Денсаулық

Мүмкіндігі мол аурухана

Жуырда Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша қаланың Жаңақоныс ауданынан көпсалалы 300 орынға есептелген облыстық аурухана іске қосылды. Құны 11 миллиард 800 миллион теңге тұратын  аурухана облыс тұрғындарына жаңа заман талабына сай қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда емдеу мекемесінде жетпіске жуық науқас ем алып жатыр. Аурухананың емдеу мүмкіндігі жөнінде бас дәрігер Самат Данияровпен тілдескен едік. Сонымен…

 

16 бөлімше қызмет көрсетеді

 

Аталған аурухана облыстың медицина тарихындағы қомақты қаржы жұмсалған алғашқы жобаның бірі. Сондықтан емдеу мекемесі заманауи жабдықталуымен ерекшеленеді.

Аурухананың жобасын «Геопроект» сәулет-құрылыс компаниясы жасапты. Кең әрі жарық алаң емделушілердің еркін жүруіне ыңғайлы болса, науқастарды қабылдайтын бөлмелер де барлық талапқа сай. Ауруханада он алты бөлімше бар. Оның ішінде әйелдерді босандыратын, жан сақтау, хирургия, урология, кардиохирургия, эндокринология, лор, қан тамыр хирургиясы  секілді бөлімшелер қызмет көрсетеді.  

Қан тамыр хирургиясы бөлімшесі облыста алғаш рет ашылып отыр. Бұл жерде жүрек, аяқ-қол, яғни дененің кез келген тамыр жүйесіне ота жасауға болады. Қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Осы саланы жетік меңгерген мамандардың да қатары толығып жатыр.

Жалпы, барлық бөлімшелерде жоғары санаттағы дәрігерлер қызмет етеді. Ауруханаға науқастар жоспарлы және шұғыл түрде жатқызылады.  Барлық емдеу ісі ақысыз жүргізіледі, — дейді бас дәрігер Самат Данияров.

Аурухананы аралатқан бас дәрігер бөлімшелердің барлығы жаңа заман талабына сай жарақталғанын айтты. Мәселен, аурухана ішіндегі ауа медициналық газдар жүйесі арқылы ылғалдандырылып, тазартылып отырады. Емдеу мекемесіндегі барлық бөлмелерге оттегі келіп тұр. Егер науқасқа оттегі жетіспесе, кереуеттің жоғарғы жағындағы арнайы құрал арқылы тыныс алдыруға болады.

Аурухананың жан сақтау бөлімінің ординатор дәрігері Даврон Рахманқұлов бұндағы әр аппараттың қызметін түсіндіріп берді. Мәселен, жасанды бауыр мен бүйрек қызметін атқаратын аппараттар қаламызда бұрын-соңды болмаған. Екі барокамера жағдайы ауыр науқастарды аман алып қалуға мүмкіндік береді. Медициналық жабдықтардың барлығы Еуропадағы белгілі компаниялардың өнімі. Жалпы, аурухананы жабдықтау үшін үш миллиард теңге қаржы жұмсалыпты.

 

Бүйрек ауыстыру бөлімшесі ашылады

 

Аурухананың бас дәрігері Самат Бағдатұлының айтуынша, зертхана және ота жасау блогтарындағы ауа тазалығы тексеріліп, толық іске қосылған.  

— Емдеу мекемесі барлық медициналық қызметті көрсету үшін санитарлық талапқа сай болуы керек. Науқастарға ота жасау және тағы басқа ем түрлері қолданылған кезде ең алдымен тазалыққа  мән беріледі. Қазір ауыр жағдайдағы науқастарға да ота жасауға болады. 

Жалпы аурухананың тұрғындарға медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі көп. Алдағы уақытта аурухана жанынан бүйрек ауыстыратын бөлім ашылмақ. Себебі соңғы жылдары жасанды бүйрек аппаратына таңылған науқастардың саны көбейіп барады. Олардың көпшілігі  бүйрек ауыстыру үшін Ресей, Қытай, Пәкістан елдері  мен Ресейдің  Орынбор, Самара  қалаларына және Алматыға барып ота жасатып жүр. Ал бұндай  отаның аз қаржыны қажет етпейтіні белгілі. Бұған барып-келу шығынын қоса есептегенде, қыруар пұл керек.  Бұндай қомақты қаражатты кез келген науқастың қалтасы көтермесі анық. Сондықтан облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы қиындықты шешу жолдарын қарастырып жатыр. Егер аталған бөлім ашылса, науқастар бұрынғыдай өзге елге бармайды, — дейді бас дәрігер.

Бұндай күрделі отаны жасайтын маман мәселесі де өз шешімін табады. Қазір қажетті дәрігерлердің бір бөлігі арнайы оқытылып, біліктілігін жетілдіріп жатыр. Олар жаңа технологиямен жұмыс істеу тәсілін меңгеріп келмек. Жалпы, бас дәрігер  жаңа ауруханада маман жағынан тапшылық болмайтынына сенімді. Өйткені ауруханадағы кейбір бөлімшелерге еліміздің өзге аймақтарында еңбек етіп жүрген ақтөбелік білікті дәрігерлер шақыртылып отыр. Мәселен, қазір қан тамыр хирургиясында Жамбыл қаласынан келген Бернат Жаңабаев  жұмыс істеп жатса,  Астана қаласындағы республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығынан келген ақтөбелік Ержан Ұзғанов нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарып отыр.

Заманауи үлгідегі емдеу мекемесі ашылған соң, осы жердегі басшылық мені жұмысқа шақырды. Өз саламды жақсы меңгергендіктен, әрі өзім туып-өскен қала болғандықтан бұл ұсынысқа  қуана келістім. Қазір Ақтөбеге келгеніме бір ай болды. Аурухананың науқастарды емдеуде мүмкіндігі мол. Ешқандай кедергісіз еңбек етуге болады. Өзге өңірлермен салыстырғанда Ақтөбенің медициналық қызмет көрсету сапасы өте жоғары. Әсіресе, бұны Астана қаласында жүргенде байқадым. Ақтөбелік дәрігерлерге емделушілердің  құрметі жоғары, — дейді Ержан Ұзғанов.

Білікті маман М.Оспанов атындағы Батыс Қазастан мемлекеттік медицина университетін бітірген. Қаладағы  жедел жәрдем ауруханасында, кейін  Астана қаласындағы республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығында бас маман болып қызмет атқарыпты. 

 

Науқастар дән риза

 

Аурухананың эндокринология бөлімшесінде жиырма бес науқас ем қабылдап жатыр. Бөлімше меңгерушісі Клара Мәкенованың айтуынша, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарынан келіп ем алушылар бар. Емделушінің бірі Самат Саттаровтың ауруханаға түскеніне үш күн болыпты. Науқастың көңіл күйі жақсы. Емдеуші дәрігерлерге ризашылығын білдірді.

2005 жылдан бастап жемсау ауруына шалдықтым. Жыл сайын уақытында дәрігерге қаралып тұрамын. Соңғы бір аптада қатты ауырдым. Дәрігерлер ауруханаға жатпасам болмайтынын айтты. Ауруханаға келген соң емдеуші дәрігер бір адамдық бөлмеге орналастырды. Барлық дәрі-дәрмекті өздері беріп жатыр. Ешқандай ақы төлегенім жоқ.  Дәрігерлер мен медбикелерге алғысым шексіз, — дейді Самат.

Ал қант диабетіне шалдыққан Шолпан Қошекенова медициналық қызмет көрсету сапасына көңілі толатынын айтты.

— Көп уақыттан бері қант диабетімен ауырамын. Дер кезінде ем қабылдамасам, ауруым асқынып кетеді. Жақында емхананың жолдамасы бойынша осында келдім. Аурухана ішін көріп таңғалғаным рас. Тіпті, Израиль емдеу мекемелерінен кем емес десем артық айтқандық болмас. Таза төсек- орын мен жайлы кереует науқас үшін таптырмайтын жағдай. Арнайы жуынатын бөлме бар. Дәрігерлер мен медбикелердің науқастарға деген ілтипаты ерекше. Бөлменің жылы, жарық әрі мүлтіксіз тазалығы көңілімізден шықты, — дейді Шолпан.

Бөлмедегі  әр кереуеттің басында арнайы тетік бар. Науқас дәрі немесе өзге де көмекті қажет ететін болса, әлгі тетікті басып  медбикені шақыруына болады.

Емдеу мекемесінің неврология бөлімшесінде де он сегіз науқас ем қабылдап жатыр. Бөлімше меңгерушісі Дон Қожақұлов науқастарды емдеуде барлық мүмкіндік жасалғанын айтты.

 

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button