Денсаулық

Тегін тексеріліңіз, аурудың алдын аласыз!

Скринингтіктексеру ауруды алдын ала анықтауға, асқындырмауға және жүйелі ем қабылдауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бұл жүйе Еуропа елдерінде өз нәтижесін беріп отыр. Біздің елде скринингтік тексерулер 2002 жылдан бастап қолға алынды.Осы жайында біз облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Дәмеш Қайдаровамен әңгімелескен едік.

 

    Әңгімемізді «скрининг» сөзінің нені білдіретінінен бастасақ. Соны түсіндіріп беріңізші?

    «Скрининг» термині ағылшын тілінің «screening» сөзінен шыққан,  «сұрыптау», «елеу» деген мағынаны білдіреді. Дегенмен, «скрининг» сөзінің басқа да «Қамқорлық», «Белгілі бір жағымсыз нарселерден қорғау» деген түсініктегі аудармалары да бар. Аталған ұғымдар медициналық «скринингтік тексерулер» терминінің негізі болып табылады. «Скрининг»  деп ауруды ерте сатысында анықтау үшін,  тіпті аурудың ешбір белгісі жоқ кезінде, алдын ала медициналық тексеруден өтуді айтамыз. Скринингтік бағдарламалар — еліміздегі денсаулық сақтаудың немесе белгілі бір аймақтың  проблемасы болып табылатын аурудың  өлімге шалдықтыратын  түрлерін ескере отырып, мақсатты түрде жүзеге асырылуы тиіс. Нақтырақ айтқанда, скрининг — бұл ауруларды немесе қауіпті факторларды ерте сатысында анықтау үшін белгілі бір жастағы сау тұлғаларды алдын ала медициналық  тексеруден өткізу. Бұл шаралар емдеу тиімділігін арттыруға және асқынудың алдын алуға мүмкіндік  береді.

    Қазақстанда Ұлттық  скринингтік бағдарлама қашаннан бастап енгізіле бастады?

    Ұлттық скринингтік бағдарлама балалар және ересектер арасында 2008 жылдан бастап жүзеге асырылады. Елімізде 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бар. Аталмыш жоба алдын алу шаралары, скринингтік тексерулер, ауруды анықтаудың әдіс- жолдарын жетілдіру, негізгі әлеуметтік маңызы зор ауруларды емдеу және оңалту мәселелеріне аса назар аударады. Бағдарлама аясында скрининг бағдарламасын енгізу және одан әрі дамытуға байланысты қаржы  бөлінуде. Біздің облысымызда 2008 жылдан бастап енгізілді.

    Аталған скринигтік тексерулерді қандай емханаларда өтуге болады?

    Ақтөбеліктер қалалық №1, №2, №3, №4 емханаларында өздерінің учаскелік медбикелерінен сұрап, жастарына сай скринингтік тексерулерден өтулеріне болады. Облыстық клиникалық диагностикалық орталық пен тұрғылықты мекен бойынша бекітілген облыстық орталық емханаларында да тексеріле аласыздар. Қала және аудан емханаларында скринингтік тексерулер өткізу үшін алдын алу және психологиялық әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері ашылды. Аталған емханаларда тұрғындар дәрігерге дейінгі кабинеттен кезексіз өте алады. Ол жерде маман пациенттің артериалды қан қысымын, көз ішіндегі қан қысымын, бой-салмағын өлшеп, артық мөлшерін анықтап, зиянды әрекеттердің ағзаға деген қаупі туралы ақпарат айтады. Аталған зиянды әрекеттердің біреуі қаралушыда болса, онда оған «Денсаулық тобы», «Темекіге қарсы кабинеттерде», «Бала және ана кабинетінде» сауықтыру шаралары және салауатты өмір салтын ұстану турасында жұмыстар жүргізіледі.

    Скринигтік тексерулер қандай ауруларды анықтауға бағытталған?

    Скринигтік тексерулер адам бойындағы онкопатология, қан алмасу жүйесінің ауруларын, есту мүшелерінің аурулары, балалар арасындағы В және С гепатиттері, ересектер арасында қант диабеті және глаукома секілді ауруларды  ерте сатысында анықтауға бағытталған.

    Биылғы жаңалық қандай?

    Ал биылдан бастап колоректальді қатерлі ісігі, қуық асты безінің, бауыр, асқазан, өңештің қатерлі ісіктерін ерте сатыда анықтауға негізделген скринингтер өз жұмысын бастады.

    Аталған тексерілу кезінде қандай жұмыстар жүргізіледі, сол жөнінде толығырақ айтып беріңізші?

    Скрининг барысында антропометриялық өлшемдер (бойы, дене салмағы, бел ауқымы) алынып, артериалдық қысым өлшенеді. 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68,70 жастағылар үшін  көздің қан қысымын өлшейді. 25, 30, 35, 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64 жастағы адамдардың қанындағы глюкоза және холестерин мөлшерін анықтайды,  көрсеткіштері бойынша электрокардиография, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог дәрігерлердің тексерулерінен өтуі қажет. Бұл тексерулер ерте сатыда жүрек-қан тамыры ауруларын, қант диабеті, глаукома және оның қауіпті факторларын, сонымен қатар, гепатит сияқты ауруларды  анықтау және де күрделі асқынған инсульт, инфаркт, соқырлық, бауырдың церроз, қатерлі ісіктер секілді аурулардың алдын алуға, сонымен қатар, солар жөнінде алдын ала ескертудің өзі өте тиімді болып отыр.

    Қатерлі ісіктің пайда болуына шалдықтыратын патологиялық өзгерістерді жою үшін адам қандай әрекет жасауы тиіс?

    Патологиялық өзгерістерді жою үшін, сонымен бірге, ерте сатысында ісіктерді анықтау үшін 30, 35, 40, 45, 50, 55, 60 жастағы әйелдер жатыр мойнындағы сүртінділерге цитологиялық зерттеу, сондай-ақ, акушер-гинеколог дәрігерінің көрсеткіш бойынша кольпоскопия жасату тәрізді тексерілулерінен өтуі тиіс. Сонымен қатар, 50, 52, 54, 56, 58  және 60 жастағы әйелдер сүт бездеріне рентген жасатып (маммография), маммолог, онколог мамандарына қаралулары міндетті. 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68 және 70 жастағы адамдар тоқ ішек ауруларын ерте анықтау үшін қан, нәжісті жасырын тексеруден өткізіп, хирург, проктолог, гастроэнтеролог дәрігерлері мен тоқ ішекке эндоскопиялық зерттеу жүргізу көрсеткіші бойынша тексерулер жүргізіледі. 50, 54, 58, 62, 66 жас шамасындағы ерлер үшін простатит бойынша спецификалық антигенге қан тапсырып, уролог маманына қаралу, көрсеткіш бойынша ультрадыбыстық зерттеуден және биопсиядан өту міндетті. 50, 52, 54, 56, 58 және 60 жас шамасындағы ерлер және әйелдер үшін ас қорыту жүйесі мен асқазанды эндоскопиялық зерттеу (эзофагогастроскопия) және көрсеткіштер бойынша гастроэнтеролог, онколог мамандарына қаралу көзделеді. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы жыл сайынғы медициналық алдын алу тексерілулерінен өтуі, ал балалар дәрігер-педиатрларға қаралуы тиіс. Басқа да дәрігерлердің қабылдауында болып, қан және несеп зерттеулерін тапсырып, аспаптық тексерулерден өткендері абзал. Сонымен бірге, ересек адамдар дәрігер-терапевтке міндетті түрде тексеріліп тұруы қажет. Әйелдер гинекологиялық және кеуденің флюорографиялық тексеруінен өтіп, қан мен несеп тапсырып, көрсеткіштері бойынша басқа да дәрігерлердің тексерулерінен өтуі қажет.

    Скринингтік тексерулер ақылы ма?

    Біздің елде халықтың скринингтік тексерулері тегін жүргізіледі. Себебі, кепілді медициналық көмек тізбесіне кіреді. Сондықтан тексерілу ақысын мемлекет төлейді. Тағы да қайталап айтайын, скрининг тұрғынның тіркелген медициналық мекемесінде өткізіледі.

    Диспансерлік тіркеуде тұрған емделушілер не істеулері қажет?

    Егер де емделуші диспансерлік тіркеуде тұрған жағдайда және онда созылмалы ауру анықталса, жақын арада өз дәрігеріне қаралып, нұсқауларын орындауы тиіс.

    Скринингтік тексерулер жүргізіліп жатқандығы туралы халық үшін қандай ақпараттандыру-түсініктеме жұмыстары жүргізіледі?

    Халықты ақпараттандыру мақсатында «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында үнемі бейнероликтер көрсетіледі, ал скринингтік тексеруге шақыртуды «Ақтөбе радиосында» күніне 3 рет тыңдай аласыздар: сағат 8.00-ден 9.00-ге дейін, 12.00-ден 13.00-ге дейін және 18.00-ден 19.00-ге дейін. Қаланың орталық Әлия Молдағұлова даңғылы мен ағайынды Жұбановтар көшесінде скринингке қатысты билбордтар орналасқан. Қалалық емханалар мен ірі стационарларда  ақпараттық мәліметтерге толы терминалдар орнатылды. Аялдамалар мен сауда үйлерінде, автовокзалда, темір жол вокзалында, әуежайда, жалпы білім беретін мектептерде, мектепке дейінгі балалар ұйымдарында, оқу орындарында 5 мыңға жуық плакаттар ілінді. Барлығы 3329 парақшалар, 2500 бүктемелер таратылып, «Қазақтелеком» компаниясы арқылы арнайы қоңырау шалу арқылы шақыртулар ұйымдастырылды. Осыған орай 30 мыңнан астам абонент скринингтік тексерулер туралы ақпарат ала алады. СМС арқылы 50 мыңнан астам абонент, коммуналдық қызмет түбіртектері арқылы 30 мыңнан астам абонент хабардар етілді. Әуе және темір жол көліктерін пайдаланатын тұрғындар үшін билетке қосымша ретінде скринингтік тексеруге  шақырту қағаздарын ала алады. Аудан бойынша бекітілген дәрігерлер мен медбикелер емделушілердің скринингтік тексерулерден қай уақытта кезексіз өтетіндігі жөнінде аймақтық ұсыныстарды алдын ала тарататын болады.

    Балалар қай жастан бастап скринингтік тексеруден өтуі тиіс?

    Жаңа туған баладан 17 жастағылар үшін ерте сатыда ауруларды анықтауға бағытталған қосымша скринингтік тексерулер өткізіледі.

Сұхбаттасқан Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button