Денсаулық

230 мың әйелдің әңгімесі

Әйелдер денсаулығына қатысты бірқатар мәселелердің басын ашып, өткен жылды қорытындылау мақсатында облыстың бас акушер-гинекологы Әлия Шаңғараевамен әңгімелескен едік. Әлқисса…

 

Перзентхана ашылады

 

Облыстың бас акушер-гинекологының мәліметінше, облысымызда бала туатын жастағы әйелдер саны — 230 мың. Оның ішінде 2230 әйелге өміріне қауіп төнетіндіктен бала тууға тыйым салыныпты. Алайда, былтыр осы әйелдердің 137-сі ешкімді тыңдамай, ештеңеге қарамай, дүниеге сәби әкеліпті.

— Оның ішінде, айы-күні жеткен 8 әйел Астана мен Алматыдағы жоғары мамандандырылған медициналық көмекке жүгінсе, қалғаны Ақтөбеде босанды. Өткен жылды қорытындыласақ, облыста барлығы 18963 нәресте дүние есігін ашты. Бұл, әрине, 2012 жылы туған 19140 баладан сәл аздау, — дейді Әлия Абылайқызы.

Бірақ шараналардың шетінеуі 2012 жылғымен салыстырғанда 19 пайызға төмендегені байқалып отыр. Атап айтсақ, былтыр 1 жасқа дейінгі 160 жаңа туған нәрестелер шетінепті.

— Біздер сараптаған кезде байқағанымыз, әрбір екінші-үшінші бала анасынан жұқтырған инфекциядан қайтыс болады екен. Біздің елде жүктілік жоспарланбайды. Жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатырмыз, қолдарында — телефон, планшет, алдарында — компьютер, ноутбук. Дегенмен, әйелдер ерлерімен бірге әр жүктілікті жоспарламайды. Негізі жоспарласа, алдын ала дәрігерге көрініп, бойларынан табылған инфекцияларды немесе басқа да ауруларды емдеп, жазса, әлбетте, өмірге дені сау сәби әкелуге болады. Ауруы бар бола тұра, емделмей жүретін әйелдер түрлі ауруы бар науқас бала туады. Сондықтан дайындық керек, қажет кезде ішілген витаминдер мен уақтылы тексерулер оң нәтижесін берері анық.  Қазір жыныстық инфекциялар өте көп. Әсіресе, торч-инфекциялар тобы өте зиян. Жүкті әйелде бірінші рет кездессе, тіпті құрсақтағы ұрықты өлтіріп тастауы мүмкін. Ер адамдар тексерілмейді, дәрігерге көрінбейді. Сондықтан да көп әйелдерде аурулар жүкті кезінде анықталып жатады. Ол кезде дәрігерлер жүкті әйелге дәрі-дәрмек бере алмайды, өйткені ол құрсақтағы балаға зиян келтіреді. Қыз-келіншектерге айтарым, өздеріңізді сыйласаңыздар, жылына екі рет гинекологқа барып тексеріліп тұрыңыздар, — дейді бас гинеколог Әлия Шаңғараева.

Облыста әйелдерге жаны ашып, денсаулығын жиі тексеріп, медициналық қызмет көрсететін 140 акушер-гинеколог бар. Оның 100-і перзентханаларда жұмыс істейді.

Әлия Абылайқызы биыл жыл басында Жаңақоныс селосындағы жаңадан салынған Ақтөбе облыстық ауруханада 25 кереуеттік перзентхана ашылатынын айтты.

 

Аурумен арпалысқандар

 

Елімізде онкологиялық ауруларға қарсы күрес жүргізіліп келеді. Ал әйелдер денсаулығы десек, әуелі жатыр мойны және сүт безі қатерлі ісіктері ойға оралатыны анық.

Әрбір емханада әйелдер денсаулығы үнемі назарда ұсталады. Скринингтік тексерулер, мониторингтік зерттеулер жүргізіледі. Бұл өз кезегінде өлім-жітімнің алдын алуға және шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Көрсеткіштерге келетін болсақ, 20 мың әйел тексерілді. Қазір облыста жатыр мойны қатерлі ісігімен 503 әйел есепте тұр. Оның ішінде 273 әйел аты жаман аурумен бес жылдан астам уақыт ауырып жүр. Аталған ауру былтыр 82 әйелде бірінші рет анықталды. 40 пайызы — 35-40 жастағылар. Ауру жыл сайын етек алып әрі жасарып барады, — дейді бас гинеколог.

Ал облыста сүт безі қатерлі ісігіне қатысты көрсеткіштер қандай? Әлия Абылайқызының айтуынша, облыстағы 30 мың әйел сүт безіне қатысты скринингтік тексеруден өтті. 40-55 жас аралығындағы әйелдер арасында 153-нен сүт безі қатерлі ісігі анықталды. Жалпы, бұл ауруға байланысты облыста 1151 әйел адам есепте тұрған көрінеді. Оның ішінде, 550-і бес жылдан артық уақыт аурумен арпалысып келеді.

Маңыз беретін тағы бір жайт, жалпы 661 онкологиялық аурудың ішінде сүт безі қатерлі ісігі бірінші орында тұр. Одан кейінгі орындарды өкпе, сосын асқазан қатерлі ісіктері иеленеді екен.

 

Жасөспірімдер жүктілігі

 

Облыстың бас гинекологының айтуынша, 2013 жылы 3920 түсік жасалыпты.

— Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда аз. Осының ішінде өзімен өзі түскен түсіктер саны — 42 пайыз. Жетілмеген жүктілік те осы көрсеткішке кіреді. Ал 208 әйел дәрігерлердің кеңесі бойынша жүктілікті үзуіне тура келді. Дегенмен, түсік жасатқандар саны нақты болмауы мүмкін. Өйткені кейбір әйелдер, жасөспірімдер жеке медицина орталықтарында түсік жасатады, — дейді Әлия Абылайқызы.

Бас гинеколог жасөспірімдер жүктілігіне де алаңдаушылық білдіреді. Оның айтуынша,  былтыр бір жыл ішінде 88 жасөспірім жүкті болса, оның 57-сі ауыл қыздары екен. Қалғаны — қалалықтар үлесі. Жүкті болған қыздардың 72-сі дүниеге сәби әкелсе, қалғаны түсік тастапты.  

— Облыстағы ең жас ана — он бесте. Негізінен ақтөбеліктер де 18-20 жастан бастап жыныстық қарым-қатынасқа түседі. Ерте жетілетін қыздар да бар. Негізі, біздер, гинекологтар, жүктіліктің мерзімі бес айдан асып кетсе, оны үзбейміз. Мұндай жағдайда қыздармен психологтар сөйлесіп, ақыл-кеңестерін айтады. Түсік жасату денсаулыққа зиян келтіреді. Әсіресе, түсік жасату арқылы жүктілікті үзген әйелдердің 30 пайызы онкологиялық, гинекологиялық ауруларға шалдығады екен, — дейді бас гинеколог.

Интернет дерегі: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын әлемде шамамен 1 миллион жасөспірім қыз жүкті болады.

Ал Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын мектеп оқушылары мен студенттердің арасында 10 мың қыз дәрігердің көмегімен түсік жасатады екен.

 

Биыл 32 квота бөлінді

 

Елімізде демографиялық ахуал тұрақты. Шүкір, халық саны 17 миллионнан асты. Отбасын құрушылардың саны күн санап артып келеді. Алайда, бір перзентке зар боп жүргендер қаншама?..

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста 872 жұп бедеулік-белсіздік мәселелерімен есепте тұр. Оларға экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі үміт сыйлады. Қазір елімізде бұл мәселеге ерекше назар аударылып, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квоталардың саны жыл сайын көбейіп келеді.

— Былтыр 28 әйелге жасанды ұрықтандыруға квота берілді. Олардың 35 пайызы тиімділігін көрді. Яғни  8 әйел жүкті болды. Ал 2012 жылы 28 квота бөлінген болатын, сол жылы да 8 әйел құрсақ көтеріп, 12 баланы, оның ішінде, бір үшем, екі егіз өмірге келді. Ал биыл Үкімет еліміз бойынша квота санын көбейтті, біздің облысқа биыл 32 квота бөлініп отыр. Экстракорпоральды ұрықтандыру үшін бөлінетін квотаға кезекте тұрғандар өте көп. Квота — қымбат, біреуінің құны — шамамен бір миллион теңге. Ал квота Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша, белгілі талаптарға сай жұптарға ғана беріледі. Жасанды ұрықтандыру әдісін орталыққа өздері бару үшін көпшілігінің қалталары көтере бермейді. Айтпақшы, облыстық мәслихаттың шешімімен бұл мәселеге қатысты жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлінуі де мүмкін, — дейді Әлия Абылайқызы.

Интернет дерегі: Қазақстанда тұңғыш экстракорпоральды ұрықтандыру орталығы 1995 жылы Алматыда Адам репродукциясы орталығында ашылған. Қазақстанда экстракорпоральды ұрықтандыру көмегімен осы уақытқа дейін 6 мыңға жуық бала дүниеге келді, қазір елімізде осындай 10 орталық жұмыс істейді.

 

Тағы бір-екі сауал

 

Былтыр облыста 18 бала Даун синдромымен дүниеге келді. Өкінішке орай, бұл 2012 жылғы көрсеткіштен көп.

— Дәрігерлер жүкті әйелдерді мерзіміне қарай анықталатын ауруларға тексерулер жүргізіп отырады. Осындай кезекті тексерулерде анықталған қандай да бір дерек болса, әйелге ескертіледі. Көпшілігі сенбейді. Тоғыз ай, он күн өткен соң, сәбиді қолдарына алған соң, көздері жетеді. Сөйтіп, кейбірі науқас баланы бағудан бас тартады. Былтыр Даун синдромымен туған 18 баланың сегізін ата-аналары перзентханада қалдырып кетті, — дейді облыстың бас гинекологы.

Дәрігер тілімен айтсақ, жүктілік кезінде екі рет 12-13 аптада, сосын 16-20 аптада генетикалық скрининг тегін жүргізіледі, яғни жүкті әйел күретамырдан қан тапсырады. Бұл — ұрықтың, болашақ нәрестенің дамуында ақаудың, әлде тұқым қуалайтын аурудың бар-жоғын анықтайтын тексеру түрі.  Егер өзгерістер болса, оған қоса ультрадыбыстық зерттеулер нәтижесінде де күдік болса, онда инвазивті перинатальды диагностика жасалады. Кейбір жүкті келіншектердің жүрексіне әңгімелейтін кіндік арқылы жасалатын процедура түрі — осы.

— Алдын ала жүкті келіншектің жағдайы мұқият зерттеледі, қайта-қайта тексеріледі. Сосын кіндік арқылы жолдасынан зерттеуге қажет материал, яғни жасуша алынады. Қорқатын түгі де жоқ. Біздің Ақтөбеде бес жылдан бері Адам репродукциясы және отбасын жоспарлау орталығында жасалып жүр. Жыл сайын үш мыңдай әйелге осы процедура жүргізіледі. Мұны осы саланы жетік білетін білікті мамандар — облыстың бас генетигі Любовь Бойко мен гинеколог-узист Юлия Головина жасайды, — дейді Әлия Абылайқызы.

 

Тегін екпелер

 

Бас гинеколог бізге тағы бір екі жаңалық айтты.

2014 жылдың мамыр-қазан аралығында облыстағы 10-12 жастағы 7 мың қыз балаға жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы екпе егілмек. Былтыр бұл жоба  елімізде төрт қалада —  Астана, Алматы, Атырау, Өскемен қалаларында бастау алған болатын. Биылдан бастап барлық облыста жүргізілмек. Бір екпенің құны —  шамамен сексен мың теңге. Ал екпе егу емханаларда тегін жүргізілетін болады.

Сондай-ақ, биылдан бастап Қазақстан Республикасының ұлттық егу күнтізбесіндегі екпелер қатарын пневмококк инфекциясына қарсы қолданылатын пневмо екпесі толықтырады.

Бұл жаңа туған нәрестеге екі және төрт айлығында, сосын бір жасында тегін егіледі.  

 

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button