Билік

Елеусін Сағындықов: Ісіміз қомақты, міндет ірі

Өткен жұма күні облыс әкімдігі ғимаратының үлкен мәжіліс залында облыстық деңгейдегі барлық мәслихаттардың форуымында облыс әкімі Елеусін Сағындықов облыстың 2008 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2009 жылға арналған міндеттері туралы есеп берді.

Аталған бұл форумға облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, халықтың барлық жіктері, аймақ жұртшылығының, саяси партиялар мен қозғалыстардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, форум жұмысына «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының хатшысы Сергей Громов, Қазақстан Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Алмат Мурзин қатысып, сөз сөйледі. Мұнымен бірге осы күнгі басқосуда еліміздің Парламенті Сенатының депутаты Иран Әмір, Мәжіліс депутаты Серікжан Мұқашев болды.

Облыстық деңгейдегі барлық мәслихаттардың форумын облыстық мәслихат хатшысы Аманкелді Есіркепов ашып, жүргізіп отырды.

Облыс өз биігінде

Әңгімені еліміздің беделі мен мәртебесінің өсуінен бастаған Елеусін Наурызбайұлы  әлемдік қаржылық дағдарысының Қазақстанға тигізіп отырған әсеріне соқпай өте алмады. Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2007 жылдың екінші жартысынан бастап тоқырай бастаған қаржы мен құрылыс жүйелерін жедел қолдау шараларын белгілегенін, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын айқындағанын, әлемдік дағдарыс белең алған сәтте мұндай іс-шаралардың өзінің оң нәтижесін бергенін атап көрсетті. Қазақстан экономикасы әлемдік дағдарыстың алғашқы кезеңінде беріктік танытқанын айта келіп, облыс әкімі: «Мұны тұрақтылық феномені деп атауға әбден болар еді», – деді. Осының бір куәсіне облыстың өткен жылғы қорытындылары ұсынылды.

Облыс әкімінің есебінде атап көрсетілгеніндей, Ақтөбе облысы 2008 жылы да еліміздің бірден-бір тұрақты және жедел дамушы аймағы деген мәртебесін сақтап қалды. Шаруашылық жүргізудің барлық салаларында өндірістің жүйелі дамуына қол жетті. Инвестициялық жобалар мен инновациялық экономиканың дағдыларын енгізу кең көлемде жүзеге асты.

Әлемдегі дағдарыс жағдайына қарамастан облыстың жетекші кәсіпорындары жыл бойына өз өндірістеріндегі өнім өндіру көлемін сақтап қалды.

2008 жылы аймақта 885 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Ал бұл 2007 жылғыдан 229 млрд. теңгеге көп. Жыл ішінде өндірістік және әлеуметтік мақсаттағы 300 нысан, 370 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Облыстың негізгі капиталына 275 млрд. теңге инвестиция салынды. Сыртқы сауда айналымы 10 млрд. АҚШ долларын құрады немесе алдыңғы жылғыдан 137 пайыз деңгейде болды. Мемлекеттік бюджетке жыл ішінде 353 млрд. теңге қаржы түсті немесе алдыңғы жылға қарағанда 150 пайызға тең. Осы цифрлардың өзі-ақ есепті кезеңде облыс экономикасының қарышты қадаммен өскенін көрсетсе керек.

Тұтастай алғанда, 2008 жылы облыс Мемлекет басшысы белгілеген әлеуметтік даму, экономиканың өсу қарқынын тұрақтандыру, жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздыққа жол бермеу шараларына басымдық беруді жүзеге асыра отырып, барлық негізгі міндеттерді орындап шықты. Негізгі азық-түлік тауарларының бағаларын белгілеген деңгейде ұстап тұрудың сәті түсті. Инфляция деңгейі жыл бойы республиканың орта көрсеткішінен едәуір төмен болды.

Желтоқсан айындағы мәлімет бойынша орташа еңбекақы 68 900 теңгеге, ал жан басына шаққандағы табыс 29 мың теңгеге жетті.

Облыс әкімі үстіміздегі жылы аймақта атқарылуға тиісті жұмыстарды да саралады. Биылғы жылғы жүзеге асырылатын шаралардың басты құжаты аймақтың дағдарысқа қарсы бағытталған Бағдарламасы болатынын алға тартты. Яғни ол Ақтөбе облысының 2009-2011 жылдардағы экономикасы мен қаржы секторын тұрақтандыру бойынша Жоспарын орындау болып табылады. Оны жасауда Мемлекет басшысы белгілеген үш шешуші бағыт – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын жақсарту және экономиканы модернизациялау ескерілген. Сондай-ақ, мұнда Үкімет белгілеген дағдарысқа қарсы Бағдарламаның барлық бес маңызды бағыттары да көрініс тапқан.

– Қазіргі күні ең бірінші кезектегі мәселе, – деді облыс басшысы – кәсіпорындардағы жұмыс орындарын сақтау. Осы мәселе бойынша мен облыс өңірінде металлургия, тау-кен, мұнай, өндіруші салалардың ірі кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізіп, халық үшін пайдалы келісімдерге қол жеткіздім. Кәсіпорындардың басшылары өнім өндіру көлемінің азайғанына қарамастан жұмыс орындарын сақтауға, тіпті, әлемдегі металдар мен оның шикізат рыногындағы жағдай бұдан әрі де құлдырай беретін болса, адамдардың бір бөлігін қысқартпастан оларға қосымша жұмыстар ұйымдастыру ісін қолға алуға уәде беріп отыр. Өндіріспен айналысып жатқан шетелдік компаниялардың, атап айтатын болсақ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Қазхром» ТҰК, «Восход-Ориел», «Ұлы Қабырға» «КНИСК», хром қосындылары зауыты басшыларымен жеке-жеке кездесіп, оларға нақты талаптар қойдым. Бұл талаптың негізі – өндірістегі қиыншылықтарды желеу етіп, жаппай жұмыссыздыққа жол бермеу. Олардың басшыларымен бірге Меморандумға қол қойғандағы басты мақсат – «ескіні сақтай отырып, жаңаға ұмтылу қажет» деген принцип негізінде әрбір жұмысшыны қамқорлыққа алып, оларға жағдай жасау. Сондай-ақ, компания басшыларына осы сәтті жұмысшылардың кәсіптік деңгейін, білігін көтеруге, өндірістегі қауіпсіздікті және оны технологиялық қайта жаңартуға пайдалануға тиіс екендігі баса айтылды.

Қажет болған жағдайда біз қоғамдық жұмыстардың белсенді түрлерін қолданатын боламыз. Және өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашып, оның ішінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысы арқылы халықтың жұмыспен өнімді қамтылуын арттыру жөнінде қосымша іс-шаралар іске асырылады.

Бұл орайда облыстық жұмыспен қамту және білім басқармалары, жергілікті әкімдер белсенділік көрсетуі қажет.

Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау барысында және облыс аумағында азық-түлік белдеуін құру үшін облыс орталығында әлеуметтік дүкендер, қалыпты бағамен сауда жүргізу орындары ашылды. Біз қазір адамға күнделікті қажетті тағам түрлерінен тек қана қанттан басқасын өзімізде жеткілікті өндіріп келеміз. Мысалы, Ақтөбеде өндірілетін күнбағыс майы республика тұрғындарының 60 пайыздан астамының сұранымын өтейді. Ал стандартты нанның сату құны – еліміздегі ең арзан баға. Демек, бүгінгі күні күнделікті қажетті азық-түлік тауарларына сұранымды толықтай қамтамасыз етіп қана қоймай, бағаны қалыпты ұстауға мүмкіндігіміз бар. Негізгі азық-түлік тауарларына бағаны қалыпты жағдайда ұстау үшін тауар өндірушілермен делдалсыз, тікелей жұмыс істеуді жолға қойдық. Соның бір қадамы – алғаш рет қыс айларына қоймаға 8 мың тонна картоп, 2 мың тонна көкөніс сақтауға салынуы.

Дағдарыс кедергі бола алмайды

– Қазіргі қаржы дағдарысы, – деді әкім, – бүкіл әлем бойынша азық-түлік бағасының көтерілуімен қат-қабат келіп отыр. Сарапшылардың болжамдары бойынша азық-түлік бағасының көтерілуінің ұзақ мерзімді сипаты бар. Өйткені әлем бойынша азық-түліктің жылдан-жылға көшіп отыратын ауыспалы қорлары төмендеп кеткен.

Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік Кеңесі сарапшыларының пікірлеріне қарағанда, алдағы уақытта астық егісін барынша кеңейте түсуде Қазақстанның жер алқабының маңызы атап көрсетіліп, біздің елімізден үлкен үміт күтетіндігі айтылған. Демек, біздің облысымызда алдағы уақытта мұнай, металл кендерін өндірумен бірге агроөнеркәсіп секторы арқылы да тек өзіміздің азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп қоймай, дүниежүзілік аренада бәсекелестікте бақ сынау мүмкіндігі туып отыр. Басқаша айтқанда, ауыл экономикасының бәсекеге қабілетін көрсететін уақыт жетіп, агроөнеркәсіп кешені алдында зор мүмкіндіктер ашылғалы тұр. Сондықтан біз ауыл шаруашылығы кешенін қаржылай қолдауды арттыра түсіп, мұнда инвестиция мүмкіндіктерін қарастыруымыз қажет. Өткен жылы ғана облыстың ауыл шаруашылығына барлық қаржы көздерінен алты жарым миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда 73 пайызға жоғары. Дегенмен осы сала әлі де баяу дамып келеді. Тек мемлекет бөлген қаржымен, ішінара кейбір кәсіпкерлердің қатысуымен бірнеше ет, сүт өндіретін орталықтар, көкөніс жылыжайлары мен қоймалары салынып, іске қосылды. Бірақ ауыл экономикасы жаппай жеке меншіктің қолында, ал ауыл кәсіпкерлері өз қаржыларын шығарып, осындай іске белсенді кіріскен жоқ. Ауылдағы шаруаның малының түсімін орта жолдағы делдалдарға талатпай, әрбір аудан көлемінде аудандық тұтынушылар кооперативін құрудың маңызын талай мәрте айтқан болатынмын. Бірақ осындай кооперативтер ауылда өте аз, жергілікті басқару жүйесі осыған селқостық көрсетіп отыр. Сондықтан әкімдер шаруаларды ынталандырудың, ауылдағы іскерлік ортаның белсенділігін арттыратын шаралардың жаңа тәсілдерін іздестіруі керек.

Облыс тұрғындарының 40 пайызы шағын кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыс істейді. 2008 жылы шағын және орта бизнеске қаржылай-несие көмегін көрсету мақсатында  әр түрлі қаржы көздерінен 85 миллиард теңге берілді. Соның нәтижесінде бұл салада жұмыс істейтін тұрғындар саны 153 мың адамға жетті. Өндірілген өнім мен істелген жұмыс және көрсетілген қызмет 142 миллиард теңге құрады немесе өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға өсті.

Дүние жүзіндегі экономикалық жағдайға байланысты бізде де шағын бизнесті қолдау саясатының кейбір маңызды бағыттары қайта қаралғаны сіздерге мәлім. Соның ішінде жаңадан қабылданған Бюджеттік кодекс пен Салық кодексі ерекше роль атқарады.

Жаңа Салық кодексінде шағын бизнеске, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге арнайы жеңілдікпен салық тәртіптемесі, оларға қолайлы басқа да жеңілдіктер қарастырылған. Осы шаралар үстіміздегі жылдан бастап біздегі бизнес ортасының іс-қимылына жақсы әсерін тигізері даусыз.

Тұрғын үй құрылысының Мемлекеттік бағдарламасының жоспарын орындау барысында,  Елбасының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдігі тоқырай бастаған құрылыс салаларын жедел қолдау шараларын жасап, бұл мәселені тұрақтандыруды қолға алды. 2008 жылы облыста барлық қаржы көздерінен 370 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Бұл жоспардағыдан 46 мың шаршы метр артық. Демек, біз бүгінгі күннің өзінде бұл бағдарлама бойынша биылғы жылдың бірінші тоқсанының көрсеткішін орындадық.

Соңғы кездері ел көлемінде көтеріліп жүрген алданып қалған үлескерлер мәселесі біздің өңірде кең көлемде орын алған жоқ. Бір ғана тұрғын үй құрылысының алданып қалған үлескерлер тобының шағымдары құқық қорғау органдарының араласуымен оң шешімін табуда.

Сонымен қатар екі мекеменің салынып жатқан үйлерінің құрылысы («АКМ-Консалтинг» және «Лашын-Инвест» ЖШС) созылып кетіп, үлескерлердің наразылығын туғызды. Бұл мәселе де бақылауға алынды.

Үстіміздегі жылы тұрғын үй құрылысы Мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда жылжымайтын мүлік рыногын жандандыру үшін ипотекалық несие берудің жаңа жүйесі іске қосылмақ. Үкіметтің бұл шарасы да осы салаға оң әсерін тигізеді деп үміт етеміз.

«Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» жалпыұлттық Бағдарламасы аясында, өздеріңізге мәлім, жалпы құны 4 миллиард АҚШ долларына тең келетін алты серпінді жоба біздің облыстың үлесіне тиді. Жобалардың толық іске асуы жылына 440 миллиард теңгенің өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Бұл – экономиканы тұрақтандырудың батыл бес қадамының іске асуының бірден-бір алғышарттары. Жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарды қолдау, бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер шығару, шағын және орта бизнесті дамыту сияқты дағдарысқа қарсы бағытталған мәселелердің шешімін табуға шынайы ықпалын тигізеді.

Облыс әкімінің есебінде көрсеткеніндей, 2008 жылы елді мекендерге газ жүргізу инновациялық жобасын іске асыру барысында 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Соның ішінде Мәртөк ауданына газ тарту магистральдық желісінің жұмысы былтыр аяқталды. Биылғы жылы Қобда, Байғанин аудандарына магистральды газ құбыры тартылады. Алға, Шалқар, Хромтау, Мұғалжар аудандарының және Ақтөбе қаласының оннан астам елді мекенін газбен қамтамасыз ету тәрізді жұмыстарды басқа жерлерде де жалғастыру көзделуде.

Елбасының тапсырмасымен Үкімет қабылдаған тұрақтандыру жөніндегі Жоспары және әкімдіктің дағдарысқа қарсы іс-шараларына сай биыл әлеуметтік және саяси маңызы бар жобалардың барлығын да іске асырамыз. Себебі қандай болса да жобаның іске асуы облыс тұрғындарының күнделікті өміріне бірден-бір жаңа өзгерістер мен жеңілдіктер әкеледі. Ертеңгі күнге деген сенімі мен үмітін нығайта түседі. Сондықтан бұл жобаларды іске асыруда облыс деңгейіндегі атқарушы билік басындағы барлық басшыларға қатаң талап пен сұраныс қойылады.

Экономикамыз даму арнасына көшкен соңғы жылдардан бері облысымызда адам ресурстарын дамыту ең маңызды мәселе ретінде қарастырылуда. Жыл сайын әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, Ұлы Отан, Ауған және локальды соғыстарға қатысушыларға, мүгедектерге және студент-шәкірттерге берілетін жеңілдіктер мен жәрдемақылар, өнер, мәдениет қайраткерлеріне, мұғалімдер мен дәрігерлерге және оқу озаттарына берілетін көтеріңкі шәкіртақылар –  осының айқын дәлелі.

Президенттік «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы бойынша және жергілікті бюджет есебінен өткен жылы бес  мектеп, облыстың елді мекендерінде 22 балабақша, мектепке дейінгі 26 шағын орталық ашылды. Биыл 16 мектеп пен алты балабақша құрылысы жүргізілуде.

Денсаулық сақтау саласында 15 нысан пайдалануға берілді. Соның ішінде Ойылдағы орталық аурухана, 10 медициналық қосын және 3 дәрігерлік амбулатория бар. Ақтөбе қаласында жаңа ғимаратта қазіргі заманғы медициналық құралдармен жабдықталған 2-ші қалалық емхана филиалы жұмыс істей бастады.

Сәулеті жағынан Астана, Алматы әуежайларынан кем түспейтін, жылына 2 миллион жолаушыларға халықаралық деңгейде қызмет көрсететін Ақтөбе әуежайы іске қосылды. Енді облыс тұрғындары мен қонақтарына қазіргі заманның қолайлы және жетілдірілген ұшақтарымен қызмет көрсету үшін ірі-ірі әуе компаниялармен келіссөз жүргізілуде.

Өткен жылы облыс аумағында ұзындығы 200 шақырымнан астам жаңа және сапалы тас жол салынып, 500 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді, сонымен бірге он шақты көпір іске қосылды.

Халықтың асыл мұраларын өзіне қайтаруды көздейтін тарихи маңызы бар ескерткіштерді қайта жаңғыртуды қамтамасыз ететін, әлемнің әр шалғайында шашырап жатқан тарихи деректерімізді жинақтап, болашақ ұрпаққа тапсыру мәселесін шешетін, болашаққа рухани баға беретін «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыс жұртшылығының көңілінен шығып, ризашылығына ие болған ауқымды шаралар іске асты. Облыс тарихында тұңғыш  рет екі бірдей діни, рухани орталық – «Нұр Ғасыр» жамиғат мешіті мен «Свято-Никольский» православиелік соборының бой көтеріп, оның ашылу салтанатына екі ел арасындағы экономикалық форумға басшылық еткен Қазақстан мен Ресей Президенттері  Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведевтің қатысуы оған үлкен мәртебе мен дәреже бергені сөзсіз.

Жылдар  бойы ойға түрткі  болып жүрген Әйтеке би бабамыздың ескерткіші өзінің қалаулы шешімін табуы Ақтөбе жұртшылығының рухын асқақтата түсті.

– Үстіміздегі жылы әйгілі бабамыз, асылдың тұяғы, қазақ ұлты үшін Отан соғысына пара-пар Аңырақай шайқасының қолбасшысы, Кіші жүздің ханы Әбілқайыр бабамыздың жерленген жерін зерттеп, басына Ханға тән кесене орнатсақ па деген мақсат бар, – деді облыс басшысы.

Облыстың спорт тарихында тұңғыш рет «Ақтөбе» футбол командасы үшінші мәрте еліміздің чемпионы болып, еліміздің екі бірдей кубогын иеленуі, сонымен қатар республиканың футбол  тарихында  бұрын қол жетпеген   Достастық және Балтық жағалауы елдерінің Кубогында финалға шығуы күллі қазақстандықтардың патриоттық сезімін көтеріп, бойын мақтанышқа бөледі.

Орта және шағын бизнеске – кең өріс

Экономикалық дағдарысты жоюдың бірден-бір тиімді тетігі индустриялық сала мен инфрақұрылымдарда инновациялық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру болатынын айта келіп, облыс әкімі бұл жұмыстардың алда да жалғаса беретінін әңгімеледі. Аймақта 2009 жылы инвестициялық бағдарлама бойынша барлығы 200-дің үстінде жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде 80 жоба әлеуметтік салалар бойынша болмақ. Дағдарысқа қарсы аймақтық бағдарламаға сәйкес, экономиканың барлық салалары бойынша 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Облыста аймақ экономикасының дамуына кең жол ашатын жаңа жоғары технологиялардың және жүйе құратын өндірістердің дамуына қолайлы жағдай туып отыр. Аймақтың өндірістік қуатын нығайтудың қуатты құралы 2007-2010 жылдарға арналған аймақтық инвестициялық даму бағдарламасы екені даусыз. Оның ішінде индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру бағдарламасы бойынша 2008 жылы 52 нысан іске қосылды. Оның бірқатары – «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» жалпыұлттық жобасына кіретін ірі нысандар. Олардың ішінде хром байытатын «Восход-Ориел» жаңа кен байыту комбинаты, Ақтөбе мыс комбинатының тау-кен байыту комбинатының екінші кезегі, Жаңажол газ өңдеу зауытының газ-труба электр стансасы, «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы аймақаралық электр берілісі – 500» желісі сияқты нысандар бар. Базальттың талшық және жылу сақтау материалдары, газ-бетон, пенобетон, кірпіш, шпал зауыттары іске қосылды. Рафинадталған күнбағыс майын шығаратын зауыттың үшінші кезегі, сондай-ақ керамзит қиыршық тасы мен құрылыс блоктарын шығаратын зауыттар пайдалануға берілді. «Актюбрентген» акционерлік қоғамын толық қайта жарақтандыру аяқталды. Зауыт жылдың таңдаулы кәсіпорны деп танылды және Мемлекет басшысының «Қазақстанның  таңдаулы тауары», «Алтын сапа» сыйлығына ие болды.

Алда аяқталатын ірі жобалардың қатары аз емес. «Қазақстан – Қытай құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұзындығы 792 шақырым Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырының құрылысы бітеді. «Лад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнай сақтайтын кешенді қайта жарақтандырды. «Казахстанпроминвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тері шикізатын өңдеу зауытын іске қосады. Басқа да нысандар пайдалануға беріледі.

Биылғы жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы қуаты жылына 8 млн. тонна мұнай өңдейтін зауыт құрылысын бастауды жоспарлап отыр. «Самрұқ – Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бізбен бірге азот тыңайтқышын өндіретін фабриканың, теміржол вагондарын шығаратын зауыттың құрылыс жобаларын жасауда.

Жобалардың басым көпшілігі әлеуметтік салалармен байланысты болды. Облыс аудандарында электр қуатын беру жұмыстары толық аяқталды. Барлық елді мекендерде телефон байланысы бар. Енді оларға кешенді түрде газ беру жалғасуда. Жаңа жыл құрылысын салуға және бұрынғы автомобиль жолдарын қайта жарақтандыруға, тұрғын үй мен сумен жабдықтау нысандарына айрықша басымдық беріледі.

Өткен жылдың соңғы күндерінде ұзындығы 475 шақырым «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы аймақаралық электр берілісі желісі – 500» құрылысы аяқталды. Сол арқылы біз ресейлік жеткізушілерден қуат көзіне өзіміздің дербестігімізді қамтамасыз еттік. Қазір облыс қуат көзіне тәуелді емес.

Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі республикалық агенттікпен және қуат көзімен жабдықтаушы кәсіпорындармен бірлесе отырып, біз қазірдің өзінде жылдың басынан бастап электр қуаты тарифін тұрғындар үшін 10 пайыз, заңды тұлғалар үшін 3 пайыз төмендетуге шешім қабылдадық.

Қызметтің бұл түрінің бағасын төмендетудің екінші кезеңі үстіміздегі жылдың наурыз айында қаралады.

Мұнымен бірге облыс әкімі үстіміздегі жылы да табиғи монополиялардың газ, жылу, ыстық және салқын су бағаларын, сондай-ақ қоғамдық көлік жолақысы тарифін көтермеуге, ал электр қуатын керісінше – төмендетуге бағыт ұстап отырғанын айтты. Әкім бұл кәсіпорындар шығынды азайта отырып, дағдарысқа қарсы тұруға қабілетті екенін атап көрсетті.

2008 жылдың  сәуірінен бастап облыс мұнайға ілеспе газды пайдалануға толық көшті. Оның бағасы тұрғындардың бір бөлігі бұрын пайдаланып келген табиғи газдан үш есеге жуық, ал әлемдік бағамен салыстырғанда 13 есе арзан.

Әкім аймақтың экономикалық даму дәрежесін, ішкі жалпы өнім өндіруді шағын және орта бизнестің шешетінін алға тартты. 2009 жылы бұл салаға облыстық бюджеттен кемінде 3,5 млрд. теңге бөлінетін болады. Ал Үкімет арнаулы бағдарлама бойынша несиелеу траншын ашу арқылы 10 млрд. теңге көлемінде қолдау көрсетпек.

Ендігі жерде кәсіпкерлердің осы қаржыны тезірек және өздеріне қолайлы жағдайда алуларына қажетті мүмкіндіктер жасау керек. Соның нәтижесінде атқарушы билік шағын және орта бизнестің жедел дамуына қолайлы шаралар алады.

2009 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешені қаржыландырудың барлық көздерінен 7 млрд. теңге қаржы алатын болады. Бұл қаржылар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға – астық және көкөніс секторларына, сондай-ақ ет, сүт өнімдерін өңдеуге жұмсалады. Экономиканы тұрақтандырып, нығайту бағдарламасының шеңберінде жылыжай шаруашылықтары, көкөніс сақтау, құс фабрикасы, тауарлы сүт фермалары, мал семірту алаңдары, ет өңдеу кешендері, басқа да  осындай салаларға қатысты желілерді құру көзделуде. Олардың арасында «Ізет» жауапкершілігі шектеулі кешенінің 3 гектар жылыжайы, шошқа өсірумен айналысатын Бестамақ кешендері болады. «Рамазан», «Ақ құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері құс фабрикаларын қайта жарақтандырып, ұлғайтады. Мәртөк, Қарғалы аудандарында 2 тауарлы сүт фабрикасы, Мұғалжар ауданында 40 мың қой семіртетін алаң болады.

Есептің соңында облыс әкімі биыл 140 жыл толатын қаламыздың мерейтойын лайықты қарсы алу мәселелеріне, Республиканың Ұлттық банкі енгізген ұлттық валютаны ауыстыру бағамына байланысты жағдайларға тоқталды. Баға саясатында тұрақтылықты сақтауға, инфляцияға, бірінші кезекте азық-түліктің қымбаттауына жол бермеуге атқарушы биліктің барлық салаларына тапсырма берілгенін мәлімдеді.

Әкім есебіне жоғары баға берілді

Облыс әкімінің есебінен кейін алғашқы сөзді «Құмқұдық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Александр Чемоданов алды. Ол басқаратын серіктестік – Әйтеке би ауданындағы астық өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтардың бірі. Облыс орталығынан 400 шақырым жердегі шаруашылық «Саратов – 70» жоғары сортты бидай өсіру арқылы мол өнімге жетіп отыр.

Осындай бітік астық өсіріп, өнімін рынокқа шығаратын серіктестіктің экономикалық жағдайы жақсы. Мұндағы халықтың әл-ауқаты да жыл сайын артып келеді. Қазір селода жаңа үлгідегі орта мектеп ғимараты салынып жатыр. Оның құрылысы 2009 жылы аяқталады деп күтілуде.

Серіктестіктің бастамаларына, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға облыс әкімінің әркез қолдау көрсетіп отырғанын айта келіп, депутат жер мәселесіне тоқталды.

– Әсіресе, егістік жерді қорғаудың уақыты келді. Ол бос жатпауға тиіс, нағыз қожайынына берілуі керек, – деді ол. – Себебі жер – мемлекеттің байлығы. Оны дұрыс пайдаланғанда, жер өз қожайынын тапқанда ғана одан табыс алуға болады. Бұл ретте еліміздің «Жер туралы» заңының талаптары мүлтіксіз орындалуға тиіс. Мұнымен бірге ол жерді пайдаланумен айналысатын шаруашылықтарды ірілендіру мәселесін көтерді. Жергілікті жерлердегі жолдардың қиын жағдайда тұрғанын айтты.

Облыстық мәслихаттың депутаты Тәттігүл Талаева өзінің сөзінде облыста әлеуметтік көмектің жоғары дәрежеде шешімін тауып отырғанын баяндады. Мұндай жағдай өзге бірде-бір облыста жоқ. Тек өткен жылы 16 мың жұмыс орны ашылды.

Кәсіпкер депутат Үкімет тарапынан шағын және орта бизнесті тексеруді тоқтату туралы мораторийді үстіміздегі жылы да созудың қажеттігіне бірсыпыра дәлелдер келтірді. Іскер әйелдер қауымдастығының облыстағы жетекшісі ретінде әйелдерді қызмет бабында өсірудегі облыс әкімінің атқарған жұмысына үлкен алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

«Ақжол» партиясының облыстық филиалының жетекшісі Ізімғали Көбенов форумға қатысушылардың назарын барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беруінің тиімді шара болғанына аударды. Бұл іс халық пен атқарушы биліктің арасын жақындастырды. Тұрғындар әкіммен тікелей жүздесуге, бетпе-бет кездесіп өз тілегін білдіруге, талабын қоюға мүмкіндік алды. Міне, бұл биыл 5 жыл бойы жалғасып келеді.

Ізімғали Көбенов облыстың өткен жыл ішіндегі қол жеткен табыстарына, ізгі көрсеткіштеріне нақтырақ тоқталды:

– Облыс әкімінің өткен жылғы есеп беруінде Әлия Молдағұлованың ескерткішін Астанаға орнату мәселесін көтерген едім. Сол айтқаным орындалды. Және шалғайдағы Ойыл ауданында аудандық аурухана салудың қажеттігін айтқан болатынмын. Таяуда аудан орталығында сол аурухана пайдалануға берілді. Ғимарат құрылысы  барлық талапқа сай келеді. Биыл «Невада-Семей» қозғалысына 20 жыл толады. Біздің облысымызда атом жарылысынан зардап шеккендерге де жеңілдіктер қарастырылған.

Форум жұмысына қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаты Серікжан Мұқашев, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының хатшысы Сергей Громов өздерінің сөздерінде сайлауалды бағдарламаларында баяндалған шаралардың орындалу жағдайына, қоғамымыздың даму мәселелеріне тоқталды.

Партия жетекшісі Сергей Николаевич «Нұр Отан» партиясының тарапынан қабылданған бағдарламалардың ел ішінде қалай орындалып отырғанын хабарлады. Дағдарысқа қарсы шаралар алу үшін бюджеттен бөлінген қаржыларға қатаң бақылау орнату мәселелеріне тоқталды. Оның сөзіне  қарағанда, бұған мүмкіндіктер бар. Өйткені «Нұр Отан» партиясының басым көпшілігі – әр деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары.

Мұнымен бірге партия қайраткері өзінің сөзінде Ақтөбе облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайына жоғары баға берді. Облыстың республикада өзіндік орны барын, оның еліміздің жетекші төрт облысының бірі екенін атап көрсетті.

Қазақстан Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Алмат Мурзин Елбасының саясатын нақты жүзеге асыруда аймақта елеулі шаралардың жүзеге асырылып отырғанын баяндап, оған жоғары баға берді.

Форум соңында облыс әкімі Елеусін Сағындықов қорытынды сөз сөйлеп, алдын ала және есеп барысында көпшіліктен түскен сауалдарға жауап берді. Көпшілік сауалдарды  шешуге болатынын мәлімдеп, қайсыбірін кеңірек ойластырып, сауал иелеріне кейінірек жауап қайыруға уәде берді.

Форумға жиналғандар бір ауыздан облыс әкімінің жылдық есебіне жоғары баға берді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button