Құқық

Сәйкестендіру нөмірі болмаса, айыппұл тартамыз ба?

Жүз қырық бірінші

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Сәйкестендіру нөмірі болмаса, айыппұл тартамыз ба?

Үстіміздегі жылдың басынан бастап заң бойынша әрбір азамат салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН/РНН) мен әлеуметтік жеке кодтың (ӘЖК/СИК) орнына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) пайдалануға міндеттеліп отырғаны белгілі. Сәйкестендіру нөмірін қайдан алуға болады және әлі алып үлгермегендерге айыппұл салына ма?  Оны неше жастан бастап алу міндетті болып саналады? Бұрынғы СТН  мен ӘЖК-мыз енді біржола жойылғаны ма?

Әсел Шеріпқызы

Қобда ауданы

 

Бұрынғы СТН мен әлеуметтік жеке кодтарыңыз біржола жойылмаса да, мемлекеттік мұрағаттық базада сақталуда. Себебі өзіңіз айтып отырғандай, сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы Заңға сәйкес биылғы 1 қаңтардан бастап барлық заңды, жеке тұлғалар жаңа тіркелім жүйесіне көшті. Бірақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте немесе басқадай ешбір заңның бабында көрсетілген мерзімге дейін сәйкестендіру нөмірін алып үлгермеген жеке тұлғаларға, яғни, азаматтарға айыппұл тарттыру көзделмеген. Жеке сәйкестендіру нөмірлері азаматтардың 1997 жылға дейін алған жеке куәліктерінде және кәмелетке толмағандардың    арасында 2007 жылға дейін берілген туу туралы куәліктерінде ғана көрсетілмеген. Сәйкестендіру нөмірін алу міндетті болып саналатын шекті жас мөлшері нормативтік құқықтық кесімдермен белгіленбейді. Себебі балаларға оның қажеттілігі банкіден олардың атына есепшот ашылған немесе жылжымайтын мүлік ресімдетілген (мемлекеттік тіркеуден өткізілген) жағдайларда ғана туындайды.

Ал сіз сәйкестендіру нөмірінсіз бюджеттік орындармен, банкпен есеп айырысу, оның ішінде жалақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер алу немесе төлеу, міндетті зейнетақы жарнасын аудару, салық төлеу мүмкіндігінен айырыласыз. Жеке кәсіпкерлігіңізді (бар болса) мемлекеттік тіркеуден өткізе алмайсыз. Ондай мұқтаждықтар туындап тұрса, Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы салық басқармасынан сәйкестендіру нөміріңіз көрсетілген анықтама ала аласыз. 

 

Үй кітапшасы енді жарақсыз ба?

 

Биылғы қаңтардың басынан бастап салық төлеушінің тіркелу нөмірі мен әлеуметтік жеке код қолданылымнан шығып, екеуінің де орнын жеке сәйкестендіру нөмірі иемденіп алды. Жаңа жылдан кейін үй кітапшасы да берілмейді деп естігенбіз. Сонда оның да жарақсыз болып қалғаны ма? Үй кітапшасының орнына енді қандай құжат пайдаланылып жүр?  

Аружан Жақсылыққызы

Қандыағаш қаласы

 

Азаматтарды тұрағы бойынша тіркеу кітаптарының, қарапайым тілмен айтқанда, үй кітапшаларының ендігі жерде берілмейтіні рас. Оның есесіне талап еткен жерге тапсыру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығынан мекенжайыңыз туралы анықтама ала аласыз. Дегенмен бұл жәйт азаматтардың қолындағы (бар болса) үй кітапшаларының жарамсыз болып қалғанын білдірмейді. Олардың түпнұсқалары мен көшірмелерін мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар тануға, мойындауға міндетті.

 

Кентті неге «кент» демейміз?

 

Кәсіпкерлік шаруасымен ұзын жолдың бойында жиі жүретін едім. Қай ауданға немесе облысқа барсам да, елді мекендердің кіреберістерінен қарсы алатын тақталарға «пәлен деген поселке» деген жазулар мініп алған болып шығады. Сонда «поселок» сөзінің қазақша баламасы табылмағаны ма? Түркінің ауылдан ірі, шаһардан кіші отырықшы мекен ұғымын білдіретін «кент» деген көне сөзі қазіргі заманғы қазақ тілінің қолданылымынан шығып қалған жоқ.  Сосын «түген деген ауыл» деп жазылса, қасында міндетті түрде «село» деген сөз де жарбиып тұрады. «Село» демей-ақ, бірыңғай «ауыл» деп жазылса, елді мекеннің мәртебесі кеміп қалады ма? Қазақстанның мемлекеттік тіліндегі атауларды өз орнына қолданатын уақыт әлдеқашан жеткен жоқ па?   

Әміржан Рақымжанұлы

Ақтөбе қаласы

           

Елді мекен атауларына сіз көргендей орысша тіркестердің жазылуына «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсанда қабылданған Заңның соңғы кезге дейін қолданылып келген баптары кінәлі болатын. Оның қазақша нұсқасында «кент» деген термин жоқ еді. Ал, заң баптарының мәтіні бойынша «ауыл» деген сөз жазылса, «село» міндетті түрде тіркесетін. Енді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 21 қаңтардағы Заң осы кемшіліктің орнын толтырып отыр. Оның 1-бабының 2 тармағында жоғарыда аталған әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңның қазақ тіліндегі нұсқасында бүкіл мәтіні бойынша «поселке», «поселкелер» деген сөздер тиісінше «кент», «кенттер», ал «ауыл (село)», «ауылдық (селолық)» деп қосамжарланған сөздер бірыңғай «ауыл», «ауылдық» деген сөздермен  ауыстырылатыны тұжырымдалған. Бұрынғы заң баптарына өзгеріс енгізген жаңа заң 2013 жылдың 24 сәуірінен бастап қолданыста.

 

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

8 (7132) 51-04-13; 8-701-586-11-10; 8-771-187-47-31;

8-707-892-55-14; 8-700-961-31-20

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button