Жаңалықтар

Әлия — көктем ханшайымы

Достық үйінде  Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен «Көктем ханшайымы — 2014» байқауы өтті. Шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. 

Байқауға қатысуға қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан отыз ару ниет білдірсе, іріктеу кезеңіне14 үміткер таңдап алынды.

Сайысқа қатысқан арулардың барлығы тыңғылықты дайындалыпты. Байқаудың «Қазағымның қазынасы», «Зерделінің ойы озық», «Қиялдан туған ғажайып!», «Арулардың сиқырлы биі», «Мен — ару, мен — ана, мен әйелмін» атты  шарттарында қатысушылар ұшқыр ой, ұтымды пікірлерімен көпшіліктің көңілінен шығып, өз шеберліктерін көрсетті.

Байқауға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мекемесінің  басшысы Маржан Қорғанбаева, «Самұрық» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Ләззат Мұхаммедалина, «Бриллиант» сән агенттігінің жетекшісі Азамат Ещанов, «Айгерім» клиникасының директоры Ескендір Назарбаев қазылық етті. Қазылар алқасы арулардың пайымы мен парасатына, ақылы мен зеректігіне, сын-сымбатына баға берді.

Байқау шарттарынан сүрінбей өткен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенті  Әлия Әшім «Көктем ханшайымы — 2014» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ, белсенді қатысқан аруларға «Парасатты ару», «Көрермен көзайымы», «Өнерлі ару» номинациялары берілді. Жеңімпаздар қала әкімдігінің арнайы дайындаған ақшалай сыйақысы және  дипломымен марапатталды. Сондай-ақ, «Твое» киім дүкені, «Мэри Кэй» компаниясының өкілдері жеңімпаздарға сый-сыяпаттар табыс етті.

 

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button