Басты бет » Ауыл » Үздіктер – үшеу. Үміткерлер неге аз?

Үздіктер – үшеу. Үміткерлер неге аз?

Жыл сайын облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы облыстағы шағын қалалар арасында «Экологиялық таза қала» және елді мекендер арасында «Экологиялық таза ауыл» конкурсын өткізіп келеді. Биылғы конкурсқа қаладан, ауылдан бар-жоғы 14 қана елді мекен қатысты. Алдын ала естісе де, қалған ауылдар жүлдеден де алдын ала үміт үзді ме екен, әйтеуір, құжаттарын тапсырмаған. Ал байқауға шын ықыласпен қатысып, үздік боп табылған үш елді мекенге комиссия мүшелері барып, біраз жайларға қанығып қайтты. Үздік үштікке енген  Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кенті, Әйтеке би ауданының Комсомол селолық округі және Мұғалжар ауданындағы Қайыңды селосы ендігі жерде ұйымдастырушылардың арнайы тағайындаған сыйлығына ие болмақ.

Комиссия қарауына алдын ала тапсырылған конкурс материалдарында ауыл жайлы толық мәліметтер, фотосуреттер, бейнематериалдары болуы керек. Қағаз жүзінде, әрине, барлығын үлгілі етіп көрсетуге болады. Дегенмен комиссия мүшелері  үлгілі үш елді мекендегі  ауыл тазалығы үшін жасалып жатқан шараларды көздерімен көріп, үздігін анықтап келуі керек болды. Ал бұл конкурстың берері көп. Өкінішке орай, бізде бұл жобаға басын ауыртқысы келмейтін ауылдар көп болып тұр. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған байқауда жылда Шалқар қаласы үздік көрініп келеді, – дейді жобаның ұйытқысы болған басқарма бастығы Жақсығали Иманқұлов.

2009 жылдың 30 мамырынан бастап 25 маусымға дейін жалғасқан байқауға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақов бастаған әр түрлі сала мамандары қазылық жасады. Ал озық шыққан үш ауылдың жай-күйін бақылап қайтқандардың ішінде облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының  табиғатты қорғау бағдарламасы бөлімінің бастығы Елена Лимешкина, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім бастығы Орақ Сисенов, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы Мерей Иманбаев және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің  бас маманы Эльза Шомпаевалар болды. Комиссия мүшелері ең әуелі 13 926 тұрғыны бар Шұбарқұдық кентіне барды. Кент әкімі Нұржауған Қалауовтың айтуынша, тазалыққа арналған екі айда біраз шаруа жасалған.

Біздің өңірде 4 сәуірден бастап 6 маусымға дейін санитарлық тазалық айлығы жүрді.  Сол екі айда 12 таза сенбілік, 10 таза бейсенбілік болып, әр мекеме өздеріне тиесілі жерлердің тазалығымен айналысты. Кентте  70 бюджеттік мекеме бар. Әр мекеме айналасындағы қоқыстарды тазартуда ауқымды жұмыстар жасады. Көктемде 84 қоқыс алаңынан 20 мың текше метр қоқыс сыртқа шығарылды. Біздегі ең басты проблема – қоқыс полигоны. Бүгінде кент әкімшілігі 100 мың текше метрлік қоқыс алаңын өз меншігіне алып, оған техникалық құжат дайындап жатырмыз. Аудан әкімдігінің көмегімен тазалық үшін жаңадан трактор тіркемесімен және тиегіш сатып алынды. Бізге маңайымыздағы Кеңқияқ  мұнай-газ өндіру басқармасы да демеушілік жасап отыр. Бүгінде әр мекеменің тазалығына қарайтын «Тазалық» атты коммуналдық мекеме жұмыс жасайды.  Маңайымызды көгалдандыру мақсатында биыл Шұбарқұдықта 1598 түп тал егілді. Сосын «Ең әдемі аула», «Ең әдемі көше», «Ең әдемі үй»  конкурстарын ұйымдастырдық. Айналасына немқұрайлы қарап, тазалықты сақтамағандардың ауласын суретке түсіріп алып, «Темір» аудандық газетінде жариялап жүрміз. Ол да болса тәртіп пен тазалыққа шақырудың бір амалы болып табылады. Бізде әлі де жасалатын жұмыстар жетерлік, – дейді кент әкімі.

Қайыңды ауылдық округіне қарайтын Қайыңды мен Алтынды ауылдарындағы халық саны – 1336. «Интергаз» ұжымы мен «Юбилейный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орналасқан екі ауыл шап-шағын, тап-таза. Ал ең мақтанышты жай -мұндағы жұртшылық толықтай жұмыспен қамтамасыз етілген. Демек, халықтың да жағдайы жақсы деген сөз. Ауыл басшысының айтуынша, алда талай жоспарлар бар көрінеді.

Біздің округімізде бұрыннан 2 орта мектеп, 1  амбулаториялық емхана бар. Енді  Қайыңдыдан 50 орындық балабақша, Алтындыдан 2 монша, 1 наубайхана ашуды жоспарлап отырмыз. Ал Алтындыдағы 25 орындық балабақшаның құрылысына «Юбилейный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік жасамақшы. Санитарлық талаптарды орындау заңдылықтарының барысында жасалып жатқан шаралар да жетерлік. Ауылымыз кішкентай болса да алдағы уақыттарда екі саябақ іске қосылып, субұрқақтар жұмыс жасайтын болады. Биылғы көктемде өңірімізге 60-қа жуық қарағай, шырша, қайың ағаштары егілді. Біздегі тазалық тек конкурс үшін жасалмайды. Бұрыннан қалыптасқан тәртіп пен талапты сезінетіндер өз маңайларын таза ұстауға тырысады. Ал  бізде жұмыссыз жүрген жанды таба алмайсыз. Биылғы жоғары оқу орнын бітіріп келгелі отырған 5 түлектің де жұмыстары дайын тұр,  –дейді кішкентай ауылда үлкен істер атқарып жүрген округ әкімі Ілияш Ниязова.

Комиссия мүшелерінің келесі барған ауылы – Әйтеке би ауданындағы Комсомол селолық округі. Аудан әкімдігінің есігінің алдына егілген гүлдер мен су жаңа ғимараттың өзі-ақ мұнда қандай жұмыстар жүріп жатқанынан хабар береді. Комсомол селолық округінің әкімі Мейрамбек Сәтимовтің айтуынша, мұнда тазалық айлығы  екінші сәуірден басталған.

Ең әуелі көшелерді тегістеп, айналаны тазартудан басталған жұмыс қарқынды жүрді. Айналадағы қоқысты шығаруға «Жаннұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шартқа отырдық. Бүгінде ауыл маңындағы қоқыстардан арылдық десек те болады. Әр сенбіде осындағы 62 мекеменің жұмысшылары өз маңайларының тазалығымен айналысады. Ата-бабаларымыз жерленген қорымның айналасы да ретке келтірілді. Ең басты жаңалығымыз – саябағымыздың жаңа үлгіде іске қосылғалы жатқандығы. Оған да қаражат бөлініп, қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Комсомолда 41 көше бар. Әр көшені әр түрлі мекеме өз қарамағына алды. Жаңадан отырғызылған ағаш, талдар да көктеп өсіп келеді. «Таза жағалау» акциясы барысында айналадағы сулардың маңайы да толық тазартылды. Бүгінде теміржол вокзалы да жүйелі жұмыс жасап отыр. Теміржолдың өзінде 450 адам жұмыс жасайды. Біздің селолық округтегі халық саны – 7723. Теміржолдан басқа біздерде 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, 183 шаруа қожалығына біршама адам тартылған. 1339 ауласы бар бұл ауылда басқалардағыдай газ жоқ. Көмірмен от жағып, күл шығаратын ауылдастарымыздың тазалықты сақтамаған кездері бола бермейді. Мұндағы баяғыдан қалыптасқан тазалық жұмыстары ары қарай да тоқтап қалмайды, – дейді ауыл басшысы.

Комиссия мүшелері аралап қайтқан ауылдардың барлығында да жұмыс жүйелі жолға қойылған. Олар алдағы уақытта үш орынды өзара бөлісетін болады. Ал жылда комиссия құрамының көңілінен шығып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүрген Шалқар қаласы да алғыстан құр алақан қалмайды. Конкурсқа  қала маңындағы 5 елді мекеннің арасынан Қарғалының құжаты келіп түскен. Оны да «аузы-мұрны жоқ отау» деуге болады. «Әйтеуір, қатыссам болды дегенді міндет еткен осы секілді елді мекендердің әкелген дүниелерін тіпті қарауға ұяласың», – дейді ұйымдастырушылар. Олардың арасында Алға ауданындағы Алға, Тоқпансай, Қарғалы ауданындағы Степное, Мәртөк, Ойылдағы Сарбие елді мекендері бар. Ал Ырғыз бен Қобда аудандарынан бірде-бір ауыл байқауға қатыспаған. Биылғы жүлделі үш орынды иемденгелі отырған елді мекендерге арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар ұсынылмақ. Бірінші орын алған ауыл 250 мың теңгенің көлеміндегі сыйлыққа қол жеткізсе, екінші орын алғанға 150 мың теңгенің, ал үшінші орын иесіне 100 мың теңгенің көлемінде бағалы сыйлықтар табыс етілмек.

Лаура ПАЛМАН.