Құқық

Сот және сенім

«…Қазақта «билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар. Әділ қазылық ету — кез келген судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал, әділ болуы керек.  Қазы — халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Айыпкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді…    

…Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам — ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз — дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан — 2050» стратегиясының басты межелерінің бірі — осы…».

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың

                                      Қазақстан судьяларының VI съезінде сөйлеген сөзінен. 

 

Сот және сенім

 

Өткен аптада Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Сот қауымдастығындағы маңызды шараның бірі — кезекті Қазақстан судьяларының VI съезі өтті. Съезге облыстан барлығы 34 адам қатысты.  Оның 23-і делегат, ал қалғандары қонақ ретінде шақырылды.

Елімізде төрт жыл сайын өтетін бұл алқалы жиыннан алған әсерлер мен өңірдің  алдағы сот жүйесі қызметіндегі өзгерістер, атқарылар міндеттер туралы бірқатар делегаттардың пікірі төмендегідей.

 

Оң нәтиже, оңтайлы шешім

 

Ерлан Айтжанов, облыстық сот төрағасы:

— Қазір елдегі экономикалық-әлеуметтік және саяси реформалар, халықаралық және өңірлік бастамалар, жаһандық жасампаз істердің барлығы дерлік Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында өткен дәстүрлі судьялар съезінде Елбасы соттардың қызметін әрі қарай дамыту, Конституция мен заңдардың сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы және сот жүйесінің құқықтық, ұйымдастырушылық жағынан нығаюы бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасуына Президенттің үнемі көңіл бөліп отыруы болашаққа деген сенімді арттыра түседі. Егемендік алғаннан бері еліміздің сот жүйесінде судьялар съезі алтыншы рет өткізілді. Әрбір съездің маңызы ерекше. Мұндай алқалы жиындар судьялар қауымдастығында түйінді мәселелердің өз мәнінде шешімін табуына ықпал етеді.

Қазақстан судьяларының VI съезі — сот қауымдастығындағы маңызды шараның бірі. Елбасы сот жүйесінің шын мәнінде тәуелсіздігіне көңіл бөліп, беделін көтеру туралы ұсыныстар келтірді, жүктемені азайту үшін судьялардың жалпы штат санын 25 пайызға көбейту, судьяларға қысым жасағандарды әшкерелеу қажеттігін тапсырды.

Қазір облыста барлығы 20 сот қызмет атқарады, оларда 104 судья сот төрелігін жүзеге асырса, 260 сот маманы үлкен жүкті көтеруге көмектеседі. Жыл сайын өңірде 25 мың азаматтық, он бес мың әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс және екі мыңға жуық қылмыстық іс өз шешімін тауып жатыр. Азаматтық істер бойынша талап арыздардың көбеюі азаматтардың сотқа деген сенімінің артқанын байқатады.

Елбасы сот корпусының алдына халықтың сот билігіне деген сенімін арттырып, сот қауымдастығының рөлін көтеру турасында нақты тапсырма жүктеген болатын.  Бұл тапсырма еліміздің сот корпусында, оның ішінде  аймақ соттарымен де оңтайлы жүзеге асырылып жатыр.

Төрт жыл сайын өтетін бұл алқалы жиынның берері мол. Өйткені сот тәжірибесінің біртұтастығы мен сот төрелігінің тиімді құқықтық базасы құрылып, соттардың тәуелсіздігі бойынша іс-шаралар жүзеге асты, халықаралық талаптарға сай алқабилердің қатысуымен сот өндірісі енгізіліп, сот ісін жүргізуді оңтайландыру қолға алынды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының осындай алқалы жиында қабылдаған шешімдері еліміздің құқықтық үстемдігі мен қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып, Қазақстанның өркениетті құқықтық мемлекет ретінде халықаралық рөлін жоғарылататыны анық.

 

Түсіндіру жұмыстары басталды

 

Айтуған Маханбетов, Шалқар аудандық сотының судьясы:

— Республика судьяларының съезі қазылардың ойын айтатын, пікірін білдіретін, ұсынысын жеткізетін үлкен диалог алаңы ретінде ұйымдастырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас болған бұл съезде шетелден келген әріптестеріміз көп болды. «Сырт көз сыншы» демекші, олардың өз тәжірибесімен бөліскені, біздің сот төрелігінің жаңашылдығымен танысқаны, әрине, құптарлық жағдай. Ал, бұл съездің жаңалығы ретінде сот құрамының тағы 450 судьяға толығуын айтар едім. Яғни, бұл біздің әріптестеріміздің қатары үлкен сұрыптаудан өткен, ақ пен қараны әділ таразылауға деген ынтасы жоғары, білімді мамандармен толығатынының дәлелі. Бұл сот жүктемесін азайтуға, істердің сапалы қаралуына ықпал етері даусыз. Қазір барлық өңірлік соттардағы жүктеме шамадан тыс жоғары. Бұл қиыншылықты жеңуге судья көмекшісі лауазымының енгізілуі де игі ықпалын тигізеді деген сенім мол. Аталмыш лауазымды енгізу соттарды басы артық жұмыстардан, қағазбастылықтан арылтады. Әрі судья көмекшісі болып еңбек жолын бастаған, тәжірибесін шыңдаған мамандар қазылықтың қыр-сырын жетік меңгереді. Олар ертең білікті судьялардың қатарын толықтырады.

Республика судьяларының VІ съезінде Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми сот жүктемесін азайтудың тағы бір жолы ретінде қолданысқа енгізілген «Медиация туралы» Заңның әлі де кең қолданылмай отырғанын айтты. «Өкінішке орай, дауларды медиация арқылы шешу баяу қалыптасып келеді және күткендей нәтиже бермей отыр. Медиация аясында қаралатын азаматтық-құқықтық даулардың саны аз» — дей келіп, алдағы уақытта бітімгершілікпен бітетін істерді көбейтудің тетіктерін іздеуді, медиаторларға барынша қолдау көрсету керектігін тапсырды. Сондай-ақ, ол сот саласына қатысты сынның аз айтылмайтынын, оларға дер кезінде сауатты жауап беру керектігін, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнату қажеттігін тілге тиек етті.

Халық пен сот арасындағы алтын көпір саналатын ақпарат құралдарымен қазіргі байланыс жақсы. Соттағы ашықтық пен қолжетімділіктің жоғары дәрежеге көтерілуі соның айғағы. Десек те, судьялардың VI съезінде айтылған ұсыныстар мен берілген тапсырмаларды дер кезінде,  сапалы орындауға бәріміз атсалысамыз. Сот саласына сенім артқан Елбасының үмітін ақтау, өзіміз тер төгіп жүрген төрелік алаңын таза сақтау бәріміздің парызымыз.

Осыған орай, алқалы жиында талқыланған әрбір мәселелер туралы Шалқар аудандық сотында жедел кеңес өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Елбасының съезде айтқан  тапсырмалары жөнінде нақты атқарылатын жұмыстардың іс-жоспары белгіленді. Соның ішінде азаматтардың сотқа қолжетімділігін арттыру, соттағы ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мәселелері басты назарда болмақ. Осы арқылы жұртшылықтың сотқа деген сенімін арттыра түсу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілетін болады.

 

Меже және биік белестер

 

Аслан Мұқанов, Хромтау аудандық сотының төрағасы: 

— Еліміздің сот жүйесі қызметкерлері бас қосқан алқалы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бұл кездесу жай ғана басқосу емес. Өздеріңізге белгілі, осыдан бір жыл бұрын мен Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасын жарияладым. Осы бағдарламаның ең негізгі түйіні — сол кезге дейін дүниенің өркендеп-өскен, ең байыған 30 мемлекетінің қатарына кіреміз деп отырмыз. Біз меже қылған биік белестер барлық саладағы игіліктерді көздейді. Сондықтан сот жүйесі сол елдердің сот жүйесімен бірдей болуы керек. Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажет. Бұл туралы мен стратегияда нақты көрсеттім. Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы Сот болып табылады. Жоғарғы Соттың абыройы — Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы» — деп атап өтуі сот жүйесі саласы қызметкерлерінің жауапкершілігін одан әрі нығайтуына ықпал еткендей болды.

Араға төрт жыл салып өтетін ел судьяларының басын қосқан дәстүрлі съезде көтерілетін мәселелер мен қабылданған шешімдер алдағы күнге нақты бағыт-бағдарды белгілейді, жұмыстың жүйелі жүруіне ықпал етеді. Өйткені Елбасы сөзімен айтсақ, өткен төрт жылда Қазақстанның сот жүйесі «Соттардың тәуелсіздігі» өлшемі жөнінен бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық рейтингісіндегі өз көрсеткішін бірден 23 орынға күрт жақсартты. Әрине, бұл жақсы қадам. Бірақ соған қарамастан, біз әзірше әлемде 88-орын аламыз. Демек, 30-дың қатарында болу үшін бізге тағы 60 орынға көтерілу керек. Сондықтан құқық жүйесін, әсіресе, оның өзегі — сот төрелігі жүйесін реформалау жөніндегі жұмысты екі есе арттыруымыз қажет.

Қазақстан Республикасы судьяларының бұл съезі де өзіне дейінгі болған съездердің заңды жалғасы десек, еш қателеспейміз. Себебі олардың қай-қайсысында да еліміздегі дербес сот жүйесінің одан әрі барынша дамып, алдағы уақытта оны реформалауда оң табыстарға қол жеткізудің бірден-бір жолдары көрсетіліп отыр.

 

Әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.



 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button