Спорт

«Ақтөбе» ірі жеңіске жетті

Футбол

Жексенбі күні ақтөбелік футбол сүйер қауым тағы бір тартысты кездесудің куәгері болды. Жергілікті команда Сәтбаев қаласының «Қазақмыс» командасымен кездесіп, қарсыластар қақпасына төрт гол соқты.

Ойынға облыс әкімі Елеусін Сағындықов қатысты. Облыс әкімі ойыншыларға сәттілік тілей отырып, команда жаттықтырушысы Владимир Мухановқа «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын тапсырды.

Владимир Муханов бұл атаққа әбден лайықты. Өйткені ол –  өз ісінің кәсіби маманы. Міне, шебер маманның біліктілігімен «Ақтөбе» командасы алда келеді. В.Муханов жетекшілік еткен төрт жылда ойыншыларымыз көптеген белестерді бағындырды. Келешекте біздің команда республика көлемінде ғана емес, шетел алаңдарында да белсенділік танытатынына сенім мол.

Ақтөбеде футболды меңгерген команда мен оларды қошеметтей білетін жанкүйерлер бар. Біз ойыншыларымызға сәттілік тілейміз, – деді облыс әкімі.

Жерлестеріміз ойын басталысымен-ақ шабуылға шықты. Алғашқы екі гол Сергей Струковтың есебіне жазылды. Ойынның 27-минутында Андрей Лаврик допты  Сергей Струковқа шығарды. Қарсылас команданың қақпашысы тойтарыс бере алмады. Ал 38-ші минутта ұрымтал сәтті пайдалана білген Сергей Струков Константин Головскойдың ықпалымен қарсылас команданың қақпашысын тағы да қапы қалдырды.

Үзілістен кейін ақтөбеліктер тағы да шабуылды үдете түсті. Толассыз шабуылдың негізінде С.Струков тағы да допты қақпаға бағыттап, гол соқты. Ал бұл кезеңнің орта тұсында Эмиль Кенжесариев белсенділік танытып, қонақтарды сан соқтырды.  Ойын 4:0 есебімен аяқталды.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button