«Ақтөбе»-90

Ақсақалдармен ақылдасты

Қазақ баспасөзінің қара шаңырақтарының бірі — Ақтөбе облыстық газетінің шыға бастағанына үстіміздегі жылдың маусым айының басында 90 жыл толады. Осы жылдарда есімін сан өзгертіп, еліміздің тәуелсіздігінің табалдырығында «Ақтөбе» атын иемденген газет — аймағымыздың шежіресі болды десек те, айнасы болды десек те, қателеспейміз. Сондықтан аталған басылымның алдағы мерейтойы — тек газет редакциясы емес, барша оқырман қауымның қуанышы. Облысымыздың мерейін өсіретін бұл саяси шараны қалай лайықты атап өтпек керек? Облыстық екі газет қарайтын  «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейірхан Ақдәулетұлы әр жылдарда газетте қызмет істеген ардагер ағаларды шақырып, осы мәселеге байланысты ақылдасты. Оларды газеттің тоқсан жылдығына қатысты алдын ала нендей шаралар белгіленіп  отырғанынан хабардар етіп, пікір бөлісті. Басты шаралардың бірі ретінде газеттің тоқсан жылғы шежіресін жинақтайтын кітап, түрлі-түсті шағын альбом шығару белгіленіп отырғанын еске салды. Көргені көп, тәжірибесі мол қаламгер ағаларды осы шараларға белсене қатысуға шақырды. Облыс журналистикасының ардагерлері  Нұрқайыр Телеуов, Кәдірбай Бекмағанбетов, Нұқы Қартбайұлы, Арыстан Аймағамбетов, Төлеміс Меңдіғалиев, Ұзақбай Төлебаев, Аманкелді Смағұлов бұл ұсыныстарды құп алып, газеттің мерейтойын атап өтуге байланысты өз ойларын, ұсыныстарын білдірді.

«Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев, бас редактордың орынбасары Ертай Ашықбаев облыстық газеттің мерейтой шараларының қазірдің өзінде басталғанын мәлімдеді. Газет бетінде арнаулы айдар ашылып, тоқсан жылдыққа қатысты материалдар жариялануда. Кітапқа, шағын альбомға кіретін материалдар мен сурет-шежірелер  жинақталуда.  Басқа да ұйымдастыру жұмыстары қолға алынуда. Осы жұмыстарға газетте бұрын қызмет істеген журналистердің қатысуы,  белсенділік көрсетуі қажет болып отырғаны атап айтылды.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button