Жаңалықтар

«Соғып тұр мерген қыздың жүрегі әлі»

Биыл — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқанына 70 жыл.  Осыған орай Ақтөбедегі Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды кешенінде «Соғып тұр мерген қыздың жүрегі әлі» атты еске алуға арналған шара өтті.

Шараға батыр қыздың туыстары, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанттары, студенттер, оқушылар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және зейнеткерлер, қоғамдық бірлестіктер төрағалары қатысты.

Әуелі Әнұран ойнатылып, курсанттар дүркін-дүркін оқ атты. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас маманы Әлібек Таубатыров сөз сөйледі. Одан соң облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Чемоданов жас ұрпақтың Әлия секілді патриот боп өскенін қалайтынын айтып, аспандары ашық, келешектері жарқын болуын тіледі.

Кеш жүргізушілері қазіргі таңда мыңдаған қыз баланың Әлия есімін арқалап жүргенін айтты. Осы кезде ортаға бір топ Әлия есімді арулар шықты. 38 жыл облыстық статистика басқармасында қызмет еткен, оның ішінде бес жыл басқарған Әлия Боранбаева қазір облыс әкімінің кеңесшісі боп жүр. Ол өзінің батыр есімін иеленгенін мақтан тұтып, соған лайықты боп жүру парызы санайтынын айтты. Одан кейін студент, оқушы сіңлілері сөз сөйлеп, жүрекжарды өлеңдерін оқыды. «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес және Әлия Молдағұлованың туыстары Сапар Молдағұлов пен Әліп Үсенова жыл сайын Әлияны ұмытпай еске алып, рухына тағзым етіп жатқан ұрпаққа ризашылықтарын білдіріп, тілектерін айтты.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі Нұржан Қаражан «Қазақтай ел қайда» әнін, ал Гүлсім Юсупова «Әлия» әнін шырқады. Осы тұста батыр ескерткішіне облыстық басқармалар, оқу орындары, ардагерлер атынан гүл шоқтары қойылып жатты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button