Денсаулық

Дәрігерлік жаңа сапа жүйесі: бәсекелестік пен байланыс

Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев ресми сапармен Ақтөбе облысына келді.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина  университетінде облыстың ауруханаларының, емханаларының, жеке құрылымдардың бас дәрігерлерімен, профессор құрамдарымен кездесу өткізді.

– Жұмыс сапарымның негізгі мақсаты – Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін құру туралы жұмыстарды жүргізу, – деді министр. – Мемлекетіміз әлемнің алдыңғы қатарлы 50 еліне енуі үшін халықтың денсаулық сақтау мәселесі басты өлшемдердің бірі болып табылады. Міне, осындай талаптар үдесінен шығу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Үкімет мүшелері халықтың тұрмысын, әл-ауқатын, денсаулығын көтеру мәселесіне баса назар аударуда.

Атап айтар болсақ, 2008 жылы Қазақстан Республикасында денсаулық сақтаудың 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Сондай-ақ, Президент сол жылы Шымкент қаласында өткен үлкен жиында Денсаулық сақтау министрлігіне нақты тапсырмалар берді. Еліміздің барлық жерлерінде жаңа ауруханалар, емханалар салынып, пайдалануға берілуде. Соңғы 3 жылда емделген халықтың 60 пайызы зейнет жасына дейінгілер болса, 30 пайызы зейнеткерлер мен балалар болып табылады.

Алайда елімізде науқастарды емдеу үшін бөлініп отырған қаржы әлі де көтеруді қажет етеді. Мәселен, Ақтөбе облысындағы тұрғындарды толық емдеп шығу үшін бір науқасқа 45 мың теңге қаралған. Шын мәнісінде бұл аздық етеді. Сонымен қатар еліміз бойынша науқастар мен дәрігерлер арасында байланыс жоқ. Мәселен, бізде науқастардың анализін ертеңгісін қабылдау қалыптасқан. Яғни ертеңгісін адамдар топырлап тұрады, үлгергені үлгереді, үлгермегені ертеңіне тағы салпақтайды. Ал дәрігерлік мекемедегі дәрігерлер түс ауа бос отырады. Науқастар өздеріне қажетті аурухананы немесе дәрігерді таңдай алмайды. Тұрған мекеніне байланысты тіркелген учаскелік емханаларға ғана бара алады. Ал бұл дәрігер науқастың көңілінен шыға ма, емдей ала ма, бұл жағы ескерілмейді.

Жақсылық Ақмырзаұлының айтуынша, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі екі кезеңде жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде, яғни 2010-2015 жылдары мемлекеттік міндетті медициналық қамтамасыз ету орталықтандырылып, әзірлік жұмыстары жүргізіледі. Ал 2020 жылы бірыңғай жүйе толығымен жүзеге асырылады.

Елімізде бұл жүйеге өту үшін дәрігерлер мен медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестік, адамдардың дәрігерді немесе аурухананы өзі таңдауы, көрсетілетін медициналық қызметтің ашықтығы, түпкі нәтижені межелеу қажеттіктері туындайды. Сондай-ақ, мемлекеттің халық алдындағы, жұмыс берушілердің, азаматтардың жауапкершілік ынтымақтастығы да қажетті факторлар болып табылады.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button