Ауыл

Аудан

Қайырбектің орталығы

 «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын сезініп отырған Қайырбек Төлеубаевтың бүгінде тасы өрге домалып тұр.

Бұған дейін аудан орталығында көлік дөңгелегін жөндеу үшін ашқан шағын шеберханасы бар Қайырбек ауыл кәсіпкерлерін қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылып жатқаны жайында естіп, біледі. Осы бағдарламаның екінші бағыты бойынша ол биыл «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалынан 3 миллион теңге алып, кәсібін кеңейтті.

Бастапқыда шағын вагонда отырып, көлік дөңгелегін жөндедім. Биыл «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы төрт жылға несие алдым. Кәсіпкердің аяғынан тік тұрып, қолға алған жұмысын дамытуы үшін берілетін несиенің төлеу тәртібіне риза болдым. Өйткені, аз пайызбен берілген несиені төлеу уақыты алты айдан соң басталады, — дейді Қайырбек. 

Ойылдың орталық көшесінің бойында Қайырбек техникалық қызмет көрсету орталығын ашыпты. Жеңіл және жүк көліктері кіретін үлкен ғимараттың ішінде барлық жағдай жасалған. Көлікті жоғарыға көтеретін арнайы қондырғыны ол қаладан 500 мың теңгеге сатып алыпты. Ауданда мұндай қондырғысы бар техникалық орталық жалғыз — осы.

Көлікті жоғарыға көтеріп, түгелдей бақылаудан өткізу жұмысына біз 500 теңге аламыз. Ал қалада бұл қызметке жүргізушілер 1000 теңге төлейді.  Жергілікті жердің көліктерімен қатар, жол-жөнекей сынған техникалар да біздің орталыққа жеткізіліп жүр. Қазір қарамағымда бір адам жұмыс жасайды. Болашақта бағдарлама арқылы тағы екі жігітті электрик және монтаждау жұмыстары үшін қайта даярлау курсынан оқытып алуды жоспарлап отырмын, — деп Қайырбек бізбен алдағы жұмыс-жоспарларымен бөлісті.    

Кәсіпкердің айтуынша, техникалық қызмет көрсету орталығына келетін жүргізушілер көлікке қажетті қосалқы бөлшектерді қаладан сатып алып жүр. Болашақта көлік майлары осы орталықта сатылатын болады.

 

Төрт жігіт төсеген жол

 

Ойылдағы орталық Көкжар көшесінің ажары кіре бастады. Кеңес үкіметі кезінде жаяу жүргіншілер үшін төселген плиталар қазір заманауи үлгідегі құралдармен алмастырылып жатыр.

Бір қызығы, бұл жұмыстарды Ойылдың төрт жігіті мойнына алған.  Нұрлан Шыңбаев, Назар Шотанов, Оңалтай Отызбаев, Серік Дүрбаевтардың таң сарғайып атқаннан, күн ұясына батқанға дейін қолдарынан кетпен, күректері түспейді. Олардың айналасынан жұмыс істеп тұрған ешбір техниканы көрмейсің. Қара күштің иелері жұмысты барынша сапалы етіп жасауға тырысып бағады.

Көше бойындағы арықтар 2011 жылы салынды. Қазір ұзындығы 1085 шаршы метр аумақты қамтитын Көкжар көшесіне  заманауи үлгідегі плиталар төселіп жатыр.  Бұрынғы плиталардың әбден тозығы жетті. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 5 миллион теңгеге жуық қаражат қарастырылды. Құрал-жабдықтардың барлығы Ақтөбе қаласынан тасымалданып жатыр. Ойылда бұл істің қыр-сырын білетін азаматтар табылып, жұмысты соларға сеніп тапсырдық. Жұмыс сапалы жүріп жатыр, аз уақытта аяқталатын болады, — дейді Ойыл селолық округінің әкімі Ильгиз Сабыржанов.  

Жол салып жатқан жігіттерге еңбекақы келісім бойынша «Көкжар» корпоративтік қоры арқылы төленеді.

Бұл іс қолымыздан келетін болғасын, келістік. Әзірге, біздің жұмысымызға сын айтып жатқандар жоқ. Жұмысты мамыр айында бастаған едік, құрылыс материалдарының уақытында келмей қалуына байланысты аз уақыт арада кідіріс болды. Жұмысты жақында қайта жалғастырдық, — дейді Нұрлан Шыңбаев.

Орталықты көркейту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта аудан орталығында спорт кешені бой түземек.

 

Шөп көптік етпейді

 

Мал азығын дайындау — кезек күттірмейтін шаруалардың бірі. Биыл шөп шабу науқаны өңірде сәл кешеуілдеп барып басталыпты. Жаз айларының соңында жауған жаңбырдың шөпті едәуір қалыңдатып, көгерткенін елдегілер жақсылыққа балап отыр. Өйткені, малдың нағыз қоңданатын уақытында жайылым жақсы болса, төрт түліктің қысқа күйлі түсетіні анық. Ал күйлі малдар көктемнің қараөзегінде әлсіремейді.

Қазір құбылмалы ауа-райына қарап жатқан шаруалар жоқ, аулаларын шөпке толтырып та үлгеріпті.

Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметінше, биыл аудан бойынша қыстату науқанына шамамен 40 мыңға тарта төрт түлік түседі. Ауданға шамамен 80 мың тонна шөп жиналуы қажет екенін алдын ала есептеген мамандар қазір бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқанын, бүгінде 63 мың тонна шөп жиналғанын айтады.

Мал азығын дайындауда Саралжын селолық округі көш бастап тұр. Бұл елді мекенде шөп түсіру науқаны 100 пайызға орындалыпты. Қайыңды, Қараой селолық округтерінің шаруалары да қыстың қамымен тыным таппай жүр.

Бүгінге дейін ауданда екі рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты.  Жәрмеңкеде бір тіркеме шөп 25 мың теңгеге сатылады. Жергілікті билік шөп бағасын қалыпты ұстауды басты назарға алыпты. Өйткені, шөп бағасы мал баққан шаруа үшін маңызды.

 

Ғасырдан да ұзақ ғұмыр

 

Ойыл өңірінің ең қарт тұрғыны Бұрыш Дәулетованың жасы 108-де. Қазір қария орталықтағы Жастар ауданында бой түзеген жаңа үйлердің бірінде тұрып жатыр.

Бұл үйге әже отбасымен өткен жылы қазанда қоныс аударыпты. Самаладай жарқырап тұрған үш бөлмелі үйдің іші өте кең әрі жылы. Жаңа үйде әженің арнайы бөлмесі бар.

Қарияға қызы Бөпежан Қонаева күтім жасайды. Жасы жетпіске таяған Бөпежан әженің сөзі нық, қимылы ширақ.  

Анам тұңғышым Ерболатты бауырына басып, өсірді. Ерболат отбасын құрғаннан кейін де бұл кісі жастармен ұзақ уақыт бірге тұрды. Денсаулығы сыр беріп, жүріп-тұруы қиындаған шақта анамды өз қолыма алдым. Анамның тұңғышы егіз балалар сәби күнінде шетініп кетіпті. Әпкем Маржан екеуімізді шешем бір өзі жетілдірген жан. Өйткені, бұл кісінің отағасы, яғни әкем Жайық Дәулетов кезінде Дзержинский, қазіргі Ақшатау елді мекенін басқарған екен. Ол кісі 1942 жылы соғысқа аттанып, содан із-түзсіз кеткен. Жас күнінде анам біздерге: «Соғыс жылдары менің қайғырып, мұңаюға мұршам болмады. Елдегі қиын-қыстау кезең біздің отбасына да қара бұлт болып үйірілді. Күндіз-түні жұмыс жасауыма тура келді», — деп әрдайым айтып отыратын. Соғыстан кейінгі жылдары анам тылда еңбек етіпті. Ауылдарындағы Көбен деген шалға еріп, Шұбарқұдыққа өгіз арбамен астық тасыған. Қария «үсіп-өлесің» деп, шешемді арбаға мінгізбеген көрінеді. Жол-жөнекей қарақшылардың олардың өгізін сойып, бөлшектеп әкеткен оқиғалар да орын алыпты. Екі аралыққа астық тасып жүріп, анам аяғын үстіріп алған, — дейді Бөпежан әже.        

Ғасырдан да ұзақ ғұмыр жасап отырған әжеге мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер көрсетілуде. Жалға берілген жаңа үйге отбасындағылар ай сайын 6 мың теңге төлейді, әрі барлық коммуналдық төлемдерде де жеңілдіктер қарастырылған. Қырық мың теңге көлемінде зейнетақысы бар Бұрыш әженің тыл еңбеккері, Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі ретінде алатын жеңілдіктерге отбасындағылар бертін келе қол жеткізіпті. 

Жақында әпкем Маржанмен тура жиырма жылдан кейін кездестік. Қазір ол кісінің жасы 77-де. Кезінде Ресей жағына  тұрмысқа шыққан оның сыртынан амандық-саулығын сұрағанымыз болмаса, көп қатыспай кеткен едік. Ол кісінің Қандыағаш өңіріне қоныс аударғанын осы сапарында білдік. Әпкеммен жылап қауышып, қимай қоштастық. Әпкем анасының барына, оған жасалып жатқан күтімге риза болды, — дейді Бөпежан әже.   

Кезінде жастық жалынмен тау қопарып, тас жарардай қайратын танытқан Бұрыш әженің қазір көзі кіреуке, құлағы әрең естиді. Аз-аздан талқан жеп, айран ішкені болмаса, тамаққа да онша тәбеті жоқ. Қызынан әженің ұзақ жасауының сырын сұрағанымызда ол:

Әулетімізде анам секілді ұзақ жасаған адам жоқ. Жас күнінде бұл кісі қатты ашуланып, бәз біреулер секілді болмашы нәрсеге күйгелектенген жан емес. Шамасы, мықты денсаулық пен жақсы күтімнің арқасында анам ұзақ жасап отырған шығар, — дейді. 

Бүгінде екі қызынан жиырмаға тарта немере-шөбере сүйіп, тамырын терең жайған алып бәйтеректей үлкен әулеттің анасы болған Бұрыш әженің төрт құбыласы тең деуге болады. Әрине, оның бұл күнге оңайлықпен жетпегені анық.

 

«Даңқ» саябағы ашылады

 

Аймақта «Даңқ» саябағының құрылысы басталды. 

Ойыл селолық округінің әкімі Ильгиз Сабыржановтың айтуынша, қазір аудан орталығындағы мешіт жанында бос жатқан алаң қоршауға алынып, жері тегістеліп жатыр.

Саябақтың жалпы ауданы 5490 шаршы метр аумақты қамтиды. Бұрын бұл жер бос жатқан алаңқай болатын. «Даңқ» атауы берілген саябақ тарихи негізде жасалады. Қазір саябақтың ортасына елімізді жаудан қорғаған батыр қыздарымыздың бірі, Тама Есеттің қызы, Әжібай бидің келіні Ботагөздің мүсіні орнатылды. Бұдан басқа, Ойыл өңіріне қатысы бар тарихи тұлғаларымыздың есімі аталатын белгілер де осы саябақта бедерленетін болады, — деді И.Сабыржанов.

Қазір саябақ алаңына түгелдей тас плиталар төселіп жатыр. Болашақта саябақ ішіне көше шамдары қондырылып, орындықтар орнатылатын болады. Айналасына талдар отырғызылып, гүлдер егіледі. Жастардың, сондай-ақ аудан халқының демалыс орнына айналатын саябақтың ішкі жұмыстары «Көкжар» корпоративтік қоры арқылы демеушілердің көмегімен жасалып жатыр.   

 

Терезелер «терлемейді»

 

Бұл туралы ауданда бірінші болып пластикалық терезе жасау цехын ашқан жергілікті кәсіпкер Махамбет Қуанышев айтады. 

Махамбет бұл кәсіпті  несие алып, ашқан жоқ. Бұған дейін мамандығы бойынша электрик-байланысшы болып жұмыс жасаған ол кәсіп ашу үшін қаражат жинапты. Ақтөбе қаласындағы ірі компанияда француздармен бірге Жітіқара-Өлке электр желісін жүргізуге үлес қосқан оның бұл салада тәжірибесі мол.

Біршама қаражат жинақтап алғаннан кейін, туған жерге қызмет етуге бел байладым. Ата-анаммен келісе отырып, ауылда пластикалық терезе жасауды қолға алдым. Пластик терезе жасаудың қыр-сырын Астана қаласында тұратын ағайындарымнан үйрендім. Ауылдағы жеке үйлердің терезелерінің әбден ескіріп тұрғанын бұрыннан аңғарып жүргенмін. Оның үстіне, қалаға тапсырыс беріп, жаңа терезе жасатуға барлығының бірдей шамасы  келе бермейді, — дейді Махамбет.  

Өңірде бірінші болып пластикалық терезе жасау цехын ашқан Махамбеттің жұмысына сын айтып келгендер болмапты. Кәсіпкер ауылдықтарды бес саусағындай танитын болғасын жұмысты неғұрлым сапалы етіп жасауға тырысады.

Бұған дейін мұндай цех ауылда болған жоқ. Кейбіреулер пластикалық терезені қалада жасатады. Кейін терезе сыр беріп, әлдеқандай жағдай бола қалса,  жөндеп беруімізді өтінеді. Бастапқы кезде ауылдастарымыздың өтінішін орындап, терезеден кеткен ақауларды жасап беріп жүрдік. Ал қазір мұндай тапсырыстарды әдейі  қабылдамаймыз. Онсыз да тапсырыс көп, жұмыстан басқаға қолымыз тие бермейді, — дейді кәсіпкер жігіт.

Махамбет өз кәсібін ашқан уақытта, әуелі арзан қондырғыны пайдаланыпты. Тапсырыс көбейген кезде, қол станогымен жұмыс жасаудың тиімсіз екенін біліп, арнайы дәнекерлеуші аппаратты Түркиядан 500 мың теңгеге сатып алады. Қазір цехта терезелер ресейлік құрал-жабдықтармен жасалады. Терезеге қажетті құралдардың барлығын ол Ақтөбе қаласындағы көтерме бағамен сатылатын қоймадан тасымалдайды. Ол үшін келісімшартқа отырыпты.  

Қазір аудандағы «Қуанышев» жеке кәсіпкерлігі жасап шығарған терезелер жеке үйлермен қатар, қоғамдық ғимараттарға да орнатылған. Бүгінгі күні цехта Саралжын ауылында бой көтеріп жатқан жаңа балабақша үшін терезелер жасалып жатыр.

Махамбет екі адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Оларға ай сайын 50 мың теңгеден еңбекақы төлейді. Бұдан басқа ол, аудандағы әлеуметтік топтағы отбасыларға мүмкіндігінше демеушілік жасауға тырысады.  

Қазір жұмыс бір қалыпты жүріп жатыр. Маусым кезінде тапсырыс көбейеді. Қыста аз уақытқа демаламыз. Біз санға емес, сапаға мән береміз. Өйткені, терезе жасау үшін құрал-жабдықтардың сапалысын алған жөн. Облысқа Түркиядан әкелінетін құралдар біздің ауылдың жағдайына келмейді. Өйткені, терезелер «терлеп», әйнектері тез суланып кетеді. Әрине, әрбір жұмыстың өз қиындығы болады. Соған қарамастан, біз алған тапсырысты уақытында орындап беруге тырысамыз, — дейді Махамбет.

Әлі отызға тола қоймаған кәсіпкер жігіттің алға қойған мақсаты айқын, сөзі нық. Жақын күндері оның шаңырағында екінші сәбидің үні естілетін болады.

 

 Нұрсұлудың қоңырауы

 

Биыл қазақтың тұңғыш балерина бишісі, Ойыл өңірінің перзенті Нұрсұлу Тапалованың туғанына 90 жыл. Ұлттық хореографияның қалыптасып-дамуына бір кісідей үлес қосқан ұлағатты тұлғаның құрметіне арналған мәдени шараларды ойылдықтар көптеп ұйымдастырып жатыр.

Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлкетану музейінің директоры Балқия Ырысбаева мұражайда би өнерінің саңлағы Нұрсұлу Тапаловаға арналған арнайы бұрыштың жасақталғанын айтты.

Тәуелсіздігіміздің арқасында барымызды бағалап, жоғымызды түгендеп жатқан тұста кезінде талантына тамсандырып, халқының қадір-құрметі мен қошеметіне бөленген дара тұлғаларымыздың есімдерін ардақ тұтып, ұрпақтарына үлгі ету — баршамызға аманат. Міне, сондай құрмет пен мәртебеге лайық өнер тарландарының бірі, қазақтың тұңғыш балеринасы атанған биші Нұрсұлу Тапалованың тоқсан жылдығын үлкен дайындықпен атап өткенді жөн санадық. Өйткені, кейінгі ұрпақ Нұрсұлу Тапаловамен де мақтануы керек. Қазір мұражайда бишінің құрметіне арналған арнайы бұрыш жасақталды, — дейді Балқия Тілеужанқызы.  

Аудандық мұражайда балет бишісі тұтынған жалғыз ғана зат бар. Ол — Нұрсұлу Тапалованың билегенде аяғына таққан қоңырауы. Бұл қоңыраудың музейге қалай жеткені жайында сұрап білгенімізде Балқия Тілеужанқызы былай деді:

2010 жылы Алматы қаласында Нұрсұлу Тапалова мен оның жолдасы, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлына арнайы белгі қойылды. Сол шараға балет бишісі жайында көп ізденген ақтөбелік өлкетанушы Ырысты Досова қатысты. Ырысты апамыз бұл қоңырауды сол сапарында Алматыдан әкеліп, біздің музейге табыстады. Қоңыраулар ілінген жіп әбден ескірген екен, кейін біз соны ғана жаңартып қойдық, — дейді Б.Ырысбаева. 

Алматыға жасаған арнайы іссапарында Абай атындағы академиялық опера және балет театрына барған Балқия Тілеужанқызы бишінің концерттік бағдарламаларының киножурналын жаздыртып әкеліпті. Қазір бұл құнды жазба да музей қорында сақтаулы тұр.

 

2 тонна тұқым, 22 тонна өнім

 

«Жұмырбай» шаруа қожалығы халықты жергілікті көкөніспен қамтамасыз етіп отыр.

Қазір бұл қожалықтың аты ауданға жақсы таныс. Өйткені, жалғыз Көптоғай селосын ғана емес, айналасындағы көршілес елді мекендерге мал азығын жеткізіп, жергілікті тұрғындарды бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған қожалық үшін биылғы жыл табысты болды.

Бастапқыда біз жем-шөп дайындап, оны сатумен ғана айналыстық. Соңғы екі жылдан бері бау-бақша өнімдерін өсіруді қолға алдық. Биыл 1,5 гектар алқапқа картоп, 2,5 гектар жерге қауын және бір гектарға қарбыз еккен едік, өнім мол шықты. Көкөністерді өсіруде мықты күтім керек, судан ешқандай тапшылық болған жоқ. Бау-бақша өнімдерін суаруға өзен суын пайдаланамыз,  — дейді қожалық иесі Берген Жұмырбаев.    

Ерте көктемде Ақтөбе қаласынан екі тонна картоп тұқымын әкелген Берген қазір одан 22 тонна өнім алып отыр. Шыққан өнімді шашау шығармай жинап алуға ауылдағы жұмыссыз жүрген азаматтар тартылыпты. Арнайы техниканың көмегімен қазылған картопты 15 адам төрт күн бойы жинаған. Қожалық иесі олардың әрқайсысына күніне 1500 теңгеден төлепті.

Жиналған картопты іріктеу біршама уақыт алады. Бұл іске де ауыл азаматтары жұмыла кірісті. Биыл қауын, қарбыз  мол шықты. Ешбір қоспасыз піскен қауын, қарбыздарымызды көрші ауылдарға жеткізіп, сатып жатырмыз. Былтыр біз бау-бақша өнімдерінің 16 түрін ектік. Өнімдерімізді аудан көлемінде ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне шығардық. Картоп, сәбізден бөлек, жержаңғақты да жергілікті халық таласа-тармаса алды, — дейді  Берген. 

Қазір аудан орталығының халқы Көптоғай ауылынан картоп тиелген «КамАЗ»-ды күтеді. Өйткені, жергілікті өнімге деген халықтың сұранысы жоғары, әрі бағасы да көңіл көншітеді.

Бүгінде «Жұмырбай» шаруа  қожалығының иелігінде екі «КамАЗ», екі трактор бар. Жыл сайын шаруашылық тарапынан  әлеуметтік топтағы отбасыларға жем-шөп тегін үлестіріледі.

Мал азығын дайындап, бау-бақша өсірумен қатар, асыл тұқымды мал басын көбейтуді биылдан бастап қолға алған қожалықтың жайылымдық жерінде қазір 12 қазақтың ақбас тұқымды бұқасы жүр. Кәсіпкер бұл малдарды сатып алу үшін  «Ақтөбе Агросервис» мекемесінен екі жылға несие алыпты. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button