр. Өмір ақиқаты – осы. Мерзімі өткен несиелердің жартысына жуығы жеке тұлғаларға тиесілі. Төлей алмай отырғандардың дені – кезінде тұтыну несиесін алғандар. Кезінде банктер өз бөлімшелерін айтпағанда, сауда орындарында орналасып, қаржыны екі-үш құжат бойынша оңды-солды таратқанын білеміз. Тіпті, уақытында кепілсіз несиенің жарнамасынан көп жарнама болған емес. Теледидар түгілі автокөлік алу үшін жеке куәлігіңнің, үй кітабының көшірмесін тапсырып, кепіл рәсімдемей-ақ несие алатын күндер болып еді. Енді банктер қысылтаяң шақ туғанда несиелерін қайтара алмайтын клиенттеріне шара қолдана алмай әуре. Кепіл болмаған соң талапты қайдан қойсын? Сондықтан да проблемалық несие бөлімшелерін ашып, клиенттерін іздеп, қалай да қаржыларын қайтарудың қамымен жүр. Демек, берешектер ішінде тұтынушылық несиенің үлесінің көп болуы – заңдылық. Өйткені ипотекалық несие бойынша борышкерлердің аз екендігі соған тағы дәлел. Екінің бірі басындағы баспанасынан айырылып қалмау үшін қалай да қаржы көздерін табуға тырысатындықтары анық. Осы санаттағы борыштың көлемі 220 миллион теңге ғана. Миллиард пен миллионның айырмасын мектеп оқушысы да біледі емес пе… Егер бір адамның өзі бірнеше миллион теңге алатындығын ескерер болсақ, бұл көрсеткіш көптік етпейді.

– Сонда қысылтаяң сәтте жерлестеріміздің қолтығынан демейтін ешкім жоқ па?

– Бар. Мерзімі өткен несиелердің көп болмауына Үкімет немесе Қаржылық бақылау агенттігі мен «Ұлттық банк» емес, алдымен облыс басшыларының бейтарап еместігі қуантады. Жергілікті билік банктермен қоян-қолтық жұмыс жасап, халықтың мүддесіне сай келетін қыруар шаруа тындырып жатыр. Әсіресе, облыс әкімі Елеусін Сағындықов банкирлерді жиі-жиі жинап, негізгі мәліметтерді ұдайы екшеп отыр.

Пайда мен пайыз

– «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан бөлінген қаражаттың игерілмей жатқандығы жер-жерлерде жиі айтылатындығы неліктен?

– Әрине, бүгінгі өзекті мәселелердің маңыздысы – сол қаражатты игеру. Менің ойымша, қордан биыл бөлінген қаражат кім-кімге де үлкен көмек болып отыр. Сол қаражатты біздің банктердің мақсатты түрде жұмсауы, игерілуі – басты мәселе.

Әрине, жергілікті екінші деңгейдегі банктердің өз беттерімен шешім шығаруға шамалары жоқ, барлығын бас орталықтары шешеді.

Бүгінгі күні облыстық банктердің мәліметтеріне сүйенсек, «Самұрық-Қазына» қорының үшінші траншы бойынша біздің облысымыздағы филиалдарда жыл басынан бері 184 несие алушыдан сұраныс қабылданды. Оның сомасы – 8 миллиард 200 миллион теңге. Нәтижесінде шағын бизнес өкілдерінің бұл өтініштерінің 169-ы қанағаттандырылып, жергілікті кәсіпкерлер 7 миллиард 561,9 миллион теңге алды. Қор қаржы бөлерде несие алушыларды екі санатқа бөлді емес пе?! Біріншісі шағын бизнес болса, екіншісі – ипотекалық несие алғандар. Алғашқысы бойынша бұрынғы пайыздық үстемесі жоғары несиелерін жауып, қайта қаржыландырылғандар да кездеседі.

Ал жеке тұлғаларға келер болсақ, арзандатылған ипотекалық несие алуға облысымыздан 2504 адамнан 16 миллиард теңгеге өтініш қабылданып, 216 адамның сұранысы қанағаттандырылған жоқ. Қалғанына 4 миллиард 301 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар Үкімет тапсырмасымен «Альянс банк» 41 студентке 4,6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берді.

Айта кетерлігі, облысымыздағы филиалдардың үш-төртеуі болмаса, қалғандарының жұмысы бұл тұрғыда түзу. Қаржының игерілуін қазір әкімшілікпен бірлесе қадағалап отырған жайымыз бар. Әрине, үшінші траншпен бөлінген қаражатты игеру мерзімінің 1 қазанға дейін, ал өтініш берудің 1 тамызға дейін ұзартылуы кім-кімге болса да көмек екені даусыз. Өйткені қаражат толық игерілмей жатыр.

– Мүмкін, банктердің төменгі пайызбен берілетін несиені тұрғындарға бермеуінде бір сыр шығар?

– Қазір айтар жауабыма банк басшылары ренжитін болар. Дегенмен ресми құжаттар бойынша «Самұрық-Қазынадан» түскен қаржы бар. Оған қоса банктердің өз капиталы бар емес пе? Ал қаржы мекемелеріне өз қаржыларымен несиелендіру пайдалы. Қаржының игерілмеуі – осының салдары. Тарқатып айтар болсам, мемлекеттік қордан түскен ақшаны алып, азғантай пайда көргенше, өз қаражатын пәленбай пайызға беру әлдеқайда тиімді екенін олар біледі. Бірақ банктердің күнкөріс көзі де осы ғой. Бұл мәселені облыс әкімі өз қолына алып, бірлесе талдау жүргізгенімізде анықтағанымыз, банктер несиені шағын бизнесті дамытуға өз қаражаттарынан көбірек береді екен.

Судың да сұрауы бар

– Мемлекеттік қордан бөлінген қаражат мақсатсыз жұмсалған кездер кездескен жоқ па?

– Жақында ғана әл-ауқат қорынан қаражат алған банктерде үлкен тексеріс жүргізілгендігі белгілі. Соның нәтижесінде ондай былықтардың болғаны рас. Мысалы, кейбір банктерде ипотекалық несиеге бөлінген қаражат тұтынушылық несие ретінде таратылған. Шағын бизнестің үлесі ірі бизнестің уысында кеткен. Мен облысымыздағы филиалдардың жұмысын мақтамаймын да, жамандағым да келмейді, алайда олардың несие бөлуге құзырлары жоқ. Демек, барлық кілтипан бас кеңселерінде болуы әбден ықтимал. Бірақ біздегілері құжаттарды мінсіз тексеруі керек еді. Осыған байланысты банктерге шара қолданылады деп ойлаймын.

– Қазір банктерде ылғи жас мамандар өріп жүр. Мейлі ғой, бірақ олардың арасында белгілі бір орынға тұрақтаушылар аз деп естиміз. Қаншалықты шындыққа сай?

– «Ұлттық банктің» облыстық филиалы қызметкерлерінің орташа жасы қырықтан асады. Ал екінші деңгейдегі банктерде жас мамандардың көп екенін білемін. Қазір банкирлерді даярлайтын білім ошақтары да көп. Әрине, жастардың бірі келіп, бірі кетіп жатқасын, қателіктердің де көп болуы ғажап емес. Үйреткен маманың тұрақтамаса қайтесің? Жұмыс ауыр. Алайда біздегі банктердің басшылық құрамы білікті қаржыгерлер, экономистер екендігіне сөз жоқ.

Әңгімелескен Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button