Денсаулық

Өкпеңіз таза ма?

 

Туберкулез — өкпе ауруы. Біздің халық мұны «құрт ауруы» дейді. Туберкулез әлемде ең көп тараған жұқпалы аурулардың бірі. Сондықтан онымен күресу — әр адамның және баршаның ісі. Сау адам туберкулезді тек ауырғандардың ғана мәселесі деп санамауы керек.

Туберкулездің белгілері: жөтел, қақырық бөліну, кеуде тұстың ауруы, қан түкіру, әлсіздік, тез шаршау, тершеңдік, дене қызуының көтерілуі. Кеуде қуысының, өкпенің тазалығын флюорографиялық тексеру арқылы анықтауға болады. Бұл тексеруден 15 жасқа толған жасөспірімдерден бастап барлық адам жылына бір рет өтуі тиіс. Кей жағдайда адамда туберкулез ауруының белгілері табылса, ауруды нақты анықтау үшін флюорографиядан кейін, рентгенге түсіреді.

Ауру анықталған жағдайда ол адам әрі қарай толық тексеріліп, ем қабылдау үшін мекенжайына байланысты учаскелік дәрігеріне жіберіледі.

Туберкулезді дер кезінде анықтап, ауруды бастапқы кезде тоқтатуға, өкпені және басқа да ағзаларды үлкен көлемде қабынудан сақтап қалуға болады. Ол үшін әр адам әркез өзінің жеке гигиенасын сақтап жүруі қажет.

 

Меңзипа ЖҰБАНОВА,

№4 қалалық емхананың флюоролаборанты.

 

Жәндіктер шаққанда не істеу керек?

 

Жаз айларында шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа көбейеді. Қазір олардан қорғанудың түрлі жолы бар. Дегенмен табиғат аясына шыққанда міндетті түрде дәрі-дәрмек қобдишасын өзіңізбен бірге алып жүріңіз. Ал егер жәндіктердің бірі шақса, мынадай алғашқы көмек көрсеткеніңіз жөн:

Мысалы, ара немесе сона шаққанда адамға қауіп төндіреді.Сонымен қатар, сол жердің тіні ісініп қана қоймай, дененің едәуір ыстығы көтеріледі, кенеттен бастың ауыруы, сіңір тартылуы пайда болады. Алғашқы көмек ретінде шаққан жерге суық компресс басады, 1 стақан қою тәтті шай беріледі, 1 грамм ацетилсалицил қышқылын, 0,03 грамм димедрол беріп, жедел дәрігер шақырып немесе зардап шегушіні госпитальдау керек.

Сары шаян шаққанда, сол жер бірден ісіп, Ісік жайылып, қызарады және тері күлдірейді. Бұл кезде адам қатты терлеп, жүрегі жиі соғуы мүмкін.

Алғашқы көмек жасағанда, әуелі зақымданған жерге өсімдік майын жағып, ол жерге жылы нәрсе басу керек. Ауруды сездірмейтін анальгин дәрісін ішуге болады.

Ал кененің шаққаны сезілмейді. Кене көбіне қолтық асты, мойын, құлақтың артқы терісі, шаптың шұңқырларында, одан да басқа кез келген жерлерде кездесуі мүмкін. Шаққан жерде мең тәрізді қара нүкте немесе қызыл күлдіреуік пайда болады. Алғашқы көмек көрсеткенде кененің денесіне кез келген өсімдік майын тамызу керек, сосын оны мәрлі оралған пинцетпен немесе саусақпен ақырын айналдыра қозғап шығарады. Егер де пинцет болмаса, кәдімгі жіпті қолдануға болады, оны адам терісі мен кененің негізгі бас арасына орап байлайды. Жіптің ұштарынан ұстап, екі жаққа созып, оны денеден тартып алып шығады. Шаққан жерді йод тұнбасымен, зеленка немесе спиртпен сүртеді. Ыстық ванна қабылдауға болмайды. Шұғыл жақын жердегі медициналық мекемеге бару керек.

Барлық осы жәндіктерді қуып жіберетін, жәндіктердің шағуын алдын алатын зат — балық майы. Оны бет, мойын, қол, аяқ және барлық ашық жерлерге жағу қажет.
Табиғатқа шыққанда қауіпсіздік ережелерін сақтап, өзіңізді және жақын адамдарыңызды жағымсыз жағдайлардан, кейде тіпті денсаулыққа қауіпті жәндіктердің шағуынан сақтауға тырысу қажет.

Жанна ҚАСЕНОВА,

Кенжегүл ТІЛЕУМАҒАМБЕТОВА,

медициналық жедел жәрдем ауруханасының реанимация бөлімінің медбикелері.

 

Алғашқы көмектің маңызы

 

Суға түсу маусымы қызып тұрған кез бізді қуантып қана қоймай, кейде қайғылы жағдайларға да душар етіп жатады. Ең бастысы, суға кеткендерге көмек уақытында және дұрыс көрсетілсе, олардың өмірін аман алып қалуға болатынын есте сақтау керек.

Суға кетудің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Олар өте маңызды болып табылатын алғашқы көмек көрсету ережелерімен де ерекшеленеді. Қауіптісіне тоқталайық…

Суға кеткен адамның өкпесіне көп мөлшерде су кеткен кез — өте қауіпті. Мұндай жағдай көбінесе жақсы жүзетін адамдардың қол-аяғы тартылған кезде, су ағысы қатты болғанда, су иіріміне түсіп кеткен кезде болады. Судың бетіне шығып, батып бара жатқан адам суды жұта асығыс тыныс ала бастайды, ал су тыныс алу жолдарын толтырып, ауаның өкпеге баруына кедергі жасайды. Мұндай жағдайларда адамның терісі көгереді, аузы мен мұрнынан кеуде қуысын  басқан кезде көп мөлшерде көбікті немесе қан аралас сұйықтық бөлінеді.

Есіңізде болсын: егер зардап шеккен адамның беті көгеріп кетсе, ең әуелі өкпесіндегі суды алу керек. Ол үшін науқасты өзіңіздің бүгілген аяқтарыңызға оның басы мен денесі төмен тұратындай етіп, ал сіздің жамбасыңыз оның төменгі қабырғаларын басатындай етіп жатқызыңыз. Содан соң арқасын су толық шығып болғанша басыңыз. Дереу жасанды тыныс алу мен жүректі уқалауға кірісіңіз. Суға кеткен адамға денесін ысқылап сипау арқылы жылыту, қол-аяқтарын уқалау пайдалы. Науқастың тыныс алуы қалпына келе салысымен оған ыстық шай беріп, көрпеге орау қажет. Алғашқы көмектен кейін өзін жақсы сезініп тұрса да, суға кеткен адамды медициналық мекемеге жеткізген жөн. Әйтпесе, өкпенің ісінуі немесе жүректің қайта тоқтауы мүмкін. Өміріне қауіп жоқ екенін тек дәрігерлер ғана айта алады.

Элеонора ЖӘМЕТОВА,

ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының Ақтөбе облыстық филиалының фельдшері.

 

 

 

Маскүнемдіктен сақтан!      

   

Маскүнемдік бір адамның тоқтаусыз және өзіне залал келтіретіндей көп мөлшерде ішімдіктерді ішуімен басталады. Ішімдікті көп ішкен адам онсыз өмір сүре алмайтындай дәрежеге жетеді. Тәуелділіктің соңы маскүнемдікке алып келіп соғады. Маскүнем ата-ана, жар, дос-жаран, бала-шағаның бәрін де өмірінен сызып тастайды. Осыдан келе-келе ол қоғамнан да алыстайды. Ал ішімдіктің соңына түсіп маскүнемге айналған адамның денсаулығы түрлі ауруларды өте жылдам қабылдайды. Тек толығымен маскүнемге айналғандар ғана емес спиртті ішімдікті жиі пайдаланатын кез келген адамның денсаулығында тез әлсіреу, ұмытшақтық секілді сан алуан ауру түрлері кездесе бастайды. Сол секілді спиртті ішімдік адам денсаулығына және оның психикасына көптеген зиянын тигізеді.Оның ең алдымен жүйке жүйесі зақымдана (психоз) бастайды. Көпшілігі ақыл-естен айрылып ұмытшақтыққа бой алдырады. Ішімдікті шамадан тыс көп қолданудың кесірінен келетін кеселдер өте көп. Асқазан, өңеш, ішек қатерлі ісіктеріне шалдықтыруы мүмкін. Ащы суды көп ішкен адамның жүрегі әлсірейді. Тіпті спиртті ішімдіктің салдарынан ауру сәбилер дүниеге келеді. Спиртті ішімдіктің зияны жайлы әкесі ұлына, анасы қызына әңгімелеп, түсіндіріп отырғаны дұрыс. Өйткені, салауатты өмір салтын ұстанған әрбір азаматтың ертеңі жарқын, жолы жарық боларына күмән жоқ!

 

Клара РШИМОВА, Ақтөбе облыстық наркологиялық диспансерінің учаскелік медбикесі.

 

Панкреатит немесе ұйқы безінің қабынуы

 

Ұйқы безінің созылмалы қабынуы орта жастағы және қарт адамдарда, көбінесе әйелдерде кездеседі. Бұл ауру медицинада «созылмалы панкреатит» деп аталады. Ұйқы безі қабынуы көбінесе өтқалтаның созылмалы қабынуынан, өт жолына тас байлану сырқатынан немесе ретсіз тамақтанудың әсерінен, тым ащы және майлы тамақтарды көп жеуден, әсіресе, тамақ құрамында нәруыз бен дәрумендер тапшы кездегі созылмалы алкоголизмнің салдарынан болады.

Шылым шегу —  ұйқы безі қабынуының басты факторы. Бұндай жағдайда сырқат адамның сол жақ қабырғалар астының ауырсынуы, тоя тамақтанғанда немесе майлы тамақ ішкен кезде аурудың бұрынғыдан бетер күшейетіні сезіледі.
Ұйқы безінің созылмалы қабынуын диагностикалау үшін стандартты тексеруден басқа оның экзокриндік функциясын анықтаудың маңызы зор. Копрограмманың, яғни нәжістегі толық қорытылмаған тамақ қалдықтарына микроскопикалық талдау жасаудың көмегімен бұл ауруды анықтауға болады.

Аурудан айығудың басты жолы — дәрігер тағайындаған диета. Күндізгі уақытта тамақтанулар арасындағы үзіліс төрт сағаттан артық болуы керек.
Ұйқы безінің қабынуымен сырқаттанатын адам алкогольді ішімдіктен бойын аулақ ұстағаны жөн. Науқас көбінесе көкөністен жасалған тағамдар мен жеміс-жидек, балық, суға пісірілген ботқаларды жегені жөн. Қуырылған, тұздалып, бұрышталған, саңырауқұлақ қосылған тағамдар мен  жаңа піскен нан, газдалған сусындар бойдағы дертті күшейтеді.

Сондықтан, ұйқы безінің созылмалы қабынуы кезінде күніне 5-6 рет аз-аздан тамақтанған дұрыс.

 

Айгүл ДӘРІБАЕВА,

теміржол ауруханасының медбикесі.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button