«Ақтөбе»-90

Ол бір күрделі кезең еді…

«Ақтөбе-90»

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарын бүгінде бұлғақ заман, аласапыран уақыт, қылмыспен ақша табу кезеңі деп атап жүрміз. Қазір қарап отырсақ, шынында да солай болғаны рас екен. Бірақ әркім үшін де күнделікті шешілуге тиіс проблемалар жеткілікті болғандықтан, біз оны сол кезде сезінген жоқпыз.

Менің 1992 жылы облыстық «Ақтөбе» газетіне редактор болып тағайындалуым, міне, осы уақытқа сәйкес келді. Қайта құру, жеделдете даму, жариялылық, демократия деген ұғымдардың шарықтап тұрған кезі… Басшыларды сайлау деген шығып, ол науқанды біздің редакция да бастан кешті.  Демократияның да «салқыны тиіп», бір топ әріптестеріміз редакторды жаңартуды ұсынды. Осыған байланысты талай айтыс-тартыстар бастан өтті… Қысқасы, қазіргі тілмен айтқанда, «іш пысуға, зерігуге» уақыт болған жоқ.

Ал газетті шығару жайына келсек, бұл ретте де көптеген қиындықтарды өткеруге тура келді. Проблема дегенің күн сайын туындап жататын. Біріншіден, қаржы мәселесін шешу оңайға түскен жоқ. Кеңестік ортақ ақша ай сайын құнсызданып, бара-бара бағасы болмай қалды. Бір жылдан кейін айналысқа енген теңгеміздің жағдайы да инфляция салмағын көтере алмай мүшкілдене түсті.

Екіншіден, газет басатын қағаз табу мәселесі бірнеше рет тығырыққа тіреді. Ақыр соңы облыстық «Актюбинский вестник» газетімен бірлесіп, қағаз шығаратын Соликамск қаласына шабарман жіберуге мәжбүр болдық.

Сол бір қиын-қыстау кезеңде облыс басшылығы тарапынан көрсетілген көмек пен қамқорлықты ерекше айтпай кетуге болмайды. Кейбір аймақтардағыдай, өз күндеріңді өздерің көріңдер деген пиғыл болған жоқ. Облыстық кеңес, одан кейінгі облыстық әкімдік басшылары жағдайды бақылауда ұстап, әсіресе, қаржы жағынан қол ұшын беруді ұмытпады.

Осыған байланысты мынадай бір көріністі еске түсіре кетсем артық болмас деп ойлаймын. Жоғарыда айтқандай, қаражат мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Оны шешу үшін облыстық қаржы басқармасына жиі-жиі баруға тура келетін. Оның бастығы Ғани Бурин деген ағамыз еді. Өз ісін мықты білетін тәжірибелі қаржыгер, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін дипломат кісі. Барған сайын әуелі облыстағы қаржы жағдайын ерінбестен түсіндіреді. «Әйтпесе, сендер журналистер, тік кетесіңдер, сынауға дайын тұрасыңдар, сондықтан біліп отырыңдар» деп қулана күлімсірейді.

Сол кезеңде елдегі жағдай қаншама қиын болса да, облыстағы Ақтөбе ферроқорытпа, хром қосындылары зауыттары, Дөң кен байыту комбинаты сияқты ірі кәсіпорындар ойдағыдай жұмыс істеп тұрды, шетелдерге өнім шығарылып жатты. Дегенмен, әрбір тиын есепте болатын. Ал білім, медицина, мәдениет дегендерге қашаннан да қаражат ең соңынан және сығымдап бөлінетіндігі мәлім. Облыстық қаржы басқармасына жиі барғандағы шаруам — сол қаржыны көпке создырмай алып қалу.

Кейде кәсіпорындардан түсуге тиісті алым-салық әртүрлі себептермен  кешігіп жатады, тіпті айға созылып кететін де кезі болады. Ондайда Ғани ағамызға тыным бермейміз,   күн сайын қайта-қайта телефон шалып немесе кабинетіне келіп (кеңсеміз бір ғимаратта) мазасын аламыз.

Бара-бара ол да қулыққа көшуге айналды. «Сендерге ақша бөлу мәселесімен енді орынбасарым Райса Абашева  айналысатын болды, соған барыңдар» деп шығарып салады. Ол кезде Райса қарындасымыз жалындап тұрған жігерлі жас, бұл лауазымға келгеніне көп болмаса да мықты деген атағы шығып қалған. Кейбіреулер: «айтқанынан қайтпайтын қасарысқан қыз, абайламасаңдар құр қол қаласыңдар» деп қорқытып та қояды. Жігерлі мінезінің  арқасында ол кейін еліміздің Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа түсіп, бірнеше үміткерді шаң қаптырып, депутат атанды.

Шынында да алғашқыда онымен әңгімеміз жараспай  қалып жүрді. Әрине, ақша жүрген жер жақсы ат бермесі белгілі — қаражат бәріне де қажет. Дегенмен, жүре келе онымен арақатынасымыз да жөнге келіп, түсінісетін болдық.Сөйтіп, мәселелер шешіліп жатты.

Бір қызығы, кейде бөлінген қаржының өзін банктен ала алмай, едәуір әбігерге қалатынбыз. Абырой болғанда, бізге қызмет көрсететін банктің басқарушысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Головко деген кісінің әйелі екен. Анатолий Николаевич менмендігі жоқ қарапайым жігіт еді. Соған айтып, әйеліне қоңырау шалғызып, бұл тығырықтан да  шығып жүрдік.

Осындай қиындықтар газет қызметкерлерін ешқандай мойыта алған жоқ, қайта алға қарай құлшындыра түсті. Еркіндік қолға тигеннен кейін жігіттер көсіле жазатын болды. Әсіресе, тілімізді, діліміз бен дінімізді тірілту, өткен тарихымызды сараптау, ел шежіресін еске салу тәрізді тақырыптарға батыл барып жүрдік.

Сол кездегі ахуалға қатысты есімде қалған тағы бір жайды айта кеткенді жөн көріп отырмын.

Біздің қатарымыз біледі, тоқсаныншы жылдарда социалистік құрылымның құлдырауына кінәлі — қоғамдық меншік, сондықтан жекеменшік болмай жағдай оңбайды деген түсінік қалыптасты. Осыған орай елде жаппай кооперативтер құрылып, ең алдымен сауда-саттық қызу дамыды, пысықтық танытқандардың алды Польша, Германия сияқты елдерге де шығып, тауар әкеліп жүрді.

Осы қозғалыстың дүрмегіне біздің редакцияның жігіттері де ілесіп,  «газеттің жанынан жеке шаруашылық ашайық, мал өсірумен айналысайық, сөйтіп, отбасымызды етпен қамтамасыз етеміз, артығын сатамыз» деушілер шықты. Бұл бастаманы көтерушілер қатарында газет ардагері Кәдірбай Бекбағанбетов, жігерлі азамат Әлімбай Ізбаев, тағы бірнеше жігіт болды. Ойласа келе оны да көрейік дедік.

Сол жылдары облыстық ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметтердің бірінде Рафхат Ғадылшин деген кісі болды. Өзі газетімізбен жиі байланысып, мақала жазып жүретін авторымыздың бірі еді. Жігіттер идеяларын айтқан екен, қостай кетіпті. Ұмытпасам,  қаланың қазіргі «Жаңа қоныс» ауылына (бұрынғы Новый ауылы) жақын маңда ет комбинатына өткізер алдында малды семіртуге арналған алаң бар екен. «Сол қазір бос қалды, сендерге жалға берейік» депті.

Әлі есімде, сол жерді Ғадылшинді қасымызға ертіп  барып көрдік. Аумағы ат шаптырымдай екен. Ойлаған ісімізге өте ыңғайлы сияқты. Сол жылдары редакция штатына бір заңгер алғанбыз. Бұрынғы милиция қызметкері Мәмбет Аққұлов деген ағамыз еді. Құжаттарын жасақтауды соған тапсырдық. Ол кісі біраз айналысып еді, артынан кедергілер көбейді. Тіпті біреулер «газет редакторы үкіметтің малын пайдаланып, жеке басына пайда тапқысы келіп жүр» деп арыз жазыпты. Өзіммен сыйлас бір лауазымды қызметкер шақырып алып: «Заман болса мынау, жұртқа жақсылық жасаймын деп жүріп, қосақ арасында босқа кетерсің, қоя қой», — деді. Сөйтіп, бұл ісіміз алға баспай қалды.

Бұл жайдың өзі де сол кездегі уақыт тынысына тән нәрсе еді.  Заман ағымына сай көптеген жақсы бастамалар, жаңалықтар дүниеге келгенімен, етегімізден тартып, алға жүруімізді тежейтін қырсықты қылықтар да қатар жүрді. Өкініштісі, қазір де солай ғой…

Облыс баспасөзінің қарашаңырағы — «Ақтөбе» газетінің 90 жылдық мерейтойы қай-қайсымыз үшін де үлкен мереке екендігі белгілі. Осыған байланысты кейбір жайларды еске алдым. Бұл — өзімнің  еңбегімді көрсету үшін жазылған  жолдар емес, газеттің   даму жолындағы кездескен кейбір сәттерді жадыда сақтауға бағытталған бір ұмтылыс деп қабылдасаңыздар деймін…

Қуаныш ТЕКТІҒҰЛ,

газеттің 1992-1996 жылдардағы бас редакторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button