Ресми

Президент

6 шілде – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Мемлекет астанасын ауыстыру туралы тарихи шешім де нақ осы күні қабылданды. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі  ұсынысынан бастап, қаланың  бүгінгідей қарыштап дамуына дейінгі бүкіл болмысын көз алдынан ғана емес, жүрегінен өткізген Елбасы мен Астананың туған күндері бірге аталуының айрықша нышандық мәні бар.

Нұрсұлтан

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кіндік қаны тамған жер – асқаралы Алатаудың баурайындағы Шамалған ауылы. Негізі, қол бастаған көсемдерді, сөз бастаған шешендерді Табиғат-Ананың өзі ерекше жаратылыспен толғатып туады деген рас болса керек. Нұрсұлтан – анасы Әлжанның алдыңғы көтерген құрсақтары шетінен шетіней беріп, ері Әбіш екеуінің ұзақ уақыт бір перзентке зар болып жүргенде көрген тұла бойы тұңғышы. Жаратқанның зарықтырып  барып сыйлаған ерекше қызығы. Оның өзі жатқан бір терең сыр. Баласы мен келінінің сәби сүйе алмай жүргені олардан бұрын өзінің жанына қатты батқан Тетебала әже келіні Әлжанды қасиетті Райымбек бабаның басына апарып,   тәу еткізгенді жөн санайды. Сөйтіп, бар білгенін баласы мен келінінің құлағына құйып, Алматыға ақ жолға аттандырады. Ақ атанды аруақты батырдың басына зиярат етіп, шаңырағына оралған күні түнде Әлжан ана түс көреді. Шалқып-тасыған, шет-шегі жоқ көлбеген көк теңіз екен дейді. Бір ғажайып күштің жебеуімен суға түседі. Жып-жылы суды жалдап жүзіп келе жатса, су астында бірдеңе қарауытқандай болады. Еңкейіп қолына алса, екі басы еңкейіп жерге тиген кәдуілгі мылтық. Қуанып кетіп, еріне апарып бермек болып, асығып келе жатқанда оянып кетеді. Бұл таңғажайып түсті енесі: «Қарағым, Құдай ақ тілеуіңді беріп, ұлды болады екенсің. Ол тегін бала болмайды, елдің ұлы болады», – деп жақсылыққа жориды. Ақ әженің айтқаны айдай келіп, тоғыз ай тоғыз күнде шекесі торсықтай сәби іңгәлап өмір есігін ашады. Назарбайдың құтты шаңырағында ақ түйенің қарны жарылған той болады. Тетебала әже мойнына бұршақ салып, Құдайдан сұрап алған немересіне ырымдап «Нұрсұлтан» деген есімді өзі телиді. «Жақсы есім баланың жолын ашады» дейді, шынында да, Алланың қалауымен, ананың ақ жарқын тілеуімен өмірге келген ақжолтай ұл – Нұрсұлтан әлемге ақ шуақты нұрын шашқан, ақыл-ойымен жаһан жұртын еріксіз баураған патша-сұлтан болды. Ақылына келбеті сай Елбасының ұлтының ұлы мұраты жолындағы асқақ та  шапағатты істері әлем жұртын таң қалдырған үстіне таң қалдырып келеді.

Өмірдерек

  • Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылғы 6 шілдеде Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген.
  • 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бiтiрдi. Экономика ғылымдарының докторы.    Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академияның, Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің құрметті профессоры. Беларусь ғылым академиясының құрметті мүшесі. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
  • 1960-1969 жылдары – Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеді.
  • 1969-1973 жылдары – Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды.
  • 19731977 жылдары Қарметкомбинаттың партком хатшысы.
  • 19771979 жылдары Қарағанды облыстық партия комитетiнiң хатшысы, 2-хатшысы.
  • 19791984 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы.
  • 19841989 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы.
  • 19891991 жылдары Қазақстан КП ОК бiрiншi хатшысы, 1990 жылғы ақпан-сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғары Кеңесiнiң төрағасы болды.
  • 1990 жылдың сәуірінен Қазақстан Республикасының Президенті.
  • 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыспен (98,7%) жеңіске жетті.
  • 1995 жылдың 29 сәуірінде жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды.
  • 1999 жылдың 10 қаңтарында өткен жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесiнде Н. Назарбаев 79,78% дауыс алып, Қазақстан Республикасы Президентi болып қайта сайланды.
  • 2005 жылдың 4 желтоқсанында сайлаушылардың 91,5 пайыз даусын алып, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды.
  • Қазақстан халықтары ассамблеясының төрағасы. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғары Бас Қолбасшысы. Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төрағасы.
  • Жұбайы Сара Алпысқызы Назарбаева. Халықаралық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорын басқарады.
  • Президенттің үш қызы бар: Дариға саясат ғылымдарының докторы; Динара Н.Ә.Назарбаев атындағы білімді қолдау қорын басқарады; Әлия бизнеспен айналысады, «Элитстрой» құрылыс компаниясын басқарады.

Туған күнге тарту

Қазір Астана мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне орай  Елбасы мен ел тарихына арналған «Жиырма жыл» атты деректі фильм әзірленіп жатыр. Жаңа туынды үстіміздегі жылдың 6 шілдесі күні өз көрермендерімен қауышатын болады.

Қазір деректі фильмнің түсірілім жұмыстары аяқталған. «Айқын» газетіне берген сұхбатында «Хабар» арнасы Бас продюсерінің орынбасары Арман Сқабылұлы:

«Фильм атына қа­рап, әңгіме Қазақстанның соңғы жиыр­ма жылда өткерген оқиғала­ры жайында өрбиді деп ойлап қа­­латындар болар. Бірақ біз бұл фильм­ге осы жиырма жылдың өр­бу үдерісіне негіз болған, жаңа бет­бұрыс жасаған 1989-90 жыл­дар­дағы елеулі оқиғаларды арқау еттік. Тарих парақтары куә, ра­сы­мен де, сол шақ елдің еркін бет тү­зеуіне негіз болған жылдар еді. Сол кезеңде Қазақстанның қо­ғам­дық-саяси өмірінде де елеулі өз­герістер болды. Оның бәрі сар­ғай­ған басылым парақтарында сақ­талған, тәуелсіздік қарсаңын­да­ғы Қазақстанды зерттеген біраз ға­лымдарымыздың кітаптарында да аз айтылмапты. Десек те тас­паға түсірілген, бейне мен дыбысы қатар өрілген бірде-бір фильм осы уа­қыттың құпияларын ашқан емес. Біздің мақсат та осы болды – сол кездегі жағдайды кө­рер­мен­дердің көз алдына әкелгіміз келді, – дейді.

Идея авторы – Серік Аббас-Шах. Деректі фильмді түсіруде жиырмаға жуық адам жұмыс жасапты.

Сондай-ақ, көрермендер «Жиырма жылмен» қатар  жақын күндері  елге үлгі болып, ерен еңбегі мен мұқалмас ерік-жігері арқылы қазақстандық патриотизмнің символы бола білген жандар жайындағы «Патриоттар» атты тағы бір деректі фильмді тамашалайтын болады. Оның ішінде әскер саласының қаһар­ма­ны Бақытжан Ертаев, Сидней Олим­пиадасының чемпионы Ер­ма­хан Ыбырайымов, биші Шұғы­ла Сапарғалиқызы сынды тұлғалар да  бар.

Лебіздер:

Дмитрий Медведев, Ресей Федерациясының Президенті:

–  …Соңғы екі айда мен Астанаға екінші рет келіп тұрмын – оның қарқынды дамуына, айрықша энергетикасына және ішкі үйлесімділігіне таң қалуымды қояр емеспін. Оның тұрғындарының құшақ жайып қарсы алатын қонақжайлылығы өз алдына…   

Осы жерде көз алдымызда елдің жаңа келбеті қалыптасып жатыр және оның жаңа тарихы жазылуда. Астана өз мерекесін экономикалық өсудің жоғары қарқынын және қалыптасқан әлеуметтік саясатын паш ете отырып,  тамаша жетістіктерімен қарсы алды. Осындай салмақты көрсеткіштің артында қазақстандық халықтың ұшан-теңіз еңбегі жатқаны шүбәсіз. Әлбетте, елдің көшбасшысы, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі зор. Біз оның бұл қалаға өз еңбегін арнап қана қоймай, жанын да салғанын білеміз. Сондықтан бүгін біз Астананы Оның туған «баласы», Оның үлкен жетістігі һәм зор мақтанышы деп айта аламыз.

Астананың геосаяси жағдайы оның еуразиялық идеясына байланысты даму философиясын айқындап берді. Астана таң қаларлық жағдайда республиканың өзіндік ұлттық келбетін паш етіп отыр. Оның әлемге ашық екендігі, барлық жаңашылдыққа құмар екендігі де бар…

Бұл жерде аймақтық, жаһандық қауіпсіздікті тереңдетуге бағытталған маңызды халықаралық форумдар өтеді. Біздің елімізге бірдей маңызды толеранттылық пен ұлтаралық келісім жөніндегі мәселелер талқыланады. Ал бастысы, бұл жерде түрлі ұлт өкілдері мен сенім өкілдері өздерін тамаша сезінеді. Алдағы уақытта да солай бола беретініне біз сенеміз…

(Ресей президентінің Астананың он жылдық тойына

келгенде сөйлеген сөзінен, 5 шілде 2008 жыл).

Джордж Буш, Америка Құрама Штаттарының экс-президенті:

–  Сіздің басшылығыңыздың арқасында Қазақстан жаппай қырып-жою қаруын таратпау бойынша әлемдік лидерлердің бірі болды. Құрама Штаттар терроризмге қарсы жаппай күрестегі ынтымақтастығы және достастығы үшін, соның ішінде Ирактағы «Қазбаттың» үлгілі қызметі үшін Қазақстанды қадірлейді.

(Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай

Н.Назарбаевқа жазған хатынан. Желтоқсан 2004 ж.)

Ху Цзиньтао, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

–  Тәуелсіздік жылдары Сіздің басшылығыңызбен еңбексүйгіш те ақылман Қазақстан халқы, өзінің қажырлы да жасампаз еңбегімен дамудың дұрыс жолын таба білді. Бүгінде Қазақстанда экономика тұрақты даму үстінде, халықтың әл-ауқаты артып, қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақтылығы сақталып отыр, елдің халықаралық аренадағы ұстанамы нығайып келеді.

Біз қазақстандықтардың мемлекеттілікті нығайту және елді дамыту ісіндегі табыстарына шын ниетпен қуанамыз. Қытай үкіметі Қазақстанмен қатынастарды өзінің сыртқы саясатындағы басымдықтардың бірі ретінде қарастырып, оларға көп көңіл бөліп келеді. Біз көп қырлы практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, Қытай-Қазақстан қатынастарын әлдеқайда жоғары деңгейге көтеруге қазақстандық әріптестерімізбен бірлескен күш-жігер жұмсауға әзірміз.

(Ху Цзиньтаоның Н.Назарбаевқа жолдаған

құттықтауынан. 2 шілде 2008 ж.)

Абдуллаһ Гүл, Түркия Республикасының Президенті:

– Түркия Қазақстанның экономикалық  реформаларын жіті қадағалап отырады. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Қазақстан тәуелсіздік жылдарында Орталық Азияның жарық жұлдызына – беделді, сенімді әрі қуатты мемлекетке айналды. Қазақстанның төл мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Мен осы мерекеге арналған шараларға үлкен толғаныспен қатысамын. Биіл біз,  сондай-ақ елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанының 15 жылдығын атап өтудеміз. Мен баршамызды осы мерейтоймен құттықтағым келеді.

(Абдуллаһ Гүлдің Қазақстанға ресми сапармен

келгендегі сөзінен. 17 желтоқсан 2007 ж.)

Николя Саркози, Француз Республикасының Президенті:

– Қазақстан Орталық Азияда маңызды рөл атқарады, өйткені ол тұрақтылықтың темірқазығы болып табылады. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін ТМД-дағы тұңғыш ел ретінде Ұйымның болашағын айқындауда Сіздің рөліңіз шешуші болады. Қазақстанның құқықтық мемлекетті күшейту тұрғысындағы міндеттемелері мен оның ЕҚЫҰ құндылықтары ретінде таратылуы Сіздің төрағалығыңыздың табыстылығын қамтамасыз етеді.

Сіздің білетініңіздей, Франция ЕҚЫҰ-ның құндылықтарына үлкен маңыз бере отырып, Сіздің еліңіздің төрағалыққа дайындығы ісінде қолдау көрсетуге әзір.

(Николя Саркозидің Н.Назарбаевқа жолдаған

құттықтауынан. 14 желтоқсан 2007 ж.)

Ильхам Әлиев, Әзірбайжан Президенті:

– Аймақтағы бейбіт ынтымақтастыққа бағытталған Қазақстан басшылығының дәйекті кемеңгер саясаты ондағы қауіпсіздіктің сақталуына көп ықпал етеді. Қазақстан шама-шарқынша әлеуетін көтеріп, мықты мемлекетке айналды. Сондықтан аймақтық көлемдегі мәселелерді шешудегі оның рөлі мен маңызы арта түседі, біз оған тек қуанамыз.

(Қазақстанға ресми сапармен келгендегі баспасөз

мәслихатында айтқан сөзінен. 1 наурыз 2004 ж.)

Интернет материалдары негізінде әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button