Құқық

Тәртіп және талап

Ақтөбе қаласы әкімшілігінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалық етуімен өткен заңдылықты, құқықтық тәртіп және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету бойынша үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісінде бүгінгі күннің бірқатар көкейкесті мәселелері қаралды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков, Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров қатысқан жиында мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан көрінеу жалған терроризм актілері туралы деректердің алдын алу және жол бермеу бағытында жасалып жатқан шаралар кеңінен сөз болды. Сонымен бірге қалада діни ахуалды тұрақтандыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мал ұрлығын болдырмау тұрғысынан да кеңінен әңгіме қозғалды.

— Қоғамдағы қауіпті дерттермен біз көп болып, жария түрде күресуіміз керек,— деді облыс прокуроры өз сөзінде,— сонымен бірге алынып жатқан шаралардан жұртшылық хабардар болып отыруы тиіс. Қандай да жасалған қылмыстың дер кезінде ашылып, жазасын алуы маңызды. Сонда ғана біз келеңсіз құбылыстарға тосқауыл қоя аламыз.

Кеңес отырысында облыстық ішкі істер департементінің экстремизммен күрес жөніндегі басқарма бастығы, полиция полковнигі Радик Сүгірәлин баяндама жасап, өз саласы бойынша қазіргі ахуалға талдау жасады. Ол қойылған жарылыс қондырғылары туралы жалған хабарламалардың қоғам үшін туғызатын зардаптарына тоқталып, өкінішке қарай, мұндай жәйттердің араға уақыт салып қайталанып тұрғанын айтты. Мұндай реттегі құқық бұзушылықтар айтарлықтай материалдық шығындар әкеліп, тұрғындардың қалыпты тіршілігіне нұқсан келтіреді, көлік қозғалысын тежейді, адамдар арасында алаңдаушылық тудырады.

— Биылғы жылдың сегіз айы ішінде осы бағытта тоғыз қылмыстық іс қозғалып, оның төртеуі сотқа жолданды,— деді Р.Сүгірәлин,— қалған бесеуі өндірісте жатыр. Жеті адам бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Қазіргі уақытта аталған басқарма жұртшылық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе мектеп оқушыларымен кездесу, оларға қылмыстық жауаптылық жайын ұғындыру тұрақты шаралар қатарында.

Отырыста атап көрсетілгендей, діни экстремизмнің алдын алу ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір бөлегі болып есептеледі. Өкініштісі, бұл бағытта да орын алып тұрған проблемалар баршылық.

Аймақта мал ұрлығының азаймай отырғандығы да сөз арқауына айналды. Жергілікті жерлерде малдың бірыңғай таңбаланбауы салдарынан ұрлықты ашу, ізге түсуде қиындықтар туындап отырғаны сөз етілді.

Жиында айтылған мәселелерге қатысты жұмыстарды жетілдіруге, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне талапты күшейтуге бағытталған шешімдер қабылданды.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.   

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button