Құқық

Заң бірнеше рет бұзылған…

Тәртіптік кеңес

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының басшысы Нұрлан Сүйінбаевтың төрағалығымен өткен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында төрт мәселеге байланысты 5 тәртіптік іс қаралды. 

Отырыста қаралған бірінші мәселе — Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының талаптарын бұзуға жол берген Байғанин ауданы әкімі аппаратының басшысы О.Қошановқа, Қарауылкелді ауылдық округінің әкімі Е.Қалиевке, Байғанин аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Айсұлтанға қатысты қозғалған тәртіптік іс. Олардың қай-қайсысы да аталған заңда бекітілген тәртіпті бірнеше рет бұзу арқылы ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағы 10-тармақшасына сәйкес  сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар жасаған. Отырыста облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Бекнұр Беисов лауазымды тұлғалардың ісіне қатысты  хабарлама жасады. Бұдан соң Тәртіптік кеңес мүшелері мемлекеттік қызметкерлердің әрқайсысын қызметінен төмендетуге, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда заңда белгіленген тәртіппен қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза қолдануға бірауыздан шешім шығарды.

Кеңесте Әйтеке би аудандық білім бөлімінің басшысы А.Бекеновке қатысты тәртіптік іс қаралды. А.Бекеновтің де ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес  өз құзыретіне кіретін мәселелерді шешуде бірнеше рет заң талаптарын бұзғаны мәлім болды. Кеңес мүшелері сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар жасағаны үшін оны қызметінен төмендетуге, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде шешім шығарды.

Отырыста кеңес мүшелері облыстық білім бөлімі басшысының назарына қызметкерді жұмысқа қабылдар алдында оның ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңын толық білуін қатаң тексеру қажеттігін айтты.

Кеңесте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім бөлімі, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларындағы тәртіптік комиссия төрағаларының өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы тыңдалды. Бұдан бөлек былтыр Тәртіптік кеңестің мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен атқарған жұмыстарының тиімділігін талдау қорытындысы тыңдалды.    

Арайлым НҰРБАЕВА.

                             

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button