Ауыл

Шаһарда шөп көптік етпейді

Қазақ «малдың тамағына, малшының табағына қара» дейді. Өткен жылы дала өртіне оранған шабындық жерлердің біразы күйіп кетіп, төрт түлік малға жем-шөп дайындау маусымында аймақтағы шаруа қожалықтарының ісінде біраз қиындық туған еді. Ал биыл пішеншілер шабындық жерлерде шөп шығымының аздығын жиі айтады.

«Шөп сатқаныма он бір жыл болды»…

Хромтау ауданының Бөгетсай ауылындағы «Ырысты» шаруа қожалығының жұмысшысы Нұртаза Қонысбаев қалаға он бір жылдан бері шөп тасып, сауда жасайды. Қазір ол ағасы Нұртуғанның қарамағында жұмыс істейді.

Ауылда тұрғанымызға елу жылдай уақыт болды. Ағам да, мен де біраз жыл кеңшарда механизатор,  көлік жүргізуші болып жұмыс істедік. Кейін кеңшар тарап, әркім өз бетінше күн көре бастады. Сол кезде ағам ауыл маңайындағы алақандай ғана шабындық жерге ие болып қалған еді. Қазір сол жерді екеулеп игеріп отырмыз, – деді ол.

Нұртазаны біз қала сыртындағы мал базарынан кезіктірдік.   Шабындық жерден қалаға дейін 180 шақырымдық жол жүріп келген ол мал базарына таң алдында жетіпті.

Қазір шаруа қожалығының қарамағында бір трактор, шөп тайлау техникасы мен бір жүк көлігіміз бар. Жүк көлігін кезінде пайға алған едім. Техникалардың  қай-қайсысы да ескі. Жанар-жағармайдан бөлек шөптен түскен пайданың көп бөлігі техникаларға қосалқы бөлшектер алуға жұмсалады. Қазір қосалқы бөлшектердің бағасы да қымбат, – деді ол.

Шөп шабу науқаны басталғалы Нұртаза қалаға осымен төртінші машина шөбін әкеліп тұр.

Біз шөпті әбден бастыртып әкелеміз. Қалада шөп аз сатылып жатыр. Соңғы екі жылдан бері шөп шығымы нашарлап кетті. Қазір ауылда мал басы да кеміді. Шөп бұрынғыдай өтпейді. Бұрын шөпке сұраныс өте жоғары еді, қазір ауылдықтар шөпті малға айырбастап алғысы келеді. Сондықтан да шөпті қалаға әкеліп сатуға мәжбүр болып отырмыз. Ағам шөпті өзі шауып, өзі тайлайды. Қарамағында менен өзге екі-үш ауыл азаматы жұмыс жасайды. Олардың да еңбектерін уақытында өтеуге тырысамыз,-  деді ол.

Қазір мал базарында Нұртаза бір бума шөпті  300 теңгеден сатып тұр.  Ол өнімін көтерме саудамен алушыларға шөптің бір бумасын 250 теңгеден беруге дайын.

Мал базарында шөп сатушылардың саны аз. Көбінесе шөп Ойыл мен Қобда ауданынан келеді. Базарда тұрған орынға күніне 300 теңге төлейміз. Егер шөпті түнде базар күзетшілерінің қарауына тастасақ, ол үшін 500 теңге төлеуіміз қажет, – деді Нұртаза.

Шөпке сұраныс жоғары…

Алмас ЖЕЛТАУОВ, «Есик» ЖШС инспекторы:

– Қазір базарда мал аздау болып тұр. Базарға сатуға әкелінетін мал көбінесе Ырғыз, Ойыл, Қарабұтақ, Қобда аудандарынан келеді. Біз мал базарындағы сатушыларға, олардың әкелген малдарына барлық жағдайды жасаймыз, барлық талаптар сақталады. Малдарды  және сойылған етті ветеринарлық тексерістен өткіземіз, сондай-ақ сатушылар үшін дәмхана қызмет көрсетеді. Саудагерлер малдарын мұнда арнайы торда немесе бос жерде тұрып сата алады. Оған қоса көлікте тиелген малдар үшін де саудагерлерге базардан арнайы жер беріледі. Егер мал тиелген көлік базар ауласына кіретін болса, саудагерлер қосымша ақша төлеуі тиіс.

– Шөп сату науқаны басталды. Базарда шөп жиі сатыла ма?

– Әзірге күніне екі-үш тіркеме шөп келеді. Сатуға әкелінген шөптер тез өтіп кетіп жатыр. Себебі базарға шөп саудалап келетіндер көп. Бірақ бәріне бірдей шөп бұйыра бермейді. Кейде келген бір машина шөп мұндағы саудагерлердің өзінен де ауыспай қалады. Біз саудагерлердің сататын малдары үшін шөп дайындамаймыз. Қазір шөп Хромтау, Қобда, Ойыл аудандарынан жиі келіп жатыр. Пішеншілер шөпті қалаға 300 шақырым жерден тасиды. Биыл шөптің шығымы аз. Сондықтан басқа аудандардан әзірге шөп келіп жатқан жоқ. Дегенмен де базарға әкелініп жатқан еркекшөптердің сапасы өте жоғары.

– Пішеншілерге базарда қандай талаптар қойылады?

– Базар ауласында шөп сатылмайды. Ол үшін аула сыртында арнайы орын бар. Пішеншілер саудасын сол жерде тұрып жүргізеді. Олар шөп тұрған орынды тазалап кетуге міндетті. Ал шөп өтпей қалған жағдай болса, біз шөп тиелген  көлікті түнде базар ауласына кіргізіп қоюға рұқсат береміз. Өрттен немесе ұрлық-қарлықтан сақтау үшін базарды күзетшілер түнімен бақылайды. Сол үшін біз пішеншілерден 500 теңге аламыз.

– Базарда шөптен өзге де мал азығы сатылады. Олардың бағасы көңіл көншіте ме?

– Шөп болмай қалған жағдайда тұрғындар көбінесе кебек алып жатады. Базарда бір қап кебек 250 теңге тұрса, арпаның бір қабы 1000 теңгеден сатылып жатыр.

Жетпістегі пішенші

Бүгінде жасы жетпістен асқан Зинаддин Төлеубаевтың денсаулығы әлі тың. Оның Хромтау өңірінен қалаға қоныс аударғанына отыз жылдың жүзі болыпты. Шөп шабу науқаны басталар шақта Зинаддин ақсақалдың асай-мүсейлері шаруаға сақадай сай тұрады.

Қазір қалада  жеке үйде тұрамыз. Үйімнің ауласы өте кең. Ермек үшін мал ұстаймын. Қыстай қорадағы екі бас бие мен бір бас сиырды, он шақты жандықты өзім жайлап шықтым. Олардың жем-шөбін де өзім әзірлеймін, – деді ол.

Ұзақ жыл кеңшарда жүргізуші болып еңбек еткен Зинаддин ақсақал әлі көлік жүргізеді. Қолында шөп тайлайтын техникасы да бар.

Қала сыртындағы сай-салалардың айналасын шауып, шөпті өзім тайлаймын. Сөйтіп, үйдегі малдарымның қыстайғы азығын дайындап аламын. Өткен қысқа екі машина шөппен түскен едім, жинаған өнімім малдарыма мол жетті. Артылғанын базарға әкеліп сатамын. Қала сыртында еркекшөп көп өседі. Шөптің ол түрін мал сүйсініп жейді. Мен базарда шөп саудалап тұрмаймын. Мал сатушыларға арзан бағасына өткізіп жіберемін, – деді қария.

Мал жайлап, шөп шабудан басқа ақсақал балық аулауды да кәсіп етеді.

Кейде балық аулап жүріп, далаға қонып қалатын кездерім болады. Балықтың адам денсаулығына пайдасы өте зор. Кемпірім балықты өте дәмді қуырады. Қазір біз қылқанды балық жейтін жаста емеспіз ғой. Сондықтан қармағыма  сазан, шортандарды ілуге тырысамын. Сайда лақа деген балық бар. Ол қармаққа ілінбейді. Қылқаны аз үлкен балықты шанышқы қадап қана ұстайсың, – деді қария.

Айсұлтан, қала тұрғыны:

– Бұрынғының пішеншілері шөпті әбден бастырып, қысқа дайындайтын. Бір бума шөпті екі адам әрең көтеретін. Қазір сатылып жатқан шөптердің іші бос. Алған бағасына тұрмайды. Оның үстіне, биыл шөптің шығымы аз көрінеді.

Мен мал базарына жиі келемін. Соңғы күндері мұнда сатылып жатқан шөпті көрген емеспін.

Ардақ, қала тұрғыны:

– Мал ұстамаймын. Үйімде ермек үшін бағып отырған аз ғана тауығым бар. Соларға жем алу үшін мал базарына келіп тұрмын. Бір шелек бидай ұнтағының өзі мұнда 300 теңге тұрады. Бір шелек арпа 200 теңгеден сатылып жатыр. Қымбат.

P.S. Мал базары мамандарының айтуынша, пайданың көзін таба білген кейбір пішеншілер жаз бойы шөп жинап, оны қыста сатуға бел буады. Өйткені қыста шөптің бағасы әдеттегіден әлдеқайда шарықтайды. Мал базарына қыста шөп сұрап келушілер де көбейеді. Мәселен, бір топ бөгетсайлық пішенші биыл сәуір айына дейін базарда тұрып сауда жасапты…

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button