Жаңалықтар

Әйтеке би — ұлт кемеңгері

 Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының Бас директоры, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының иегері Доқтырхан Тұрлыбектің есімі жазушы, публицист және кинодокументалист ретінде республика жұртшылығына жақсы таныс. Жақында Ақтөбе облысына шығармашылық сапармен келген әріптесімізбен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынып отырмыз.

 

— Ақтөбе облысына жиі ат басын бұрасыз. Сіздің Ақтөбе өңірімен қандай рухани және туыстық байланысыңыз бар?

— Әрбір қазақ азаматының үш жұрты болады. Ақтөбе қаласы — менің қайын жұртым. Кең байтақ Қазақстанда өзіндік орны бар әсем қалада 93 жастағы қайын атам Ахмет Алдаоңғаров тұрады. Қазақтың пірі атанған Бекет атаның ұрпағы болып келетін атам соғыс және еңбек ардагері. Өмір бойы теміржолда, химия зауытында еңбек етті. Кезінде қажырлы еңбегі өз бағасын алып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Туған енем Таразы жақында 91 жасқа  толды. Өмірге жеті перзент әкелген ардақты ана Кіші жүздің атақты жырауы Ізімнің туған шөбересі. Текті жан. Жасы тоқсаннан асса да тың, осы күнге дейін қолынан кітап түспейді, телевизордағы жақсы хабарларды жібермей көріп отырады. Енемнің арқасында қасиетті өңір — Ақтөбенің өткен тарихын, асыл маржанға толы рухани байлығын, бүкіл қазақ халқы мақтан тұратын ардақты ұл-қыздарын, тұлғалы азаматтарын жақсы білемін, құрмет тұтамын.

— Сіз жетекшілік ететін халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының алға қойған басты мақсаты қандай?

— Мен көптеген жылдар бойы Қазақ теледидарында редактор, Бас редактор, Бас директордың бірінші орынбасары, «Қазақтелефильмінің» Бас директоры болып қызмет атқардым. Сондықтан да, теледидардың қыры мен сыры маған жақсы белгілі. 2003 жылы Қазақстан Жазушылар одағының жанынан айтулы телестудияны құрдық. Шығармашылық ұжымның тәй-тәй басып, аяғынан тұрып кетуіне жақында ғана Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты болып сайланған, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, қазақтың көрнекті ақыны  Нұрлан Оразалин бастаған зиялы қауым үлкен қолдау көрсетті.

Біздің басты мақсатымыз — түбі бір, тегі бір түркі тілдес халықтардың салт-дәстүрін, тарихын, тарихи тұлғаларын жан-жақты насихаттау. Жасыратыны жоқ, көршілес жатқан Қытайдың, Ресейдің жүргізіп келе жатқан сан ғасырлық теріс саясатының кесірінен бүкіл түркі дүниесі өздеріне ортақ бай тарихынан, ғажайып салт-дәстүрінен, баға жетпес рухани байлығынан айырылып, алтын қазықтарын босатып алды. Қазіргі таңда дүние жүзі бойынша жиырмадан астам үлкенді-кішілі түркі тілдес мемлекеттер бар. Осы мемлекеттерде 300 миллионға жуық түбі бір, тегі бір туысқан халықтар тұрады. Қазіргі күннің басты міндеті —бірігу, бір-бірін тану, құрметтеу, бүкіл түркілерге ортақ рухани байлықты бүкіл әлемге таныту. Осы орайда әдебиет пен өнердің оның ішінде деректі фильм туындыларының алатын орны ерекше. Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясы жұмыс істей бастаған он жылдың ішінде отызға жуық деректі фильм дүниеге келіп, республикалық, облыстық, халықаралық телеарналар арқылы көрсетіліп, өзінің лайықты бағасын алды.

— Қазақтың ақиық ақыны Төлеген Айбергеновтің 70 жылдығына орай, хронометражы 60 минуттық «Айбергенов әлемі» атты фильм түсіріліп, деректі туынды республика жұртшылығы тарапынан лайықты бағасын алды. Қазақ халқының ұлы билерінің бірі — Әйтеке би туралы деректі фильмді түсіруді қолға алған едіңіз. Осы туындының тағдыры не болды?

— Әйтеке би ойшыл данышпандылығымен, кемеңгер көрегендігімен, әділ билігімен бүкіл қазақтың қамын ойлаған тарихи тұлға. Ол Төле би, Қазыбек би сияқты бүкіл қазақтың терең ойлы, биік тұлғалы данышпаны. Әйтеке бабамыздың 1644 жылы Нұрата тауының Бұхараға қарай созылған Қызылбибі сілемінің етегінде дүниеге келгенін жақсы білесіздер. Әйтеке би жастайынан өз атасы Ақша биден әділдік, қанатты нақыл сөздер үйренсе, Самарқанға ұзақ жылдар әмірлік еткен екінші атасы Жалаңтөс Баһадүрден ерлік, жауынгерлік, қолбасшылық дәстүрлерін үлгі тұтады. ХVI ғасырдың аяғында Нұратаны қалмақтар басып алмақшы болып, аяусыз соғыс жүргізеді. Сол бір ел тағдыры шешілейін деп тұрған қиын сәтте соғыс өнерін жан-жақты меңгерген Әйтеке би дұшпанның елу мың қолына қарсы шығып, тас-талқан етіп жеңіп шығады. Сондықтан да ұлы бидің есімін Нұрата қаласында тұратын парсы тілді тәжіктер осы күнге дейін ұмытпай, қастерлейді. Ұлы бабамызды пәк адам деп әулие санайды, пір тұтады.

1929 жылы Нұратадан Самарқанға дейін төте жол салынбақ болып, жергілікті Кеңестің басшылары Сейітқұл баба мен Әйтеке бидің ескі бейітін бұзбақ болғанда, жергілікті қожалар мен тәжіктер оған жол бермей, бейіт үстіне жатып алғаны тарихи шындық.

Әйтеке би туралы деректі туынды Ташкент, Самарқан, Нұрата қалаларында түсірілді. Ізденістің нәтижесінде Ақша би, Ораз би, Жалаңтөс Баһадүр, Сейітқұл баба туралы тың деректер табылып, туындымызға арқау болды.

Әйтеке бидің өсиеті бойынша Алшын елі Сыр бойына, Ырғызға қарай бет бұрыпты. Бүгінде Әйтеке бидің ұрпақтары Қазалыда, Аралда, Ырғызда, қазіргі Әйтеке би, Алға аудандарында, Ақтөбе қаласында, республикамыздың өзге де өңірлерінде тұрып жатыр. Арал қаласында Жалаңтөс Баһадүрге, Ақтөбе қаласында Әйтеке биге арналып ескерткіш бой көтеріп, ұлы бабалар рухы асқақтады. Биылдан бастап, әртүрлі себептермен аяқталмай қалған деректі фильмді аяқтауды қолға алдық.

Қызылорданың Арал қаласынан, Ақтөбеден, Ырғыз, Әйтеке би аудандарынан көптеген көріністер түсіріп алдық. Осы сапарымда Әйтеке бидің тікелей ұрпағы, белгілі партия-кеңес қайраткері Сәлім Шынтасовтың балалары Момыш, Марс, Сәкеңнің жұбайы Раушан анамызбен, келіні Сұлупанмен және басқалармен таныстық. Әйтеке бидің еңселі ескерткішіне барып, тағзым еттік. Осының бәрі деректі туындымызға арқау болмақ.

— Айтулы туындыны қашан аяқтауды жоспарлап отырсыз?

— Әйтеке би туралы деректі фильм, амандық болса, бір айдың көлемінде аяқталмақ. Туындының тұсаукесерін қазан айының ортасында Ақтөбе қаласында өткізгелі отырмыз. Менің бұл ұсынысыма  облыстың және Ақтөбе қаласының зиялы қауымы үлкен қолдау көрсетті.

Бұл игі шара облыстық және қалалық әкімшілдіктен қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

— Алдағы жоспарыңыз қандай?

— Мен Қазақстанның батыс өңірінен Бекет ата туралы деректі фильм түсірдім. Тарихи танымдық кітап жаздым. Алдағы уақытта  ХVІІІ ғасырда өмір сүріп, қазақтың арманда кеткен ару Ақбөпе мен сері әнші Қайып туралы көркем дүние түсіруді  жоспарлап жүрмін. Сондай-ақ Мөңке бидің даналығы, көріпкелдігі, кемеңгерлігі мені қатты қызықтырады. Баба өмірі деректі туындыға сұранып тұр. Жыл аяғында Кереку жеріндегі Баянауыл өңірінде ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ақын, ғұлама Мәшһүр Жүсіп туралы деректі көркем фильмді аяқтап, көрермен назарына ұсынбақпыз.

 

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА,

 

Суретте: Доқтырхан Тұрлыбек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button