Денсаулық

Депрессия дертіне шалдыққан Қазақстан…

Қазір әлемде халық арасында көптігі жөнінен жүрек қан-тамырлары аурулары бірінші орында. Ал мамандар 2020 жылы адамдардың депрессия дертіне шалдығу көрсеткіші дүние жүзі бойынша бірінші орынға шығады деп даурығып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, қазіргі уақытта Жер планетасының әрбір бесінші тұрғыны психикасының бұзылуы салдарынан зардап шегеді.  

Депрессия қазақтың сөзі емес. Десек те, қазір қазаққа тән ауру болып тұрған сыңайы бар. Біздің түсінігімізде ол — жанның күйзелуі, қайғыға салыну, әлденеге қамығу… Қазақстан «депрессияға ұшыраған» елдер арасында алдыңғы қатарда тұр деседі. Ал осы жан күйзелісінің ең соңғы «нүктесі» — адамдардың өз өзіне қол салып өлуі деңгейі бойынша, соның ішінде жасөспірімдердің арасындағы суицидтің көптігінен, өкінішке қарай, көштің басында кетіп бара жатырмыз. Бұлай кете берсек, қайда барып тоқтарымыз белгісіз.

Әлқисса…

Жұмыр басты пенде болған соң тірлікте түрлі қиын жағдай болатыны, сол қиын жағдайларға жаның күйіп, көкірегің шерге толатын кездерің болады. Кіп-кішкентай жас баладан тарлан тартқан кәріге дейінгілердің арасында әлденеге өкпелі болып жүртіндер көп. Олардың дені — бұйығып, өз сырын өзімен ғана бөлісетіндер, ішіндегі жарасын жалғыз өзі жалап жазуды қалайтындар. 

Қазір әлемде адамдардың 10 пайызы психикалық аурулармен ауырады, оның саны 10 жылдан кейін 15 пайызға жететін көрінеді. Қазақстанда тұрғындардың 10,8 пайызы жан күйзелісіне ұшыраған. 16 млн халқы бар Қазақстан үшін бұл аз емес.  

Психологтар депрессияның бетін қайтарудың екі жолы бар дейді, олар — психотерапия және дәрі-дәрмек арқылы емдеу тәсілдері. Алайда, депрессия дертіне күйгендердің жартысынан астамы еміне дәру іздемейді екен. Елімізде психологтар институты белсенді дамып келе жатса да жағдай осы.  Психологқа барып шерін тарқатқысы келетіндер қарасы аз. Тіпті кейде бас дәрігерлердің өздері екі қолын алдына салып бос отырған психологтарға жұмыс тауып бере алмай қиналатын жағдайлар да болады деседі. Себебі…     

Жаны ауырса, жан баласына жоламай, өз өзімен оңаша қалуды әдетке айналдыратындар көп. Себебі жанының ауруын адамдар көп ретте медициналық мәселе ретінде қарамайды. Бір-екі күннен кейін өтіп кетер дейді де жүре береді. Бір-екі күн емес, бір-екі аптадан кейін өтпесе, бұл физилогиялық себебі бар ауру деген сөз. Әрине, адамды осындай күйге түсірген жағдайлар дұрысталып, тірлік өз арнасына түссе де, науқастың депрессиядан өздігінен шығуы екіталай. Оған медициналық көмек қажет. Өкінішке қарай, адамдар өздігінен психиатрдың есігін қаға бермейді. Не сенбейді, не ұялады.  Жан күйзелісін басқамен бөлісуге көбінің дәті бара бермейді. Біздің менталитетіміз де сондай — «бас жарылса бөрік ішінде», үйдегі жағдайды, басымыздағы жағдайды сыртқа шығара бермейміз. Екіншіден, ешбір адам медициналық картасына психиатрға барғаны жөнінде жазба түсіргісі келмейді, ол туралы жұмыс берушінің білмегенін қалайды. Сол себепті де көбі «жолым болмады», «жолымды ашып береді» деген сеніммен бақсы-балгерлерге баруды жөн санайды, — дейді Ақтөбе облыстық психоневрологиялық диспансердің бас дәрігері, психиатр Рауза Кубаева.

 

Медицинада депрессияның бірнеше түрін ажыратады: униполярлы, биополярлы депрессия, үлкен, кіші депрессия, постнатальді, рекурентті тез дамитын депрессия, дистимия, резистентті… тағысын-тағылар. Мұның барлығын жанның ауруыдеп ұғамыз. Соңғы 20 жылда әлемде неврозға шалдыққандар саны 40 есе өсіп кеткен. Шизофренияның өзі 50 миллион адамды «қақпанға» түсірген деседі. Басқа елдер бұл жағдайды медициналық, әлеуметтік, тіпті ұлттық деңгейдегі мәселе қылып көтеріп, қомақты қаржы бөліп, шешуге кірісіп кетті. Біздің елімізде ара-тұра ғылыми конференциялар, дәрігерлердің басқосу өткізіліп тұрады, бірақ басқа қам жоқтың қасы. Елімізде психикалық ауытқушылықтары бар 300 мыңға жуық адам тіркелген. Олардың төрттен бірі 29 жасқа дейінгілер болса, жартысына жуығы — 40 жасқа дейінгілер.

Бұл кісілерге заң бойынша ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Мамандар бұрынғы уақытта еліміздегі заңдылықтар бойынша психикалық ауруы бар адамдарға арнайы жатақханалар берілгендігін айтады. Екі мыңыншы жылдары бұл заңдылық мүлде күшін жойған.

Біздің елімізде халықтың психикалық денсаулығына қатысты ешқандай мониторинг жүргізілмейді. Ал есепке психикалық аурудың ауыр түрімен ауыратындар ғана тұрады. Мұндай адамдарға дәрігерлік-әлеуметтік көмек қана көрсетіледі, ары кетсе, жүйке жүйкесі ауруханаларында жатып емделеді. Аралық ем мүлде жоқ дегенді айтады сарапшылар.  

Психикалық аурудың ең көп тараған түрі — депрессияға ел тұрғындарының 30 пайызы шалдыққан. Депрессияның себебі көп, салдары одан асып түседі. Салдарының ең қорқыныштысы — адамның өзіне-өзі қол салуы.

Әлем бойынша соңғы 45 жылда өзіне-өзі қол салып өлу деңгейі 60 есе өсіп кеткен. Дүние жүзінде жыл сайын миллионнан астам адам өзіне өзі қол салып дүниеден озады. Соның дені депрессия дертін жеңе алмағандар деседі. Мамандардың айтуынша, 2020 жылы суицидке баратын адамдар саны бір жарым есеге өседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, жылына өзіне-өзі қол салып өлетін миллион адамның сегіз мыңы — Қазақстанның тұрғындары. 

    Қазір Қазақстан суицидтің көптігі жөнінен әлем бойынша үшінші орында тұр. Ал балалар арасындағы өз-өзіне қол салу деректерінің көптігі жөнінен ТМД елдері арасында бірінші орында тұрмыз. Мұндай оқиғалар, өкінішке қарай, біздің облыста да болып тұрады.  Бұл нағыз дабыл қағатын мәселе. Қоғамда суицидке тек ақыл-есі дұрыс емес адамдар барады деген пікір қалыптаспауы керек. Себебі, статистика бойынша өз- өзіне қол салып дүниеден озатындардың 15-20 пайызы ғана психикалық аурулар болып есептеледі. Қалғаны дені сап-сау адамдар. Мысалы, өзін-өзі өлтірген Джордж Вашингтонды, Уинстон Черичиль мен Эрнст Хемингуэйді, Маргарат Тэтчерді, Лев Толстойды есі дұрыс емес деп кім айта алады? Яғни, суицидке баратындардың дені депрессия дертінен дер кезінде шыға алмағандар, — дейді ҚР еңбегі сіңген дәрігер Ізбасқан Аймағамбетов.

 

Мамандар балалар арасында бұл дерттің көбеюін ұлттық мәселе деңгейіне дейін көтеріп, ұлттық қауіпсіздік саясатының маңызды бір бағыты ретінде қарастыру қажеттігін айтады. Мәжілістің пленарлық отырыстарының бірінде Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева осы жөніндегі мәселені төтесінен қойған болатын. «Соңғы он жылда елімізде жастар арасында өзін-өзі өлтіру үш есе өскен. Жыл сайын 15-19 жастағы әрбір үшінші жасөспірім өзіне-өзі қол салуға әрекет етеді екен. Осы топтағы суицидтің көптігінен Қазақстан ТМД елдері арасында көш бастап тұр», — деген-ді. Оның келтірген деректеріне қарағанда, біздің еліміз Литва мен Солтүстік Кореяның өкшесін басып келеді.

Әсіресе, бірыңғай ұлттық тестілеу енгізілгелі бері өз-өзіне қол салу деңгейі өсіп кеткенін тілге тиек етеді депутат. 2009 жылы еліміздегі оқушылар арасында — 209, 2010 жылы 201 суицид тіркелген, 2011 жылы 257 бала өз еркімен өмірден кеткен, тағы 592-сі өлуге әрекет жасапты. Мұның барлығын депутат Білім және ғылым министріне қарата айтты. Ал шын мәнінде бала мәселесімен бір емес, бірнеше министрлік айналысады.  Білім және ғылым министрлігімен бірге Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі… Мектепте осылардың барлығының өкілдері бар — мұғалімдермен иық тіресе әлеуметтік мұғалімдер, мектеп психологы, инспекторлар балалардың қасында жүреді. Барлық облыста балалардың құқын қорғау департаменттері жұмыс жасайды. Соның өзінде жасөспірімдер арасындағы деструктивті көңіл күйді болдырмау жөніндегі бірыңғай ұлттық бағдарлама жоқ. Әрқайсысы өз бетімен әрекет етеді. Осы ведомстоволар бірігіп, кешенді бағдарлама әзірлемейінше үлкендер депрессияға түсіп жөнімен кеткенде балаларымыз шетінен өз-өзіне қол салып өле бермесіне кім кепіл?..     

 

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

Күйзелістен  қалай қорғануға болады?

 

Күйзеліс адамды депрессияға алып келетін көңілдің күйі. Әрине, қазіргі қым-қуыт тірлікте күйзелістен қашып құтылу мүмкін емес шығар. Ауа райының күрт ауысуы, жұмыстағы проблемалар, ұрыс-керіс, денсаулық мәселесі, қымбатшылық, отбасындағы келеңсіздіктер — мұның барлығы адамды жан күйзелісіне алып келетін жайттар. Жан күйзелісі тек көңіл күйге әсер ететін психологиялық фактор ғана емес, адам денсаулығына кері әсер ететін  медициналық проблема.

Күйзеліс мидың қозуынан басталады. Келесі кезекте оған эндокриндік жүйе қосылып, бүйрек үсті бездері гормондар бөле бастайды. Осымен бір мезетте вегетативті нерв жүйесінің жұмысы бұзылып, артериалды қан қысымы көтеріледі, жүрек соғысы жиілеп, ағзада күйзеліске қарсы тұруға көмектесетін құбылыстар орын алады. Ал денсаулығы нашар адамдардың көңіл күйі бұзылып, ұйқысы нашарлайды, жүрек қағысы, дем алу нашарлауы мүмкін.

Созылмалы күйзеліс салдарынан артериалды гипертония, бронхиалды астма, жүрек  аурулары, қант диабеті сияқты психосоматикалық аурулар пайда болады.

Күйзелісті әркім әртүрлі қабылдайды. Және әртүрлі күреседі. Біреу эмоциясын көрсетсе, біреу сыртқа білдірмей, ішінде ұстайды. Эмоцияны іште ұстау өте зиянды. Ол түрлі ауруларға алып келуі мүмкін.

Күйзеліспен күресе білу адамның ақыл-ойының, парасатының деңгейіне тікелей байланысты. Әрине, қазіргі уақытта оған қарсы түрлі дәрілер бар. Алайда дәрілердің барлығы уақытша көмектесетінін ескеру қажет. Қорғанудың ең басты әдісі — барынша өз қалауыңыз бойынша өмір сүру. Жақсы демалып, спортпен айналысып, денсаулықты күту керек. Күнделікті ас ішіп, аяқ босатудан да басқа қызықты нәрселер бар екенін ескеріп, өзіңіздің сүйікті ісіңізбен айналысу,  ақыл-ой көкжиегін кеңейту, көп іздену, біліміңізді кеңейту, күйгелек болмау, міне, қорғанудың жолдары. Бұдан өзге жол жоқ.

Көңіл күйіңізді түсіретін ойларға берілмеуге, жақсы үміттерге сенуге тырысу қажет. 

Күйзеліс кезінде дене шынықтыруға бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлу керек. Тіпті болмаса, ән айтып, далада серуендеуге тырысқан жөн. Барлығынан безіп, жападан-жалғыз теледидардың алдында жатқан адамның күйзелістен құтылуы екіталай. Өзіңізге жақын адамдармен жиі араласыңыз, отбасындағы, туған туыстардың үйіндегі тойларға, қонақтықтарға жиі барыңыз. Сіздің қамқорлығыңызға, мейіріміңізге зәру ата-аналарыңыздың, үлкендердің, қарттардың, бауырларыңыздың хал-жағдайын сұрап, көмектесуге тырысыңыз. Біреуге жақсылық жасаған адамның көңіл күйі көтеріліп қалады.    

Ең бастысы, кез келген жағдайда сабырлы болуға тырысыңыз. Өмір болған соң, қиындық болмай тұрмайды, сондай жағдайларда ең бірінші сабырлылық керек. Қиындықтың барлығы да өтпелі, сондықтан өмірден түңіліп, ашуға берілуге, сөйтіп, өз денсаулығыңызды нашарлатып алуға жол бермеңіз.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button