Денсаулық

Скринингтен өтіңіз!

Ақтөбе облыстық клиникалық-диагностикалық орталығында тұрғындарды скринингтен өткізуге байланысты жиын өтті. Шараға қаладағы емдеу мекемелерінің дәрігерлері қатысты.

Елімізде 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында скринингтік зерттеулерге ерекше басымдық беріліп отыр. Аталған тексеру түрі 2008 жылдан бастап қолға алына бастады. Скрининг адам бойындағы онкологиялық, қан алмасу жүйесінің ауруларын, балалар арасындағы В және С гепатиттері, ересектер арасында қант диабеті және глаукома секілді ауруларды  ерте сатысында анықтауға, жүйелі ем қабылдауға  мүмкіндік береді. Мәселен, биыл 25, 30, 35, 40, 42, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64 жастағы ерлер мен әйелдер скринингтен өтуі тиіс. Олар қандағы глюкозаны және холестерин мөлшерін анықтау үшін тексеріледі және электрокардиография жасатып, кардиолог, эндокринолог мамандардың қабылдауында болады. Сондай-ақ, жас ерекшеліктеріне байланысты әйелдер жатыр мойны және сүт безін тексертеді.  Скрининг жасындағы ер және әйел адамдар тоқ ішек, ас қорыту жүйесі, простатит аурулары бойынша да тексеруден өтеді. Аталған тексеру жүйесі ақысыз түрде жүзеге асады. Қазір ақпараттық парақшалар емдеу мекемелерінен бөлек, тұрғындар жиі баратын қоғамдық орындарда ілулі тұр. Емханалар скрининг жасындағы азаматтарды арнайы шақырады.

Жиында дәрігерлер өңеш, асқазан, бауыр, қуықасты безі обырын анықтауға арналған скринингтік тексеру туралы пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Ақтөбе облыстық клиникалық-диагностикалық орталығы директорының орынбасары А. Иманбаева «Бауыр обырын ерте анықтау скринингі», ал осы орталықтың менеджері А.Әлдешов «Қуықасты безі обырын ерте анықтау скринингі» тақырыптарында баяндама жасады.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button