Білім

Балдырған

Жаңбыр

Жау, жау, жаңбыр,

Жау, жаңбыр.

Әсем гүлдер жайқалсын.

Аспанымыз ашылып,

Күннің көзі жайнасын.

Айым ҚУАТОВА,

№33 Ақтөбе қазақ орта мектебінің

оқушысы.

Біліп жүр

Қодас – ірі аңның бірі. Бір қызығы, бұл аң түр-түсі жағынан басқаларға ұқсас келеді. Мәселен, оның басы сиырға, құйрығы жылқыға, қаңқасы бизонға ұқсас. Ал жүні ешкінікі тәрізді үлпілдек. Мүйізі де өгіздікіндей, сонымен қатар ол шошқа секілді қорсылдайтын көрінеді.

***                                                                                                                                            Жер бетіндегі ең ірі жыртқыш аң – кадьяк аюы. Оның ұзындығы – 3 метр, салмағы – 700 килограмм. Арыстан аң  патшасы болғанымен, оның жүрегі кодьяк аюына қарағанда тым кішкентай көрінеді.

***                                                                                                                                                    Піл ірі аң болғандықтан, оның терісі қалың деп ойлаймыз. Бірақ ол біз ойлағандай емес екен. Піл терісінің қалыңдығы – не бары 1,8 сантиметр, ал керіктікі – 2 сантиметр. Жер бетіндегі терісі қалың аң – нильдік бегемот. Оның терісінің қалыңдығы 2,5 сантиметрге жетеді.

***                                                                                                                                           Ұйқыны өте жақсы көретін аңның бірі – балпақ. Терісі аса бағалы бұл аңды қыстың күні ояту мүмкін емес. Әсіресе, сары балпақ 9 ай ұйықтайтын көрінеді.

Бұйым

Киіз

Киiз басып, одан алуан түрлi дүние-бұйымдар жасау – қазақтың ежелден келе жатқан қолөнерi. Киiзбен үйдi жапқан, жерге төсеген, керегеге керген. Сол киiзден кебеже, сандық қаптайтын әбдiреқаптар, ыдыс-аяқ салатын аяққаптар жасаған. Және киізден тігілетін қалпақтар мен байпақтар да бар. Ер тұрманның терлiгi мен тоқымы, тебiнгiсi де киiзден болған.                                                                             Киiзден жасалған дүниелердiң көбi негiзiнен киiз үйдiң iшiн безендiруге арналған. Қазақтың қолданбалы әсемдiк қолөнерiнiң үлгiсi болатын да осы заттар.
Олардың арасындағы неғұрлым кең тарағандарына тоқталып өтелік.                                       Киiз – ақ немесе басқа түстерден басылады. Киiз үйдiң жабуына қажеттi туырлықтар, түндiктер және шаруашылыққа қажеттi бұйымдар жасайтын жұмсақ жүн;
Текемет – киiз үйдiң iшiне төселетiн жайма киiз;
Сырмақ – басылған киiздiң бетiне екi түрлi өрнекпен, бояумен жиектелiп, жұқа жүннiң үстiне матамен сырылып жасалатын төсенiш кiлем;
Сырдақ – киiздiң үстiне алуан түстi жүн жiптермен кестеленiп тiгiлген төсенiш кiлем;
Тұс киiз – киiздiң үстiне барқыт қиындыларымен жапсырыла тiгiлiп, өрнектелген қабырғаға iлетiн кiлем.
Киiзден киiм тiгу үшiн арнайы аппақ жүн таңдалып алынады. Оны мұқият тазалап, жуып, сабаумен түтедi, содан соң одан жұқа киiз басады. Кейде оның кiршiксiз аппақ болуы үшiн бор қосып қайнататын болған.
Жүндi бояу үшiн қазақтар ХІХ ғасырдың ортасына дейiн әр алуан өсiмдiктердiң тамырларынан қайнатылған тұнбаларды және минералды тұздарды пайдаланыпты. ХІХ ғасырдың екiншi жартысынан бастап Қазақстанға анилин бояулары әкелiне бастады да, ол бiрте-бiрте табиғи боямаларды ығыстырып шығарды. Киiз үйдiң бүкiл iшiн алып жататындай аса үлкен, ауыр текеметтердiң бетiне ақ, қызыл немесе көкке боялған, iрi өрнектермен иректелiп басылған жұқа жүн тартылады. Оның дайындалуы, киiздiң үстiне басылу техникасы сырмаққа қарағанда неғұрлым жеңiлдеу болғандықтан да ою-өрнектерi кейде басылған киiздiң түсiмен астасып, графикалық кескiндерi шашыраңқы келедi. Осының өзi оған ою-өрнектiң жалпы түспен үйлескен жеңiлдiгiн бередi. Оюдың бiр желiсiн жүргiзушi шебер неғұрлым алуан түстi етiп көрсету үшiн кезек-кезегiмен түрлi түстi жүндердi жиi қосып отырған. Оны қай түстi бояуының басымдылығына қарай әр түрлi атайды, мысалы, сары ала текемет, қара ала текемет, қызыл ала текемет, т. с. с.
«Ақтөбе – 85»

«Ақтөбе» – біздің досымыз

«Ақтөбе» газеті – біздің отбасымыздың ең жақын, жанашыр досы. Себебі біз осы газет арқылы облыстың жаңалықтарымен, елорданың тыныс-тіршілігімен танысамыз. Және әр ауданның жағдайы мен шалғайдағы ауыл тұрғындарының жайынан да хабардармыз.

Біз «Ақтөбе» газетінің әрбір кезекті санын асыға күтеміз. Үйдегі үлкендер де, балалар да бұл газеттің тұрақты оқырмандары. Біз осы газет арқылы ел-халық қуатының жақсы екенін біліп қуанамыз.

Әр отбасының жақсы жанашыры, оқырмандарына жаңалықтарды уақтылы  жеткізетін, 85 жылдық тарихы бар «Ақтөбе» газетінің ұжымына шығармашылық табыс, дендеріне саулық тілейміз.

«Ақтөбе» газетінің оқырмандары күн санап көбейетініне сенім мол.

Әйгерім ТӨЛЕУМҰҚАНОВА,

Құмсай орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Қызық оқиға

Шалабай мен Алабай

Мен мезгілдің көктемін жақсы көремін. Себебі осы шақта далада бәйшешектер гүлдеп, ағаштар бүршік жарады. Төрт түлік төлдеп, сай-сала суға толып, табиғат ерекше күйге енеді. Тағы бір ерекшелігі, мен осы көктемде дүниеге келдім.

Жыл сайын ата-анам, бауырларым мен туған күнді атап өтеді. Әлі есімде, 8 жасқа толған туған күнімді ауылда тойладым. Бұл жолы әжем маған тосын сый жасады. Және ол сыйлық есте қаларлықтай әдемі әрі ерекше-тұғын. Үйге кіргенде әжем:

– Менің сыйлығымды көресің бе? – деп қораға алып барды. Қызығы, сол күні қой қоздап, сиыр бұзаулапты.

– Бұл бұзау мен қошақан сенікі. Өзің атын қой, – деді. Менің қуанғаным соншалықты, күле беріппін. Қошақанды Шалабай, ал бұзауды Алабай деп атадым.

Сонымен жаз болды. Ауылға каникулға келгенімде, Алабаймен, Шалабаймен ойнадым. Шалабай тым тентек те, ал Алабай жуас екен. Бірақ ол тентек Шалабайдың досы болғандықтан, кей кезде шошаңдап еркелейтіні бар.

Бірде атам мен әжем маған қонаққа баратынымызды ескертті. Және қораның есігін жабуды қатаң тапсырған-ды. Алайда асығып жүріп бұл тапсырманы ұмытып кетіппін. Қонақтан келгенде қорадағы менің «достарым» қашып кетіпті. Оларды біз әкімшілік үйінің алдынан таптық. Тентектіктері соншалық, екі бұзақы өсіп тұрған  әдемі гүлдерді жеп қойыпты. Сол күні біз Шалабай мен Алабайға тамақ бермедік. Ал екі досым бақты бүлдіргені үшін біз әкімшілік қызметкерлеріне айыппұл төледік.

Әсел ЖҰМАГЕЛДІ,

№32 Ақтөбе мектеп-гимназиясының

6-сынып оқушысы.

Бетті әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button