Денсаулық

Ақ халатты ардақтыларым менің!

Алғыс

Мен облысымыздың жоғарғы категориялы бас дәрігері Қайрат Сабыр бастаған ақ халатты абзал жандардың алдында ақ шашты басымды иіп алғысымды айтамын.  Жасым сексен екіден асты. «Мың күнгі жұмақтан бір күнгі тірлік артық» дегендей, қартайсам да өлгім келмейді. Талай рет ауырып, қазіргі заманғы емханаларымызда жатып, емделіп шықтым. Осы жасқа келіп тірі жүргенім үшін ақ халатты абзал жандардың алдында өзімді өмірбақи қарыздармын деп есептеймін. Себебі бір күнгі тірлік емес, немере-шөберелерімнің әжелеп шүлдірлеген дауысын естіп, күлкісіне тойаттаған бір сағаттық өмірдің өзі қариялар үшін ең бақытты шақ.

Тағдыр ма, өткен жылдың күзінде менің інім, әкеміз Керейдің кенже ұлы Мұхит сырқаттанып,  қаланың сыртындағы облыстық емханаға тексерілуге келгенде, онколог Әріп Қойшыбаев қатерлі ісікке тап болғанын анықтады.

Тез ота жасау керектігін айтты. Келісім бердік.

Ота жасау өте қиын өтті. Сондықтан да болар, емхананың жетінші қабатындағы Сағынай Төреханұлы басқаратын бөлімшеде екі айдан артық жатты. Мұхиттың Әріптен кейінгі емдеушілері осы Сағынай Төреханұлы мен Фазылбек Төлеуұлдарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өте жақсы қарап, үзіліссіз қуаттандыратын системаларын және қан құю арқасында екі айдан кейін палата ішінде тұрып жүруге жарап, аздап ас-су ішіп, денсаулығы қалыпқа келе бастады. Емханадан тыс дәрігерлердің бақылауында үйге демалуға шығарды. Адам баласы неге көнбейді. Қазір  тамақ ішетін дәрежеге жетті. Осындай дәрежеге жеткізген онкологиялық бөлімнің бастығы Дүйсенбеков Сағынай Төреханұлы мен көмекшісі Фазылбек Төлеуұлының: «Қиындықтар кетті, бәрі артта қалды, енді қорқудың керегі жоқ» деген жылы сөздері де Мұхитжанға үлкен демеу болса керек.  Бұрынғыдай емес, көңіл күйі жақсарған соң, екі айдан соң ауылына барды. Көңілі бұрынғыдан да көтеріліп қалды. Онколог дәрігер Әріп Қойшыбаевтың демалысқа барғанда да дәрігерлердің бақылауында бол деген талабын қалт жібермей орындауда. Ауылдан келіп, ойылдық емханада екі-үш жеті жатты. Емхананың бас дәрігері Рүстем Қанапияұлы Исаевтың басшылығымен тағы да барлық анализдерін алып, тексеруден өткізіп, екі-үш рет қан және қуаттандыратын системалар құйды. Содан кейін Мұхит мүлдем тәуірленіп, палата ішінде ғана емес, сыртқа шығып жүретін дәрежеге жетті. Ауылы Жекенді кеншарына қайта барды, қазір сонда демалып жатыр. Сағатқа жақын далаға шығып жүруге жарады. Күнде хабарласып тұрамыз, «Тамақ ішуім, ұйқым жақсы, еш жерім ауырмайды» дейді. Ойылдың бас дәрігері Рүстем Қанапияұлы бастаған дәрігерлер ауылға барып та көп көмек көрсетіп жүр, үнемі бақылауларында ұстайды. Ендігі арманы облыстық емханаға Сағынай Төреханұлының қарамағына келіп жатып, Әріптің тексеруінен өту. Алла қолдаса, нурыз айында келіп те қалар. «Үмітсіз шайтан» деген, адам ағзасынан асқазанды алып тастап, өңешті аш ішекке жалғап, адамның он жылдан артық өмір сүруіне жағдай жасаған оташы Әріп мырза Мұхитжанға да шипасы тиер деп отырмыз. Інімізді қиын кезде ажалдан арашалап, осы дәрежеге жеткізген, Гиппократқа берген антына адал  онколог дәрігерлер Әріп Қойшыбаев, Сағынай Төреханұлы, Фазылбек Төлеуұлы, Рүстем Қанапияұлы және басқа да медбикелер сияқты ақ халатты ардақтыларыма алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өмір жастары ұзақ, отбасылары аман, еңбектері жемісті болсын, халқы үшін аянбай еңбек ете берсін деген қариялық тілегімді білдіремін.

 

                                                                                  Қарылға КЕРЕЙҚЫЗЫ,

зейнеткер.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button