Ауыл

Көптоғайдың бір тойы

Ойыл

Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Ақтөбе қаласында қызметте жүріп, «Ойылға, Шопандар тойына барамын» дегенімде, әріптестерімнің күлкісіне арқау болғаным есімде. Тіпті, бір журналисті мүлдем сендіре алмадым. Тек келген соң бейнематериалды көріп қана мойындады. Сонда да мен келтірген деректердегі мал басының санына күмәнданып қалды. Ол сол кездің шындығы…

Рас, бұл – ұмытылған дәстүр. Бірақ көзбен көрген біз үшін ақиқат. Ауыл қазағының мал бағудың мехнатын білмейтіні жоқ. Ұрпағына тәлімін айтып кеткен аталардың сөзіне алып-қосарымыз жоқ. «Тарта жесең, тай қалады, Қоя жесең, қой қалады». «Қатты жерге қақ тұрады, Қатты адамға мал тұрады». Мақалға айналған аталардың сөзі – тағылымның көзі. Демек, «Елде болса, ерінге тиеді». Көптоғайдағы еңбекшілердің тойы да елдегі ырыстың ерінге тигенінің куәсі.

Мыңғыртып мал айдаған ауылдың биылғы жылдың алғашқы алты айдағы табысы да аз емес. Ата кәсіпті жалғастырған ауылда «Көптоғай» ЖШС арқылы ырыздығын тауып отырған шаңырақ көп. Сондықтан серіктестік төрағасы Сисен Берденбаев жыл бойы мал соңында жүрген шаруаларға сый-құрмет көрсету дәстүрін де жалғастырып келеді. Биылғы шопандар тойы бұрынғыдай «ат шапқан, ұлан-асыр той» болған жоқ. Тек көңіл бөлумен шектелді. Төл алудың қорытындысы бойынша соңғы бес жылда бас жүлдені бермей келе жатқан Самғат Жұмағалиев биыл да биіктен көрінді. Серіктестік оған кілем жауып ат мінгізіп, шапан кигізді. Көмекшілері де сый-сыяпаттан құр қалған жоқ. Әр жүз аналыққа 122 қозы ерткен Сырым Мәмбетовке үлкен қалы кілем беріп, костюм-шалбар кигізді. Барлық шопанға да әр түрлі деңгейде сый ұсынған Сисен мал азығын дайындаған жігіттерді де ұмытқан жоқ.

Еңбекшілерді марапаттаған жиында сөз алған аудан әкімі Қанатбай Елеусізұлы әр шаңырақтың ауласы малға толуына тілектестік білдірді. Ал салтанатты сәттен соң ауыл тойханасында ас берілді. Кешкісін ауыл тұрғындары Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры ұсынған Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегі» атты қойылымын тегін тамашалады.

С.ҚОЙБАҒАРОВ.

***

Ырғыз

Қазтай ерте қамданыпты

Жаз айы да ортасынан ауды. Қорасындағы азды-көпті малының қысқы азығын       ойлаған жұрт қимылдап-ақ  жатыр. Қолында күші, техникасы барлар өзіне қажетті шөпті дайындап болып, артық-ауысын сатуға кірісті.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Самат Ержановтың айтуынша, қазіргі күні ауданда жылдағыдай жем-шөп дайындау айлығы жүргізіліп жатыр. Ырғыз ауданының екі айлық міндеттемесі 72 мың тонна мал азығын дайындау болса, бүгінгі күні оның 51,900 тоннасы әзірленіпті. Бұл берілген міндеттеменің 72,2 пайызын құрайды.

Жалпы, аудан бойынша мал азығын дайындауда «Алтын – Әсел» және «Ақсақал Тәуіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері алдыңғы қатарда тұр. Ал жеке кәсіпкер Қазтай Ермағанбетов бүгінгі күнге дейін 24 мың тонна мал азығын дайындап, ауыл тұрғындарына сатып жатыр.

Т.БЕКЖАНҰЛЫ.

***

Қобда

Белсенділерді құптайтын белестер

Қысқы мал азығын дайындауға аудандағы барлық жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтары, бұларға қоса жеке адамдар да белсене кірісіп кеткен еді.

Шөп мол, егін күйген жоқ

Жаңаталап ауылында «Жалын» ЖШС, «Сақи», «Мәди С», «Қаратал» секілді шаруа қожалықтары шабындықты еркін игеріп, шөптің бір тоннасын ауыл ішінде 5000 теңгеге саудалап та жатыр. Ал бір тіркемелі арба шөп 20  000 теңгеге шығып тұр.  Шаруа қожалықтарының бұл шаруасынан тыс жүрген Талғат Қаражігітов, Николай Бондорюх, Асылхан Ескендіров сияқты ауыл жігіттерінің жеке қимылдары да сүйсінтерлік-ақ.

Бұл ауыл қазір 500 тонна шөп дайындап үлгеріпті. Ауыл әкімі Айса Мұратов күннің ыстығынан күйіп кетіп, есептен шығып қалған егіндіктің жоқ екеніне разы. Ол егін өсімін жақсыға бағалап отыр. Әрі ауыл тұрғындары жерге көк шыққанан кейін көктен жауын тілеп, садақа беретіні белгілі. Өткен аптада  жаңаталаптықтар ауыл болып бірігіп, ауылдық Мәдениет үйінде бас қосып, тасаттық берді.

Баға арзандады

Өтектік шөпшілер техниканы шабындыққа жылда тамылжыған тамыз айында алып шығатын болса, биыл шаруаны маусым айының аяғында бастап кетті. Қазіргі уақытта шабындықта «Наурыз», «Әбіш», «Рақыш», «Өте», «Тірлік», «Жүсіп», «Күміс», «Жаңа ғасыр» шаруа қожалықтары жүр. Ал Н.Оразмұхамбетов,

Ж. Оразмұхамбетов, Т. Исанов, А. Арсланов, Д. Калиев тәрізді ауыл азаматтары жекеше қимылдап жатыр. Өтектіктер биыл да көрші ауыл Жарықтан «Басығара» шаруа қожалығын шөп шабысуға көмекке шақырыпты. Өтекте бір тіркеме шөп былтыр 15 000 теңге болса, биыл  12 000-13 000 теңгеге түсіпті. Кіші тіркемеге тиелген шөп 9 000 теңге тұрады.

50 гектардан – 250 центнер

Исатай ауылдық округіндегі Қиыл ауылында шөп дайындаумен «Кеңес», «Сұңқар», «Целинник», «Жалғас», «Бесбұлақ» шаруа қожалықтары мен «Өтепберген» серіктестігі айналысып жатыр. «Кеңес» шаруа қожалығы 80 гектар жерден – 160 центнер, «Сұңқар» қожалығы 200 гектардан – 600 центнер,  «Жалғас» шаруа қожалығы 50 гектардан 250 центнер шөп жинап үлгерді. Ауыл әкімінің міндетін атқарып жүрген Роза Байгелдинованың  мәлімдеуінше, қиылдықтар да көктен жауын тілеп, тасаттық беріпті.

Аулаң әзір ме?

Жыл сайын мал азығын дайындауға Сөгәлі ауылдық округіндегі 28 шаруа қожалығының барлығы дерлік  үлес қосады. Биыл да солай. Қазір

«Балапан», «Жанболат», «Әділ» сияқты қожалықтар ауыл тұрғындарына шөпті арзан бағасына сатып жатыр.

Ауыл әкімі Қайырбек Әмірғалиевтің айтуынша, бұл ауылда шөптің бағасы арзан. Бір тіркеме шөп  тиелгеніне қарай 7 000-10 000 теңгеге сатылады. Әрі шөпшілер шөпті әр үйдің ауласына түсіріп, үйіп береді.

А.ШОЙМАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button