Құқық

Сот шешімі қалай орындалады?

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде жеке сот орындаушылар институты жүйесі енгізілген болатын. Осыған орай «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар ен­гізіліп, «Жеке сот орындаушылар» туралы заң қабылданды. Жаңа заң жеке сот орын­даушылардың құқықтық мәртебесін ай­ғақтап, олардың өкілеттілігін нығайтуға бағытталды. Осы уақыт ішінде жеке сот орындаушылар қызметінің тиімді екені дәлелденді. Қазіргі таңда біздің облыста он бес жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Ақтөбе қалалық атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Серік Оралов жеке сот орындаушылардың тиімділігі мен атқарылатын шаруаларға қатысты мәселелерді ортаға салды.

 

Жеке сот орындаушы кім?

Жеке сот орындаушылардың қызметі Еуропа елдерінде әуелден қолданылады.  Мәселен, Франция, Италия секілді бірқатар батыс елдері жеке сот орындаушылар мәртебесін мемлекеттік орган құзыретіне бекіткен. Аталған жүйе елімізге енгізілмес бұрын осы  мемлекеттердің тәжірибесі әбден екшелген болатын. Жан-жақты талқылаудан кейін ғана жеке сот орындаушылар институты жүйесі енгізілді. Аз уақыт ішінде аталған қызметтің тиімділігі көріне бастады. Мәселен, облыстағы он бес жеке сот орындаушысының біреуі Хромтауда, екіншісі Темір ауданында нәтижелі  жұмыс істеп келеді.

— Мемлекеттік сот орындаушылар мен жеке сот орындаушылардың құқықтары бірдей. Жеке сот орындаушылар да сот актілерін орындайды. Мемлекет пен жеке және заңды тұлғаның пайдасына жұмыс істейді. Жеке сот орындаушылар мемлекеттен еңбекақы алмайды. Олар борышкер төлейтін қаржының он пайызын иеленетін болғандықтан қай уақытта да істі соңына дейін жеткізуге тырысады. Бұған қоса алған қаржының 15 пайызын Үкіметке салық ретінде төлейді, — дейді Серік Оралов.

Жеке сот орындаушыларға қойылатын талаптар да жоғары. Жеке сот орындаушы болу үшін алдымен жоғары заң білімі және мемлекеттің сот орындаушысы болып бес жыл жұмыс істеуі керек. Осыдан кейін барып арнайы сынақ арқылы конкурсқа өтіп, лицензия алады.

Жеке сот орындаушылардың тағы бір артықшылығы — санға емес, сапаға жұмыс істейді. Мәселен, бір мемлекеттік сот орындаушыда 1500-ге дейін сот актілері болады. Көп жағдайда олар істі шешіп үлгере алмай жатады. Соның себебінен азаматтар зардап шегеді. Ал жеке сот орындаушыларда сот актілері  бұдан әлдеқайда аз. Жұмыс оларға еріксіз таңылмайды. Қолынан келетін істі өздері таңдап алады.

Бұл жерде азаматтар шет елдегідей сот орындаушысын өз қалауы бойынша таңдайды. Сот шешімін орындау кезінде мемлекеттік және жеке сот орындаушылардың құзыреті бірдей. Мәселен, ішкі істер органдарының қызметкерлері борышкердің үйіне прокуратураның рұқсат қағазынсыз кіре алмаса, біз куәлікпен кіре береміз. Борышкердің жылжитын, жылжымайтын мүлкін тәркілеуге құқығымыз бар. Жылжитын мүлікті сол жерде бағалаймыз. Жылжымайтын мүлікті бағалау комиссиясына жібереміз. Бұл жерде аздаған айырмашылықтар бар. Мәселен, мемлекеттік сот орындаушы өзінің қаулысымен мүлікті сол уақытта әкете алады. Ал жеке сот орындаушылар қаулы шығарып, оны сотқа жібереді,  — дейді Серік Абатұлы.

Бір сөзбен айтқанда, жеке сот орындаушылардың болуы сот шешімінің дер кезінде орындалуына мүмкіндік береді. Халықтың сотқа деген сенімі нығая түседі.

 

Соттың шешімін орындамайтын кім?

Соттың шешімін алу бір бөлек те оның орындалуы өз алдына үлкен шаруа. Сотқа ешкім еріккеннен келмейді. Шындық іздеп шарқ ұрғандар ғана соттың табалдырығынан аттауға мәжбүр. Бірі алимент өндіре алмаса, екіншісі қарыз ақшасын қайтара алмай жүр. Заң бойынша борышкер бес  күн ішінде ерікті түрде сот шешімін орындауы керек, сот орындаушы болса, екі айдың ішінде соттың шешімін орындатуы тиіс. Алайда заң талаптарына бағынатындар сирек.

 Сот шешімін уақытында орындамайтындар көп. Әсіресе жеке тұлғаларға қатысты шешімді орындату қиын. Мәселен, көп қабатты үйде су кетіп көрші үйді бүлдіреді. Үйі бүлінген азамат сотқа шағымданады. Сөйтіп сот бір жыл бұрын шағымданушы азаматтың пайдасына 72 мың теңге көлемінде қаржы өндіріп беру туралы  үкім шығарған екен. Алайда борышкер шешімді орындамайды. Біз істі тексергенде әлгі адамның көрсетілген мекенжайда тұрмайтынын білдік. Тынымсыз еңбектің арқасында борышкерді тауып, шешімді орындаттық. Сот шешімін орындату кезінде бұндай қиындықтар өте көп. Тіпті сот орындаушы келгенде есігін ашпайтындар бар. Осыған қарамастан біз істі аяқсыз қалдырмаймыз.

Жалпы соттың шешімін орындамайтын азаматтарға заң бойынша әкімшілік жаза қолданылады. Бірақ бұндай жазаны мемлекеттік сот орындаушылар ғана қолдана алады. Ал жеке сот орындаушылар сот актілерін орындау департаментіне борышкерге шара қолдану туралы ұсыныс жібереді. Заң бойынша сот шешімін орындамған азаматтарға шет елге шығуға тиым салынады. Мүлкі тәркіленеді және 180 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады.

Сот шешімін борышкер бірнеше жыл бойы орындамай жүре береді.  Әсіресе, алимент төлемейтіндер көп кездеседі. Менің осы салада еңбек еткеніме он жылға жуық уақыт болды. Бір байқағаным, соңғы үш-төрт жылдықта  ерлі-зайыптылардың арасында  ажырасушылар көбейіп кетті. Тіпті бір жыл бірге тұрмай ажырасып, алимент төлеп жатқан жастар бар, — дейді Серік Оралов.  

Серік Ораловтың айтуынша, заң бойынша бір балаға еңбекақының — 25, екі балаға — 33, үш баладан асса 50 пайызы төленеді. Егер алимент төлеуші азаматтың қарызы болса, еңбекақысының 70 пайызын береді. Ал жұмыссыз азаматтар бір балаға еңбекақысынан бес мың теңге төлейді. Заң бойынша жұмыссыз азаматтар алимент төлеуден бас тарта алмайды. Серік Оралов жыл басынан бері жеке тұлғаларға қатысты 37, заңды тұлғаларға қатысты 40 іс қараған. Оның ішінде алимент төлемеуге байланысты төрт іс түскен

 

Алаяқтан сақтан

Серік Абатұлының айтуынша, сот актілерінің 95 пайызы жеке тұлғаларға қатысты. Оның ішінде алимент төлеуден жалтарғандар мен қарыз ақша алып қайтармай жүргендер көп.

  Азаматтардың көпшілігі заңды білмегендіктен жапа шегеді. Әсіресе, алаяқтың құрығына ілігетіндер көп. Тіпті үш миллион теңгеден асатын қаржыны ешқандай кепілсіз қарызға береді. Кейін оны ала алмайды. Ал қарыз ақша алатындардың көпшілігі алаяқ болып шығады. Олар заңды өте жетік біледі. Мәселен, осындай іс түссе, біз қарыз ақша алған адамның атында мүлік бар ма, жоқ па, соны тексереміз. Көп жағдайда бұндай адамдар өз атына ешқандай мүлік тіркемейді. Тіпті көліктің өзін сенімхатпен жүргізеді. Егер борышкердің атында ешқандай мүлік болмаса қарызды қайтару қиын. Тіпті ол адам өмір бойы қайтармай жүре беруі мүмкін. Және бұндай адамдар ешқашан қарызды қайтармаймын деп айтпайды. Жағдайының жоқ екенін бірақ қайткенде қайтаратынын айтып, ақталады. Егер ақшасы бар екенін бірақ төлемейтінін айтса, қылмыстық іс қозғалып, мәселе басқаша шешілер еді. Бірақ олар бұлай жасамайды.  Сондықтан оларға ешнәрсе істей алмайсың. Бұндай адамдарға қылмыстық кодекстің 36-бабы бойынша айыппұл төлеу, қоғамдық жұмысқа тарту сияқты жаза қолданылады. Ал қарызын қайтара алмай жүрген адам қалай айыппұл төлейді? Және ол қоғамдық жұмысқа шыға ма, шықпай ма, өз еркінде. Оны күштеп жұмыс істете алмайсың. Осы жерде заңның әлсіздігі байқалады. Егер заң бойынша бұндай адамдарға қатаң жаза қолданылса, олар жауапкершілікті сезінер еді, — дейді Серік Абатұлы.

Сот орындаушы алаяқтың қармағына ілікпеу үшін алдымен заңды білген жөн екенін айтады. Біреуге, тіпті жақын танысың мен ағайынға қарыз бергенде мұқият болған дұрыс. Қарыз берген жағдайда міндетті түрде кепіл сұрау керек. Және кепілге қоятын мүлік  қарыз алушы адамның атында екеніне көз жеткізіп алған жөн. Себебі кепілге қойған үй, кейін тексере келгенде банкте кепілде тұруы мүмкін. Сондықтан міндетті түрде халыққа қызмет көрсету орталығынан анықтама қағаз алу керек. Бұған қоса әлгі адамның әйелі немесе күйеуінің келісімі болуы керек. Мәселен, қарызды бермей кетіп, сот шешім шығарған кезде борышкердің әйелі білмейтінін айтып, үйден үлесін алады. Бұл шешімнің орындалуына қиындық келтіреді. Көлікті кепілге алған кезде де абай болған жөн. Себебі көлік басқа адамдікі немесе банкте кепілде тұруы мүмкін. 

  Алаяқтар алдымен адамның сеніміне кіреді. Сондықтан көпшілігі алданып қалады. Тіпті бірге туған адамдардың арасында да бұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сотқа шағымданбағандар қаншама. Себебі көп адамдар сотқа арызданып, уақыт алып жүргісі келмейді. «Құрсыншы, садақа» деп қолды бір сілтейді. Сондықтан біреуге қарыз берерде мұқият болған жөн.  Кейбіреулер қарыз бергенде қолхат алып, нотариус арқылы куәландырады. Борышкер қарызды алғанын мойындағанмен, оның артында ешқандай мүлік тіркелмесе, қолхаттан ешқандай пайда болмайды. Яғни қарызды қайтара  алмайды. Қарыз сұрағанда адамдар басқаша сөйлесе, берерде бөлек әңгіме айтады. Олар жауапкершілікті сезінбейді. Біреу жүз мың теңге бережақ болса, «бір миллион емес қой, сұрап мазамды алма» дейді, екіншісі миллион алып тұрып, «10 миллион теңге қарызы барлар да жүр ғой» дейді. Ал 100 миллион алғандар «адам өлтірген жоқпын, төлеймін ғой» деп шалқаяды. Сондықтан азаматтар ешкімге сенбеулері керек, — дейді Серік Оралов.

Сот шешімін орындату оңай шаруа емес. Уақыт пен тер төгуді қажет етеді. Сондықтан азаматтардың өзі әр істі абайлап атқарғаны жөн.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button