Спорт

Тоғыз ауыл қатысқан жарыс

Аудан жұртшылығы асыға күткен «Ақбидай – 2009» спартакиадасы биыл мұнайлы өлке Кеңқияқта өткізілді. Бұл жолғы дода Астананың мерейтойымен орайлас келді.

Түрлі спорттық ойындардың 10 түрінен сынға түскен бәсекеде аудан жастары аянып қалмады. Оны тамашалауға келген халықтың да ынтасы жоғары болды.

Мерекелік шараның ашылу рәсімінде аудан әкім Б.Қаниев сөз алып, барша жиылған көпшілікті мерекелерімен құттықтап, сынға түскелі отырған ойыншыларға сәттілік тіледі.

Міне, осындай әдемі тілектерден кейін Мәдениет үйінің өнерпаздары өздерінің өнерлерін тарту етіп, одан әрі әдеттегідей жастардың би кешімен жалғасын тапты.

Спартакиаданың ұйымдастырылуына Кеңқияқтың белді мекеме орындары, мамандандырылған автопарк көлік басқармасы материалдық жағынан көмек көрсетті.

Ауданның 9 ауылының спортшылары бас сынасқан спорт бәсекесі екі күнге созылды.

Бірінші орындарды қазақша күрестен, шахмат, зілтас көтеру, волейбол, футбол ойындарынан Шұбарқұдық спортшылары иемденді. Тоғызқұмалақтан бірінші орын – Қайыңды, дойбыдан – Кеңқияқ, қол күрестен, үстел теннисінен Ақсай ауылдарының жастарына бұйырды.

Спартакиаданың үздік волейболшысы Айбат Неталин, футболшысы Мәди Райсов, Сәндібек Бәйдішов, түйе палуаны Мейрамбек Базылбеков атанды.

Ал жалпы командалық есеп бойынша өзара бәсекеге түскен 10 селолық округтің ішінде топ жарып, жеңіс тұғырына көтерілген Шұбарқұдық командасы болды. Ал екінші межеден Кеңқияқтың ойыншылары бой көтерсе, үшінші болып жеңіске жеткен Тасқопаның спортшылары болды.

Міне, осылайша алтыншы рет өткізіліп тұрған «Ақбидай – 2009» бәсекесі өз мәресіне жетті. Жоғарыда айтылған жарыстарға 600-ге тарта спорт сүйер жас қатысты.

Спартакиаданың ұйымдастыру жұмысының жоғары дәрежеде болуын аудандық спорт бөлімі ойдағыдай ойластырды.

М.ӘДІЛХАНҰЛЫ,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button