Денсаулық

Ақтөбе «100 аурухана» бағдарламасын аяқтады


Сәрсенбі күні Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова келді. Министр Ақтөбе қаласының Жаңақоныс ауылы бағытында орналасқан 300 кереуеттік облыстық аурухананың ашылу салтанатына қатысып, заман талабына сай жабдықталған жаңа ғимаратқа «100 аурухана құрылысы» мемлекеттік бағдарламасының жемісі ретінде жоғары баға берді.

Аурухана өзара байланысқан 4 блоктан тұрады екен. Жалпы көлемі 65 мың шаршы метрді алып жатқан ғимараттың жалпы құны 11,8 миллиард теңгені құраған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Сабырдың айтуынша, көп салалы стационар ретінде жұмыс істейтін жаңа аурухана ересек пациенттерге қызмет көрсетеді. Мұнда 20-дан астам емдеу-диагностикалық бөлімшелер бар. Терапия, кардиология, кардиохирургия, хирургия, травматология, неврология салалары бойынша бөлімдер жұмыс істейді. Кең көлемде хирургиялық көмек көрсетуге арналған ауруханада эндовидеохирургия құралын қолдану арқылы денені аз зақымдайтын операциялар жасалатын, операциядан кейін науқастың тез жазылуын бақылайтын тамыр хирургиясы, нейрохирургия бөлімшелері бар. Компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтар, ангиограф, ультрадыбыстық сканнерлер, «жасанды бүйрек», «жасанды бауыр» аппараттары және барокамералар Еуропа елдерінде, Ресейде, Оңтүстік Кореяда біліктілігін жетілдірген жоғары санатты қызметкерлердің көмегімен қолданылатын болады.

Аурухананың ашылу салтанатына жиналған ақтөбелік медицина қызметкерлерін құттықтаған Салидат Қайырбекова денсаулық сақтау саласын дамыту Елбасы қойып отырған жоғары талаптарға сәйкес болуы керектігін айтты.

— Аймақ тұрғындарын жаңа медицина орталығының ашылуымен құттықтаймын. Әлем елдерінде медицина саласы қарқынды дамып, адамзат алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Бір орында тұруға болмайтынын, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау керектігімізді уақыт өзі көрсетті.

Уақыт талабына сай жабдықталған мына зәулім ғимараттың ашылуы ақтөбеліктер үшін үлкен сый деп ойлаймын. Бұл — «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қойып отырған талаптарды, Елбасы міндеттеген барлық тапсырмаларды жүзеге асыру барысында ұлтымыздың денсаулығын нығайту үшін қолға алынып жатқан игі шаралардың бірі. Енді, ең бастысы, осы ауруханада біз көрген медицинаның заманауи технологиялары, құрал-жабдықтары тұрғындар игілігіне жұмыс істеуі керек, — деді министр.

Жаңа ғимараттың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов барлық деңгейдегі атқару органдары медицина саласына өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторы ретінде назар аударып отырғанын айтып, жалпы көрсеткіштерге тоқталды.

— Денсаулық сақтау саласын тиімді қаржыландырып, қызметкерлерді ынталандыру мақсатында облысымыздың 45 медициналық мекемесіне өз алдына шаруашылық жүргізу құқығы беріліп, оның ішінде 23 мекемеде конкурстық негізде қоғамдық бақылау кеңестері құрылған.

Облыста «Саламатты Қазақстан», «100 аурухана құрылысы», «Денсаулық сақтау саласының 350 нысаны», Ұлттық скринингтік бағдарлама сияқты еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың стратегиялық жобалары табысты жүзеге асырылуда. Осы тұрғыда алғашқы медициналық-санитарлық көмек беруді жетілдіру, саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту, туберкулезге қарсы күресті күшейту, ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендету, кардиологиялық және онкологиялық қызметтерді дамыту, инновациялық технологияны енгізу бойынша жасалып жатқан жұмыстарды айтып өтуге болады.

Биыл денсаулық сақтау саласының 12 нысанын салуға бюджеттен 2,7 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және 50 емхана құрылысы» бағдарламасының аясында биыл Темір ауданында күніне 250 пациентті қабылдайтын аурухананы, сондай-ақ, облыстың даму мүмкіндігі жоғары ірі елді мекендерінде 9 дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға бердік. Осы облыстық аурухананы пайдалануға беру арқылы Ақтөбе өңірі «100 аурухана құрылысы» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмысты табысты аяқтап отыр деуге болады. Енді жыл соңына дейін Ақтөбе қаласының 12-шағын ауданында күніне 500 пациентті қабылдайтын емхананы ашамыз, — деді А.Мұхамбетов.

Ол облыстың медицина мекемелерінде мамандар жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында биыл ауылға барған жас мамандарға көтермеақы төлеу үшін мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жәрдемақыға қосымша 60 миллион теңге бөлінгенін айтты. Аймақ басшысының айтуынша, екі жылдың ішінде облыс ауылдарындағы дәрігер жетіспеушілігі проблемасын толық шешуге мүмкіндік бар.
Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында министр Салидат Қайырбекова Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің медициналық орталығына, Ақтөбе қаласының Оңтүстік Батыс шағын ауданында ашылған жаңа дәрігерлік амбулаторияға барып, Хромтау ауданында болды. Медицина университетінің оқытушылары және студенттерімен, облыстың медицина қызметкерлері активімен кездесті.

Айгүл БАЙМЕНОВА.     

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button