Спорт

Бағы жанған есеп — 4:0

 Премьер-лига

 

30 тамызда, әсіресе, 1 қыркүйекте өткен кезекті турдың басты жаңалығы, әрине, «Шахтер» мен «Ақтөбенің» ұтылғаны болды. Енді «Астана» ұпай жөнінен «Ақтөбемен» бой теңестірсе, «Ертіс» «Шахтердің» желкесінен дем алып тұр. Бұл — бір. Екіншіден, 4-6 сатыдағы командалар толықтай орын ауыстырды. Үшіншіден, бұл турда сирек кездесетін 4:0 есебінің бағы жанып, үш рет қайталанды.

Енді ретімен баяндайық.

25-турда «Ақтөбе» Павлодарда «Ертіспен» кездесті. Ұтылды. Бұдан сәл бұрын «Шахтер» де ұтылған.

Еуропа алаңдарында әзірге Қазақстан клубтары жете қоймаған жетістіктерге қол жеткізген қос команданың бұл ұтылыстарына шын жанкүйерлер түсіністікпен қарайтыны даусыз шығар.

Есептеп көріңіз. Екі ай бойы «Ақтөбе» өз клубтарымызға  Еуропаның 4 командасын (Армения, Норвегия, Исландия, Украина) қосқанда үш күн сайын бір кездесу, барлығы 16 ойын өткізіпті.

Соған қарамастан Павлодардағы кездесуде де жерлестеріміздің тұяқ серіппестен қалған ештеңесі жоқ. Ойынның 59 пайызында доп біздің иелігімізде жүрді, қарсыластар қақпасына қарай 12 соққы бағыттап, 5 рет бұрыштама доп соқтық. Қай көрсеткіштен де кенже қалмадық. Дегенмен, футболшыларымыздың әбден шаршағаны да рас, тап осы жолы өз бөлігіміздегі тастүйін қорғаныс пен өзге бөліктегі қалтқысыз дәлдік жетіспеді. Қақпамызға енген алғашқы екі гол кездейсоқтық еді. 10-минутта Алексей Мулдаровтың қолына абайсыз тиген доп пенальтиге айналды, ал 16-минутта шебер қақпашымыз өрескел қателесіп, Андрей Чичулиннің аяғына допты өзі салып берді. Бұл есеп 35,43-минуттарда және еселенді де, ойын соңына дейін өзгерген жоқ. Осылай ұтылдық. Оқасы жоқ. Әзірге чемпионаттың екінші кезеңінің бірінші айналымы да аяқтала қоймағанын есте ұстайық.

«Ертіс»-«Ақтөбе» — 4:0

Гол авторлары: Ұлықбек Бақаев, пенальти, 10-минут (1:0), Антон Чичулин, 16-минут (2:0); Дмитрий Шомко, 35-минут (3:0); Владислав Чернышев, 43-минут (4:0)

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, (Сергей Давыдов, 35-минут), Андрей Харабара, Петр Бадло, Марат Хайруллин (Асхат Тағыберген, 83-минут), Роберт Примус, Юрий Логвиненко, Александр Гейнрих (Сергей Лисенков, 45+2 минут), Тимур Кападзе, Алдан Балтаев, Абай Айымбетов.

«Ақтөбе» командасында Алдан Балтаев (22-минут) пен Марат Хайруллин (45-минут) ескерту қағазын алды.

«Ертіс» командасының 1 футболшысына «сары қағаз» көрсетілді.

Бұл екі команда осымен 45 рет кездесті. 20 рет «Ертіс» жеңіп, «Ақтөбе» 17 рет басым түсті, 8 ойын тең есептермен аяқталды. Доп айырмашылығы «Ертістің» пайдасына шешіліп тұр: 61-50.

 

*    *    *

Басқа кездесулер:

«Восток»-«Тобыл» 0:4
Гол авторлары: Огнен Красич, 27-минут (0:1); Менсур Куртиши, пенальти, 34-минут, (0:2); Игорь Бугаев, 42-минут (0:3); Игорь Бугаев, 53-минут (0:4).

«Қайрат»-«Астана» — 1:2

Гол авторлары: Дамир Кояшевич, 21-минут (1:0); Сергей Остапенко, 66-минут (0:2); Момоду Сиссей, 79-минут (1:2).

«Тараз»-«Ақжайық» — 3:0

Гол авторлары: Эрсин Мехмедович, 40-минут (1:0); Абдулай Диакате, пенальти, 53-минут (0:2); Дмитрий Евстигнеев, 73-минут (3:0).

 «Ордабасы»-«Шахтер» — 4:0

Гол авторлары, Мохамед Арури, 9-минут (1:0); Азат Нұрғалиев, 49-минут (2:0); Азат Нұрғалиев, 55-минут(3:0); Қайрат Әшірбеков, 80-минут (4:0).

«Атырау»-«Жетісу» — 0:0

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

1-6 ОРЫНДАР

 

Командалар     О          Ұ       Т      Ж       Д        Ұп

 

1 Ақтөбе           25         15      5       5      33-18    27 

2 Астана           25         14      5       6      41-28    27

3 Шахтер          25         11      6       8     34-29     22

4 Ертіс              25         10       8       7     30-24     21

5 Ордабасы     25          10      6       9     27-24      21

6 Қайрат            25          8        10      7     32-29     19

 

О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

*   *   *

7-12 орындар үшін сайыста «Тобыл» 22 ұпаймен алда келеді.

Одан кейін орналасқандардың ұпайлар саны төмендегідей: «Атырау» — 16, «Тараз» — 16, «Восток» — 14. Қауіпті аймақта екі команда тұр: «Жетісу» — 12, «Ақжайық — 9.

 

*   *   *

24-турдың ерекшеліктері:

Біріншіден, бұл турда дәл өткен турдағыдай 18 гол соғылды. Орта есеппен әр кездесуде қақпаға 3 доп енді. Он бір метрлік 3 айып добы сәтті орындалды. Екі футболшы бір ойында 2 доптан соқты. Алаң иелері 3 кездесуде жеңіп, қонақтар 2 кездесуде ұтты, 1 ойын тең есеппен аяқталды. 4 ірі есеп нәтижесі тіркелді. Чемпионат басталғалы үш рет кездескен 4:0 есебі осы турда бірден үш рет қайталанды.

Екіншіден, кездесулер барысында 21 ескерту қағазы көрсетілді (алаң иелері — 7, қонақтар — 14). Тек «Қайрат» футболшыларына ғана еш «сары қағаз» көрсетілген жоқ. Бір футболшы жасыл алаңнан қуылды (Илья Бәйтереков, «Восток», 32-минут).

Үшіншіден, бұл турда ең көп жанкүйер жинаған — Алматы қаласы, «Қайрат»-«Астана» кездесуін 9000 жанкүйер тамашалады. Басқа қалалар былай жіктеледі: Павлодар — 4800, Шымкент — 3500, Тараз — 3200, Атырау — 2000, Өскемен — 1000. Чемпионат басталғалы ең көп жанкүйер жинаған кездесу Ақтөбеде өтті. «Ақтөбе»-«Астана» ойынына 12 000 жанкүйер жиналды.

Төртіншіден, «Ақтөбе» сырт алаңда 13 кездесу өткізіп, 6 рет ұтты, 3 рет тең ойнады, 4 рет жеңілді. Ал өз алаңында 12 ойын өткізді. 9 ойында жеңіп, 2 рет тең ойнады, 1 рет ұтылды. Бір кездесуде 2 голдан соққан ақтөбеліктер: Александр Гейнрих (екі рет қайталады), Тимур Кападзе, Роберт Примус.

 

*   *   *

Сұрмергендер:

Игорь Зенькович («Ақжайық»-9, «Шахтер»-3) — 12 доп;

Эдин Юнузович («Жетісу»-4, «Ордабасы»-7)  — 11;

Игорь Бугаев («Тобыл») — 10;

Момоду Сиссей («Қайрат») — 8.

 

*   *   *

«Ақтөбе» мергендері:

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 6 доп;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 5;

Роберт Примус (қорғаушы) — 4;

Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 3;

Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы) — 3;

Андрей Харабара (жартылай қорғаушы) — 2;

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Петр Бадло (қорғаушы) — 2;

Сергей Гридин (шабуылшы) — 2;

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы).— 1;

Сергей Ковальчук (жартылай қорғаушы) — 1;

Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1;

Сергей Давыдов (шабуылшы) — 1.

 

*   *   *

14 қыркүйек, сенбі күні өтетін келесі турда «Ақтөбе» Қарағандыда «Шахтер» командасымен кездеседі.

Бірінші кезеңде бұл команданы өз алаңымызда да (3:1), Қарағанды стадионында да (2:1) жеңген едік. Екі ойында да Александр Гейнрих ерекше көзге түсіп, екі доптан соққан болатын.

Қалған кездесулер:

«Астана» — «Ертіс»

«Тобыл» — «Тараз»

«Атырау» — «Восток»

«Жетісу» — «Ақжайық»

15 қыркүйек, жексенбі

«Ордабасы» — «Қайрат»

 

*   *   *

2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатының іріктеу ойындарының кезекті туры да келіп жетті.

Қазақстан ұлттық құрамасы қыркүйектің 6-сы және 10-ы күндері өз алаңында екі елдің футболшыларын қабылдайды. Әуелі Фарер аралдарының футболшылармен кездессе, келесі ойында Швеция құрамасымен күш сынасады.

Бұған дейін біздің ұлттық құрамамыз 6 кездесудің біреуінде ғана тең ойнап (Австрия), 5 рет (Ирландия, Швеция, Австрия, екі рет Германия) ұтылған. Доп айырмашылығы: 2:15.

«С» тобының 6 ойыннан соң жинаған ұпайлары төмендегідей:

Германия — 16; Австрия, Швеция, Ирландия — 11; Қазақстан — 1; Фарер аралдары — 0.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button