Білім

Балдырған

Техника

Құлақшаны көп қолданба!..

Біз көбіне құлақшамен (наушник) музыка тыңдағанды ұнатамыз. Тіпті, арамызда  үзбей музыка тыңдайтын адамдар да кездеседі. Бірақ құлақшаны шамадан тыс қолдану адамға өте зиян. Ғалымдардың зерттеуінше, МРЗ-плеерінің құлақшасы жүректің электронды реттегіштерінің жұмысына кедергі  тудырады екен. Плеердің өзі ешқандай қатер туғызбайды, алайда құлақшаның ішіне орналастырылған кішкентай қуатты магниттер, кемінде 3 сантиметр қашықтықта болса, жүректің электронды реттегіштерінің жұмысын әлсіретуі мүмкін. Сондықтан шамадан тыс құлақшаны қолданба!..

Жануар

Қасқыр

Қасқыр соғу – мал баққан қазақтың ежелгі дәстүрі. Әдетте, халқымыз  қасқырды өз атымен атамай, «ит-құс», «жаман ауыз» деп жатады. Ежелде бұл жануарды құс салып, ит қосып, қақпан құрып аулаған. Ит болғанда да қасқырды асыл тұқымдылары болмаса екі иттің бірі ала алмайды. Тіпті, түз тағысын қолға түсіріп, терісін тірідей сыпырған аталарымыз да болыпты.

Қасқыр ұлудан басқаны білмейтін мақұлық сияқты көрінеді. Ал шынында қасқыр ырылдайды, қыңсылайды, тіпті, пысқырып-осқырынады. Керек десеңіз, үретін де көрінеді. Сонымен қатар бұл қара күшке мығым жануар. Бір отар қойды қырып салу олар үшін түк емес. Кезі келгенде жылқы мен түйені де жарып кетеді. Тіпті, қасқырлар кейде аюға да шабуыл жасайды.

Қасқыр өте ақылды, қай ортаға болмасын тез бейімделгіш. Күштілігі мен ептілігі тағы бар. Ол 80-85 шақырым қашықтықты бір сағатта секундына 24 метр жылдамдықпен жүгіріп өтеді екен. Ал 100 метрді 5 секундқа жеткізбей артқа тастайды. Бірақ дәл осы жылдамдықпен ұзақ көсіле алмайды.

Қыс кезінде қасқыр саны 10-15-ке жетіп, үйір болып жүреді. Негізінде қасқыр 15-16 жыл өмір сүреді екен. Бұл аңның тіршілігін тұрақты және көшпелі деп екі кезеңге бөлуге болады. Тұрақты кезең тіршілігі – апанмен байланысты, яғни қасқырдың бөлтірік туатын уақытынан бөлтірік жетіліп, үйірге ілесе алатын күз айларына дейін созылады. Ал басқа уақытта бір жерде тұрақтамай, кезіп жүреді. Қасқыр негізінен жануарлардың етін қорек етеді. Олар тәулігіне 8-10 килограмм ет жей алады. Ал артығын көміп кетеді. Бірнеше тәулік бойы аш қасқырлардың күштілері әлсізін жеп қоятын сәттері де болады. Иіс сезгіш жануар аулақта жүрген адамды да, тіпті, оның қолындағы қаруына дейін алыстан жазбай тани біледі.

Біліп жүр

Ең, Ең, Ең…

  • Ең жас әскер бразиялық Луис Альвеш де Лима көрінеді. Ол әскер қатарына 1808 жылы 5 жасында шақырылыпты.
  • Якут кенті жер бетіндегі ең суық елді мекен болып табылады. Мұнда температура 1933 жылы минус 68 градусқа дейін төмендесе керек.
  • Америка кино өнері академиясы ең алғаш 1927 жылы 11 мамырда құрылды. 1931 жылдан бастап жеңімпаздарға осы академия айқындайтын «Оскар» сыйлығы тапсырылып келеді.
  • Жер жүзіндегі тасқыны ең күшті сарқырама – Ниагара сарқырамасы. Ол суды елу метрлік биіктіктен ағызады екен.
  • Ең қатты әрі берік ағаш –  шмидтік қайың. Табиғатынан аса қайратты ағашты құлату не балталау мүмкін емес. Бұл ағаш көбіне Ресейде кездеседі.
  • Әлем бойынша ең көп танылған есім – Мұхамбет.
  • Вольфия – ең кішкентай гүлдің бірі. Ол жапырақты және тамырлы келеді. Қызығы, бұл гүл сирек гүлдейді.         

Жас қалам

Жазғы демалыс

Мен – үлкен отбасының кенжесімін. Сондықтан болар, мені үйдегілер көп еркелетеді. Ата мен әжем үнемі айналып-толғанып, ақылдарын айтады. Ал  мен де өз туғандарымды жақсы көремін. Оларға үнемі қамқор болып, қолымнан келген көмегімді беруге тырысамын. Сонымен қатар туған жерім Байқадам ауылын,  Қорғантұз орта мектебін жақсы көремін. Оқыған, жоғары қызметтегі үлкен аға-апаларым тәрізді  өскенде мен де еліме, мектебіме көмектескім келеді.

Біздің ауыл, яғни Байқадамның табиғаты өте әдемі. Жазғы демалыста Ақтөбе, Орал, Алматы қалаларынан келген бауырларым ауылдың құмына аунап, қырына ойнап жақсы демалады. Мен жан-жақтан келген тумаларымды ауылдың табиғатымен таныстырып, аралатамын.

Биылғы жазғы демалыс мен үшін қызықты өтіп жатыр. Ауылдың әсем табиғаты мен жаздың жайдарлы күнін, әдемі гүлдерін көрген сайын, жаз мезгілі ұзақ болса екен деп тілеймін…

Аякөз БАҚЫТЖАНОВА,

2-сынып оқушысы.

Байқадам ауылы,

Шалқар ауданы.

Қызық оқиға

Қорқақ батыр

Інімнің атын әкем Ерасыл деп қойды. Қабанбай батырдың шын аты Ерасыл болған соң, біз оны батыр деп атайтынбыз. Інім ұйықтар кезде үнемі менің қасыма жатады. Бірде мен:

– Ерасыл, сен батырсың ғой, бөлек жатшы. Мен анам мен әкемнің қасына жатайыншы, – дедім. Сонда ол:

– Жоқ, сенің қасыңа жатамын. Себебі мен қорқақ батырмын, – деп жауап берді.

Хадиша ЖАРЫЛҚАСЫН,

№32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының

6-сынып оқушысы.

Оқушының өлеңі

Алтын күз

Шөп жиналып тасылып,

Жемді тау ғып үйеді.

Ыстығы күннің басылып,

Сұр бұлт қаптап жүреді.

Берекелі мол ырыс,

Бау-бақшалар піседі.

Арпа, бидай шабылып,

Қоймаларға түседі.

Көк аспанның астында

Бейбіт өмір сүрейік.

Алтын күз деп расында,

Құрмет етіп жүрейік.

Гүлсезім ҚҰТТЫМҰРАТОВА,

Ақжар қазақ орта мектебінің

3-сынып оқушысы.

Хромтау ауданы.

Демалыс

Атам, әжем үшеуміз

Қыдырамыз ауылға.

Жайлауға біз барамыз,

Малынамыз жауынға.

Талғат АЛМАҒАЗЫ,

№33 Ақтөбе қазақ орта мектебінің

оқушысы.

Бетті әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button