Денсаулық

Туберкулезден жеңілмеңіз!

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Ақтөбе облысында туберкулезбен науқастанатындар санының көп болғаны соншалықты, өңір бірнеше жыл бойы туберкулез бойынша эпидемиологиялық қолайсыз аймақтардың алдыңғы қатарында болды. Жасалған жұмыстардың, яғни емдеудің және жабдықтардың заманауи түрлерінің өндіріске енгізілуі нәтижесінде мамандар бұл мәселенің түйінін біртіндеп тарқатып, туберкулезбен науқастанғандар санын азайтуға, ауруды ерте бастан анықтап, алдын алуға, науқастар арасында өлім санын азайтуға, тұрғындарды барынша бұл сырқаттан сақтауға қол жеткізді.

Алдағы уақытта жағдай бұдан да жақсара түседі деген үміт бар. Себебі Ақтөбенің ірі урбанистік қала болатындығы Қазақстанның батыс өңірлері үшін халықаралық деңгейдегі Медициналық қызметтер орталығын құруды міндеттейді.

—  Ол үшін басқару мен қаржыландырудың жаңа принциптерін, алдыңғы қатарлы медициналық технологиялар мен медициналық көмектің халықаралық сапа стандартын енгізу арқылы денсаулық сақтау жүйесінің инновациялық моделін қалыптастыру қажет. Осы бағытта жаңадан туберкулезге қарсы күрес диспансері құрылысы жүргізілетін болады. Қазір облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері бұрынғы қалалық аурухананың ғимаратында, тұрғын үйлердің арасында орналасқан. Ғимарат санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға, сонымен қатар инфекциялық қадағалау принциптеріне сай келмейді. Бір науқас үшін белгіленген 8 шаршы метрдің орнына қазір 2,5-3 шаршы метр орын беріліп отыр, ал бұл науқастарды аурудың жұқпалылық деңгейіне қарай орналастыруға, оларды емдеу тиімділігіне байланысты арнайы бөлмелерге орналастыруға кедергі келтіріп отыр. Балалар бөлімі зертханалық қызметпен, хирургиялық және өкпеден тыс бөлімдермен бір ғимаратта орналасқан. Егер республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, құрылысты дереу бастап кетеміз, — деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.                     

Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусиновтің айтуынша, аталған ведомство 2014-2020 жылдарға арналған бағдарлама аясында құрылыстың және емдеудің жаңа технологияларын енгізе отырып, бірнеше медицина мекемелерін салмақ. «Ақтөбе облысында соңғы бес жылда туберкулезбен науқастану 50 пайызға азайды. Және бұл ауруды биыл 100 мың адамға шаққанда 40 пайызға азайту мүмкіндігі бар. Министрлік туберкулезге қарсы күрес диспансерінің құрылысын жүргізуді қарастыруға дайын», — деді ол. 

Алайда, мамандар ғимарат ескі деп қарап отырған жоқ. Барынша ауруды жеңуге, азайтуға, алдын алуға тырысып келеді. Бүгінгі жасалып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің дәрігерлерімен сұхбаттасқан едік:   

Егер бұрын Ақтөбе Қазақстанда туберкулез бойынша эпидемиологиялық қолайсыз аймақтардың алдыңғы қатарында болса, қазір 13-інші орында.

Аталған диспансердің бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің айтуынша, жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен, алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдары мен мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаменті және басқа  ведомстволық ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасаудың нәтижесінде жақсы жетістіктерге қол жеткізіліп отыр.

Қазіргі уақытта облыстың туберкулезге қарсы күрес диспансерінде 440 кереует бар. Төрт ауданда — Әйтеке би, Мұғалжар, Темір және Шалқар аудандарында жалпы алғанда 210 кереуеті бар дербес туберкулез ауруханалары жұмыс жасайды. Қарғалы орталық ауруханасы жанында 24 кереуеттік туберкулез бөлімшесі бар.

—  Туберкулез бойынша эпидемиологиялық көрсеткіштерді талдап қарар болсақ, аурушаңдық пен өлім-жітім 1997-2004 жылдары едәуір өсіп кеткені байқалады, қазір жағдай жақсы. Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы аймақтың экономикалық дамуына, облыс тұрғындарының тұрмыс жағдайының дұрысталуына да байланысты. Балалар мен жасөспірімдер арасында да туберкулезбен аурушаңдық деңгейі төмендеді. Облыс бойынша, бұл аурудан болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 5,1 болып отыр. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 23.9%-ға аз. Тұрғындар арасында туберкулездің созылмалы түріне шалдыққандар саны да азайып келеді, — дейді бас дәрігер.

Е.Тәтімовтің айтуынша, қазіргі уақытта облыстық туберкулезге қарсы диспансері мамандары қаланың барлық учаскелік емханаларында қабылдау жүргізеді, бұл дені сау азаматтардың туберкулезбен ауыратын науқастармен қарым-қатынасқа түспеуіне, тұрғындардың медициналық көмекке қол жетімділігін қамтамасыз етуге, алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарының туберкулезге қарсы қызметін сабақтастыруға бағытталған.

 

Қазіргі туберкулез ауруының ерекшеліктері

 

Бұрын туберкулезбен тек әлеуметтік жағынан қорғалмаған, тұрмысы төмен адамдар ауырады деген түсінік болды. Ал қазір олай емес. Диспансердің №3 өкпе-терапия бөлімшесінің меңгерушісі Роза Алғиеваның айтуынша, қазір бұл аурудың дамуына қандай фактор әсер ететінін дөп басып айту қиын.

—  Өйткені қазіргі таңда бұл ауруға материалдық жағдайына және қоғамдағы статусына қарамастан кез келген адам шалдығуы мүмкін. Туберкулез таяқшасы ағза таңдамайды. Оның дамуына иммундық жүйе жағдайының айтарлықтай маңызы бар. Созылмалы ілеспе аурулар иммунитетті төмендетеді. Қым-қуыт тірлік ағзаны әлсіретеді, үнемі шаршау, сонымен қатар, жиі кездесетін күйзелісті сәттер қорғаныш күштерінің әлсіреуіне және аурудың пайда болуына, дамуына  әсер етеді. Зиянды әдеттер мен калориясы аз диетаға әуестер де баршылық, бұл да организмді әлсіретеді. Сондықтан әр адам өз денсаулығына мұқият қарауы тиіс. Қазіргі туберкулез ауруы бұрынғыға қарағанда қауіпті болып отыр. Ол қоршаған ортаның өзгеруіне оңай бейімделіп, бұған дейін емдеп келген дәрілерден жеңілмеуі мүмкін. Яғни, қазіргі уақытта туберкулездің көптеген дәрілерге тұрақты ең ауыр формалары да бар, — дейді Р.Алғиева.

Дәрігердің айтуынша, аурудың мұндай формалары науқастың емге немқұрайды қарауы, яғни науқастың емді үзуі, өз қалауымен емдеу орнынан кетуі, тағайындалған дәрілерді қабылдамауынан болуы мүмкін. Сондықтан бұл ауруға шалдыққан адам дәрігердің әр тағайындауын қатаң орындауы тиіс. Дәрігерлер де оларды тұрақты қадағалап отыруы керек.

Р.Алғиеваның айтуынша, кей жағдайларда дәрілердің жанама әсері де болуы мүмкін. Алайда, шыдамдылықпен емделсе, жұқпадан толығымен арылуға болады.

—  Сырқаттан әбден жазылғанға дейін науқас тегін емделеді. Мемлекет тарапынан бұған толық жағдай жасалған. Туберкулез жұқпасы анықталған жағдайда, ең алдымен сабыр сақтап, емдеу орнына барған дұрыс. Барлық айтылған ережелерді орындай отырып, табандылық пен шыдамдылық таныту аурудан толығымен сауығып кетуге септігін тигізеді, — дейді дәрігер.

 

Хирургиялық жолмен емдеу

 

Өкпе туберкулезінің ауыр, тез ұлғаятын және өлімге әкеп соқтыратын түрлері соңғы жылдары әлем бойынша көбейіп отыр. Оның бір себебі, жоғарыда айтып кеткеніміздей, туберкулез микробактериясының  дәрілерге төзімді түрлерінің жиілей түсуі. Мұндай науқастарды емдеу қиын деседі мамандар.

—  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жыл сайын туберкулездің төзімді түрімен жарты миллион адам ауырады. Қазіргі уақытта жалпы елімізде, Ақтөбе облысында да негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштер төмендеді. Облыста соңғы 5 жылда аурушаңдық пен өлім-жітім 2 есеге азайды. Бұған ауруды ертерек анықтау мен дер кезінде бактерияға қарсы дәрілермен емдеудің нәтижесінде қол жеткізіліп отыр. Егер консервативті ем нәтижесіз болса, хирургиялық ем жүргізіледі. Өкпе туберкулезін ертерек хирургиялық жолмен емдеудің нәтижесінде жалпы емдеу мерзімін қысқартуға, туберкулез микобактериясының көптеген дәріге тұрақтылығы дамуын тежеуге болады, —  дейді  өкпе-хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Ағзамов.

Облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің хирургия бөлімшесінде жыл сайын өкпе мен плевраға 300-ге жуық операция жасалады екен. Хирургиялық көмекке тек облыстың ғана емес, еліміздің батыс өңіріндегі басқа да облыстардың тұрғындары да жүгінеді.

Н.Ағзамовтың айтуынша, бұл жерде туберкулезбен зақымдалған тіндерді бөлшектеп немесе өкпені толықтай алып тастау сынды операцияның барлық түрі жасалады.

—  Соңғы жылдары біз экссудативті плеврит болған жағдайда плеврадан биопсия алу арқылы торакоэндовидеоскопиялық операция жасауды кеңінен қолданып келеміз, бұл плевраның асқыну себебін анықтауға мүмкіндік береді. Талдау көрсеткендей, плевриттің 85%-дан астамы туберкулезден болады, сондықтан барлық науқастарға плевра қуысында сұйықтық (экссудат) болса, операцияға қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда торакоскопия жасау қажет. Мәскеудің, Санкт-Петербургтің және Ресейдің басқа да қалаларының түрлі клиникаларында, Қазақстан Республикасы Туберкулез мәселелерінің ұлттық орталығында көп жылғы ғылыми зерттеулер мен тексерілген клиникалық сынаулар негізінде  эндобронхиальды клапанды қолдану арқылы өкпе туберкулезін және оның асқынуларын емдеу тәсілі жетілдірілді. Бұл тәсілдердің бірі — өкпенің зақымдалған аймағына клапан орналастыру. Клапан адам организмі үшін индиффирентті, резеңкелі қоспадан жасалған бос цилиндр түрінде болады. Клапан дем шығарғанда және жөтелгенде зақымдану аймағынан ауаның, қақырықтың  және бронх түзілістерінің шығуына мүмкіндік береді. 2013 жылы әрқайсысының құны 30000 теңге тұратын 8 бронхоблокатор сатып алынды. Олар 6 науқасты емдеуге пайдаланылды, — дейді Н.Ағзамов.

Хирургиялық емдеудің нәтижелі болуы үшін тек мамандардың білікті болуы жеткіліксіз, ол үшін толық заманауи медициналық жабдықтар да қажет. Биыл осы мақсатта өкпенің жасанды вентиляциясы үшін наркоз аппараттарын, кереует жанындағы кардиомониторлар, электроагуляторлар, дефибрилляторлар, функционалдық кереуеттер сатып алу жоспарланып отыр. Ал бұл науқастарға  медициналық көмек көрсету сапасын жақсартады, емдеу мерзімін қысқартады, мүгедектіктен сақтандырады және осы аурушаңдық бойынша эпидемиологиялық жағдайды жақсартуға  мүмкіндік туғызады.

 

Өкпеден тыс туберкулезді емдеу басты орында! 

 

Кезінде туберкулездің өкпеден тыс жерге орналасу проблемасының маңыздылығына айтарлықтай көңіл аударылмай келді. Алайда, оның сүйек пен буындарды, лимфатүйіндерді, несептік-жыныстық ағзалар мен ми, көз, тері мен басқа ағзаларды да зақымдайтыны белгілі. Әлемдік статистика бойынша, туберкулездің барлық түрлерінің 20 пайызы — өкпеден тыс туберкулез үлесіне тиеді екен. Ақтөбе облыстық туберкулезге қарсы диспансері өкпеден тыс хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Ильясовтың айтуынша, қазір елімізде сүйек-буын туберкулезі өкпеден тыс туберкулез аурушаңдығы құрылымында бірінші орында тұр.

— Өкпе туберкулезінің эпидемиологиялық қауіптілігі жоғары екендігі сөзсіз, алайда, өкпеден тыс зақымдалу, әсіресе, тірек ағзаларының туберкулезі де өте қауіпті болып отыр, себебі мұндай ауруға шалдыққан адам мүгедек болып қалуы мүмкін.

Қазір облыстық туберкулезге қарсы диспансерде өкпеден тыс туберкулезді, әсіресе, тірек-қозғалтқыш аппаратының ерекше зақымдалуын емдеуге үлкен мән беріліп отыр. Өкпеден тыс туберкулез арасында сүйек-буын туберкулезі көп, тіпті бірнеше жылдан бері алдыңғы қатарда деуге болады. Сүйек-буын  туберкулезінің  әртүрлі патоморфоз ерекшеліктері айқындалып отыр. Әсіресе, омыртқаның туберкулезбен зақымдалуы жиілеп кетті, — дейді дәрігер.

Е.Ильясовтың айтуынша, мұндай аурулардың жиілеп кетуінің бір себебі —науқастардағы туберкулез микобактериясының дәрілерге тұрақтылығы.

— Бұл ауру анықталған жағдайда дереу емге кірісу керек. Қазіргі уақытта Ақтөбе облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің өкпеден тыс туберкулез бөлімшесінде эндовидеохирургиялық технологиялар енгізіліп, замануи операциялар жасалады. Оперативті көмек микобактерияны және қоздырғыштың дәріге сезімталдығын анықтауға қажетті биологиялық материал алуға мүмкіндік береді. Туберкулездің көптеген дәріге тұрақтылығын ертерек анықтау үшін BACTEC MGIT 960 аппараты пайдаланылады және Hain-тест әдісі енгізілді, — дейді Е.Ильясов.

Оның айтуынша, диспансердің бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің жетекшілік етуімен өкпеден тыс хирургия бөлімінде өкпеден тыс хирургия, фтизиатрия, соның ішінде диагностикалық зертхана, анестезиология, реаниматология, сондай-ақ, бактерияға қарсы терапия саларындағы соңғы ғылыми жетістіктер енгізіліп, хирургтердің Ресейдің алдыңғы қатарлы клиникаларында тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруына, туберкулезді хирургиялық емдеудің жаңа әдістерін енгізуге үнемі жағдай жасалып отырады. Ал біліктілігі жоғары хирург дер кезінде ауру ошағын жойып, өкпеден тыс туберкулезге шалдыққан адамды мүгедектіктен қорғайды.

 

Сәбиіңізді сырқаттан сақтаңыз!

 

Туберкулез таяқшалары осы науқаспен ауыратын адамдардан ауа арқылы  балаларға да жұғуы мүмкін. Сондықтан бала денсаулығын үнемі қадағалап отыру қажет.

Қазір елімізде балалар арасындағы туберкузелді диагностикалаудың негізгі әдісі ретінде Манту сынағы жүргізіледі.

— Балаларға жасалған Манту сынағы кезінде терінің бірінші рет ісуі «Вираж» деп аталады, бұл кеселге шалдығудың алғашқы белгісі болып есептеледі. «Вираж» болған балалардың барлығы есепке алынып, толық тексерілуден өтеді және оларға тиісті дәрілерлік көмек көрсетіледі. Қазір Қазақстан бойынша Манту сынамасымен қатар «Диаскин тест» деп аталатын жаңа тәсіл енгізілуде. Бұл әдіс бойынша туберкулездің жұқпалылығын және адамның ауруға шалдыққанын ажыратуға болады. Ауру жұқтырған балалардың бәрін науқас деп айта алмаймыз,  денесі шыныққан, шымыр, уақытында туберкулезге қарсы егілген, иммунитеті күшті балалар оны жұқтырып алса да, тиісті ем-дом алғаннан кейін дертінен құлан-таза айығып кетеді. Ал туберкулездің ең асқынған  түрімен, әсіресе, БЦЖ вакцинасымен егілмеген балалар ауырады. Сәби үшін құрт ауруының «ашық» түрімен ауыратын науқаспен бір рет кездесудің өзі аса қауіпті, буыны бекімеген нәрестенің әлсіз организімінде микробтар тез көбейіп, қан арқылы бүкіл денеге тарайды. Тіпті, ол аурудың қатерлі түрі — менингитке де айналып кетуі мүмкін. Оның алдын алу үшін көпшілік орындарда, асханаларда, балалар мекемелерінде жұмыс істейтін адамдар жыл сайын арнайы тексеруден міндетті түрде өтуі тиіс, — дейді балалар бөлімінің дәрігері Арман Сарбаев.

Туберкулезден сақтану үшін алдын ала егілу қажет. Дәрігердің айтуынша, бұл ауруға қарсы егілген балаларда 2 айдың ішінде ауруды қабылдамайтын қасиет, яғни иммунитет пайда болады және бұл иммунитет бала ағзасында 4-5 жыл бойы сақталады.

— Манту сынағын жасаған кезде жұқпа байқалмаған балаларға 1-сыныпта тағы да екпе жасайды. Мұны БЦЖ ревакцинациясы деп атайды. Аталған екпеден кейін 2 аптадан соң ине салған орын қызарып, бөртеді, одан соң қабыршақтанады. Алайда, одан қорқудың қажеті жоқ, бұл зиянсыз — бала ағзасының иммунитеті күшейіп жатқандығын білдіреді. БЦЖ-мен егілген балалардың туберкулезге шалдығуы өте сирек. Ауырған жағдайда да уақытында емделсе, толық жазылып кетеді және ауру жеңіл өтеді. Балалар арасындағы ауруды дер кезінде анықтауда учаскелік педиатрлар, санэпидемиологтар және балалар фтизиатрлары бірге жұмыс жасайды. Диспансер дәрігерлері баланың қаралатын учаскесіне барып, қабылдау жүргізеді. Ауырған балалар диспансерлік есепке алынып, тиісті емін қабылдайды. Емделген балаларға  сауықтыру шаралары «Шағала» шипажайында жүргізіледі, — дейді А.Сарбаев.

Отбасында туберкулезбен шалдыққан адамның болуы бала үшін өте қауіпті. Сондықтан науқасты тез арада ауруханаға жатқызып, айналасындағы адамдар тексерілуі тиіс, балалар қажет жағдайда шипажайға жатқызылады. Мұндай шипажайлар облыста жеткілікті. А.Сарбаевтың айтуынша, шипажайларда барлық жағдай жасалған.

—  Үкіметтің және жергілікті әкімшіліктін қолдауымен  жүргізіліп жатқан іс-шаралар нәтижесінде Ақтөбе облысында соңғы үш жылда балалар арасында туберкулезбен ауыру азайып келе жатыр. Асқынған туберкулез ауруы да тіркелген жоқ.  Қазіргі уақытта туберкулезді  анықтау үшін жаңа әдістер енгізілді, бұл әдістер бойынша туберкулездің төзімді түрін жылдам тануға болады. Егер дерт бастапқы сатысында анықталса, ем нәтижелі болады, — дейді дәрігер.

 

Хайн-тест, Gen-Xpert экспресс…

 

Туберкулез ауруынан құлан таза айығу үшін оны дер кезінде анықтау аса маңызды. Диспансердің дәрігер бактериологтары бұл мақсатта бірнеше әдістерді қолданып отыр.

— Қазір туберкулезді дер кезінде анықтау үшін бактериоскопиялық, дақылдық, автоматтандырылған БАКТЕК аппараты арқылы және жоғары деңгейде жетілдірілген молекулярлы-генетикалық Хайн-тест, Gen-Xpert экспресс  әдістемелері қолданылып отыр. Туберкулезді анықтау диагностикасы жыл сайын жетілдіріліп келеді. Мысалы, 2007 жылы автоматтандырылған  БАКТЕК  аппараты арқылы,  2012 жылы  молекулярлы-генетикалық  Хайн-тест (ПЦР) әдістемесі бойынша диагностика жүргізу енгізілді. Ал биыл жыл басынан бастап өте жоғары деңгейде жетілдірілген  молекулярлы-генетикалық Gen-Xpert аппаратын қолдану арқылы алдын ала анықтау жүргізілуде. Бұл әдістеме бойынша зертханаға әкелінген  патологиялық материалдардан 2 сағат  ішінде туберкулезді, оны  емдеудегі ең қажетті дәрінің бірі —  рифампинцинге  сезімталдығын анықтап береді және клиника дәрігерлеріне дер кезінде ем тағайындауына көмектеседі, — дейді дәрігер бактериолог Дина Естекбаева.

Бактериологтың айтуынша, бұл аппараттарға қажетті реактивтер мен материалдар диспансерде жеткілікті.

Дайындаған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button