Спорт

Алғашқы жеңіс және кезекті жеңіліс

Әлем чемпионаты-2014

 Сонымен 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатының іріктеу ойындарында алғаш рет жеңіске жетіп, толыққанды үш ұпайға ие болдық.

Қыркүйектің 6-сы күні Фарер аралдарының ұлттық құрамасымен кездесуіміздің елеулі сәттері 23-минутта кәнігі тарлан Фроуди Беньяминсеннің қақпашымыз Андрей Сидельниковті қапы қалдыруымен басталды. Дегенмен 50-минутта Қайрат Нұрдәулетов он бір метрлік айып добын дәл соғып, есепті теңестірді де, Андрей Финонченко клубтасы Сергей Хижниченко берген тамаша пасты ысырап етпей, 64-минутта жеңіс нүктесін қойды.

Бұл кездесуде біздің қақпашымыз Андрей Сидельниковпен бірге Юрий Логвиненко да екі тайм бойы алаңда болды. Ал Марат Хайруллин ойынға 89-минутта ғана қосылып, Нұрбол Жұмасқалиевті алмастырды.

«С» тобындағы басқа ойындар:

Германия-Австрия — 3:0;

Ирландия-Швеция — 1:2.

*   *   *

10 қыркүйек күні Швециямен өткен кездесуде де Марат Хайруллин алаңға Мақсат Байжановтың орнына, 77-минутта шықты. Бұған дейін Андрей Сидельниковтің қақпасына гол еніп те кеткен еді. Әйгілі Златан Ибрагимович 1-минутта-ақ шалымдылық көрсеткен. Сол есеп ойын соңына дейін сақталды.

Әрине, біздің футболшыларымыз қарсыластарымыздың қақпашысын да, қорғаушыларын да мазалап бақты. Дегенмен доп қонақтардың аяғына көбірек ілікті (56 пайыз), қақпаға қарата соққан доптың саны жөнінен де шведтер бізден басым түсті (17-5).

Бұл кездесуге ақтөбелік екі футболшы ғана қатысты.

Басқа ойындар есебі:

Австрия-Ирландия — 1:0;

Фарер аралдары-Германия — 0:3.

*   *   *

Сонымен 8 ойыннан соң «С» тобындағы командалар төмендегідей ұпай жинады:

Германия — 22;  Швеция — 17; Австрия — 14; Ирландия — 11; Қазақстан — 4;

Фарер аралдары — 0.

Келесі кездесулер 11 және 15 қазан күндері өтеді.

Қазақстан ұлттық құрамасы ендігі екі ойынды да сырт алаңда өткізеді. Әуелі Фарер аралдары футболшыларымен күш сынасады да, одан соң Ирландияға жол тартады.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button