Экономика

Еліміздің қара металлургиясының қарлығашы

 

ENRC тобының құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының филалы-Ақтөбе феррқорытпа зауытында әлемде теңдесі жоқ жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса, мұндағы қазіргі қолданыстағы көне зауыттың іске қосылғанына 70 жыл толып отыр. Бұл —еліміздің қара металлургиясының тарихы. Демек, металлург қауымы үшін үлкен мереке. Осындай жаңалықтардан оқырмандарымызы хабардар ету мақсатында біз Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Мұрат Мұқашевты әңгімеге тартқан едік.

 

— Зауыттың қалыптасуы туралы айтсаңыз?

— Ақтөбе ферроқорытпа зауыты — Қазақстанның қара металлургиясының қарлығашы.  Өз жұмысын Ұлы Отан соғысы кезеңінде, 1943 жылы бастаған. Зауыт құрылысының өзі де соғыс үстінде салынған болатын. Майдан қажеттілігі үшін соғыс жағдайында жедел іске қосуға тура келген. Кемпірсай жер асты қойнауындағы хром кенін өндіретін Дөң кен байыту комбинатының өнімін игеруге негізделген. Әрине, зауыттың өзге жерден де қоныс тебуі мүмкін еді. Алайда, Ақтөбе қаласы таңдалғанда, кен көзінен қашық еместігі, облыс орталығы болғандығы, қаланың болашағы, мүмкіндіктері ескерілген болу керек. Алғашқы пеш 1943 жылы іске қосылғандықтан, зауыттың тарихы да осы кезеңнен басталады. Жалпы, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қала құрылысына, оның өсіп, дамуына тікелей ықпал еткен кәсіпорын. Соның негізінде қаланың өзге кәсіпорындары дүниеге келген. Демек, бұл зауыттың жетпіс жылдық тарихы өлкеміздің өсіп-өнуімен тікелей байланысты. Облыс емес, тұтастай алғанда еліміздің экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқаны белгілі.

— Дәуірдің талабына қарай зауыттың жетілдіріліп, жаңғыртылып отырғанын білеміз. Әр жылдарда қалай кеңейіп, ұлғайғаны да жадымызда. Әйтсе де, көненің аты көне ғой. Қалай дегенде де, негізі бұдан жетпіс жыл бұрын салынды…

— Дұрыс айтасыз. Әр нәрсенің де шегі бар. Қанша жамап-жасқап жаңартқанмен, қайта құрғанмен бұрынғы көне зауыт өзінің мүмкіндігін сарықты. Бұған талай мысалдар келтіруге болады. Өндірісті тексерушілер бізге талай ескертпелер жасайды. Сонда мен ол адамдардан: «Сенің мініп жүрген көлігің қандай?» деп сұраймын.  Ол маған пәлен деп көне көліктің маркасын айтады. Ал соған қазіргі заманғы салқындатқышты орнатсақ, қауіпсіздік көпшігін қойсақ, басқа да жабдықтар қондырсақ, одан әлгі ескі машина жаңа «Мерседеске» айналмайды ғой. Олай шығындалғанша, жаңасын сатып алған әлдеқайда тиімді. Шамамен, бізде де тап сондай жағдай. Қазіргі қолданыстағы зауыт әбден көнерді, заманның ағымына ілесе алмайтын жағдайға жетті. Сондықтан да біз компанияның стратегиялық шешіміне сәйкес, жаңа зауыт салып жатырмыз. Ол жөнінде қазір кеңірек айтамын. Бұрын біз көне зауыттың пештерін жаңарту бағытында көп жұмыс жүргіздік. Қуатты жабдықтар қойдық. Газ тазартқыш енгіздік. Шлак өңдейтін өндірісті дамыттық. Әйтседе мұның бәрі жеткіліксіз. Бізге қойылатын экологиялық талап жыл сайын қатайып келеді. Бұған қоса, суды, электр қуатын, т.б. ресурстарды үнемдеу міндеті жүктелуде. Осындай ауқымды талаптарды ескере келе, жаңаша шешім қабылдау керек болды.

— Сонда көненің көзі, қазақтың қара металургиясының тарихы ескі зауыттың болашағы қалай болады?

— Жаңа зауыт іске қосылып, толық қуатында жұмысқа кіріскен шақта, әрине, біз пештерді тоқтатамыз. Қазіргі кезде №1,2 негізгі пештер жұмыс істеп тұр. Өндірістік көрсеткіштеріміз жоғары. Жоспарлық межелер толық орындалып тұр: өнім өндіруді де, жөнелтуді де артығымен өтеп келеміз. Бірінші жарты жылдықта өндіріс өз қуатында жұмыс істеді. Бір сөзбен айтқанда, өндірістік көрсеткіштеріміз қалыпты. Компания алға қойған талаптар мүлтіксіз орындалуда. Қандай міндетті де жүзеге асыруға ұжым қабілетті. Зауыттың 70 жылдық мерекесін лайықты табыстармен қарсы алуда. Лайықты адамдар өте көп. Біз олардың ең таңдаулыларын іріктеп, марапатқа ұсынып отырмыз.

— Мерекелік шаралар қалай өтеді?

— Зауыттың жетпіс жылдығы бір рет келеді, сондықтан біз оны лайықты атап өтеміз. Оған өндірістік жоғары көрсеткіштермен жетіп отырмыз. Бұрынғы кеңестік кеңістіктен зауыт тарихымен байланысты құрметі қонақтар шақырылады. Оның ішінде зауыттың бұрынғы басшылары бар. Біздің зауытпен кіндіктес кәсіпорындардың жетекшілері қатысады мерекеге. Олар да іске қосылған жылдарына қарай мерекелерін атап өтіп жатыр. Сөз жоқ, ең басты мерекелік шара ұжымға арналады. 670 ардагеріміз бар, оларды да ұмытпаймыз. Тойдың мерекелік бөлігі Тахауи Ахтанов атындағы драма театрда өтеді. Үлкен концерт ұйымдастырылады, жан-жақтан белгілі өнерпаздар шақырылуда. Осы жиында біреулер көлік мінеді, біреулер жоғары марапаттар алады. Бәрі болады. 19 шілде күні Дөң кен байыту комбинаты 75 жылдығын атап өтеді. Біздің жетпіс жылдыққа арналған мерелік шаралар 20 шілде күні басталады.

— Бүгінгі таңда зауытта қанша адам жұмыс істейді?

— Тап осы зауытта 3200 адам. Әдетте, мен оларды инженер-техник, жұмысшы, ер-әйел деп бөлмеймін. Оның ешкімге қажеті де жоқ… Мерекеге жиналған қонақтарға біз кәсіпорынды, онда жұмыс істейтін ұжымды көрсетеміз. Құрылысы жүріп жатқан жаңа зауытқа да апарамыз.

— Жаңа зауыт деп отырғаныңыз — қазіргі құрылысы жүріп жатырған 4-цех қой. Осы жаңа құрылым бұқаралық ақпарат құралдарында да бірде цех, бірде зауыт болып, әр түрлі аталып жүр. Дұрысы қайсы?

— Негізі бұл цех емес, өз алдына салынған зауыт болатын. Аумағы 45 гектар жерді алып жатыр. Жылына 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохром шығаруға есептелген. Ал Ақтөбе феррқорытпа зауытының алғашқы үш цехы жылына 320 мың тонна феррохром өндіреді. Жаңа цехтың ауқымын осыдан-ақ біле беріңіз. Себебі, 4-цехта феррохром өндірісінің инновациялық технологиясы енгізілген. Ол өнімнің өзіндік құнын едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Өндірілетін өнімнің көлемінің өсетіні сондай, Жіңішке, Дөң, Өлке теміржол бекеттерінің өткізу қабілетін көтеруге, нысанды қуат көзімен қамтамасыз ететін жоғары кернеулі екі желі құрылысын салуға тура келді. Жалпы, жаңа зауыттың салынуы біздің тұтынушыларымыздың  феррохромға деген сұранысының өсіп отырғанын көрсетеді. Жыл сайын феррохромға сұраныс әлем бойынша артып келеді. Мұның екінші жағы, біз осы цехты іске қосу арқылы әлемдік бәсекеге қабілетті боламыз. Әлемдік рыноктегі орнымызды  кеңейтеміз. Бұл мәселеде біздің әлемдегі бәсекелесіміз — Оңтүстік Африка Республикасы. Онда әлемдегі хромның үлкен кен көзі бар. Содан кейінгі екінші — бізде. Кешегі Кеңес Одағы кезінде Дөң кен байыту комбинаты бүкіл елдің 97 пайыз хром кенін өндірді. Қалған 3 пайызы ғана Одақтың қалаған өңірлерінің үлесіне тиді. Хромның жалпы қоры жөнінен біз әлемде екінші болғанмен, құрамы жөнінен біз баймыз. Оның үстіне Оңтүстік Африка Республикасы электр қуаты жөнінен дағдарысты бастан кешіруде. Елдегі саяси жағдай да тұрақты емес. Осымен байланысты өндіріс қарқыны төмендеді. Ал бізде Елбасымыз жүргізіп отырған сарабдал саясаттың арқасында барлық қолайлы жағдай туып отыр.

— Әлемдегі қаржы дағдарысына қарамастан, Елбасы өндірісті кеңейту, мейлінше ұлғайту міндетін қойып келеді. Елде жүргізіліп отырған инновациялық-индустриалдық жобалар соның нәтижелері. Мұндағы жаңа кәсіпорын да Елбасы ұстанған осы саясаттың жемісі деп қараймыз. Президент талабы бойынша өндірісті дамытуға жеке кәсіпорындар ауқымды инвестиция салуға міндетті. Жаңа кәсіпорынға компания қанша қаржы салып отыр? Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл жөніндегі мәліметтер де әр түрлі аталады.

— Ресми мәліметке сүйенсек, акционерлік қоғам бөлген жобалық-сметалық қаржы 750 миллион доллар. Бірақ қазір қатып қалған ештеңе жоқ. Уақыттың өтуімен көп нәрсе өзгереді. Себебі, қуат көздері қымбаттауда. Мұның бәрі  салынып жатқан өндіріске де әсер етеді. Бұрынғы салынған инвестиция жетпейді. Бұл түсінікті жағдай. Сондықтан қосымша қаржы салынатыны анық. Бірақ мен оны қазір дәл айта алмаймын. Жалпы, зауыттың өзінің жаңа технологиялық қуатымен өндіріске көп пайда әкелетінін айттық. Оның үстіне ол экологиялық талаптарды мүлтіксіз сақтауға, ауаны ластамауға толық мүмкіндік береді. Олай болатыны, онда тұратын жабдықтар мен қондырғылар мүлде басқа. Әлемдік алдыңғы қатарлы өндірісте жетілдірілген түрлері.

— Жаңа зауыт құрылысына қанша адам тартылған?

— Сан түрлі жұмыстар атқарылуда. Зауыт құрылысына қатысты мамандар өте көп. Бастапқы кездің өзінде 2 мыңдай, ал қазір жоба бойынша 3 мыңның шамасында адам, ал құрылыс алаңында 1500 адам қызмет атқарады. Құрылыс бөлек-бөлек ондаған нысандардан тұрады.  Басқаны  қойып, зауыттың пеш материалдарын сақтайтын қоймасын ғана айталық, оның өзінде екі жылдық қор сақталатын болады. Осыдан-ақ құрылыстың шамасын байқай беріңіз! Құрылыс салуға мердігерлік мекемелер еліміздің әр аймағынан қатысуда. Жергілікті компаниялар да аз емес.

— Құрылыс материалдары отандық па?

— Жүз пайыз қазақстандық деп айта алмаймын. Кім арзан, сапалы материал ұсынса, сол ұтады. Металл құрастырмаларды Алматы, Павлодар, Қарағанды қалаларынан, сосын Ресейден әкеліп жатырмыз. Ақтөбе кәсіпорындарынан да алып жатырмыз кейбір құрылыс материалдарын. Негізінен зауыт жабдықтарын шет елдерден, оның ішінде Германия, Америка, Еуропа елдерінен алудамыз.

— Зауыт шет ел технологиясымен жұмыс істейді ғой?

— Бұл — металлургияның басқа ұрпағы. Жоғары автоматтық тетіктермен жұмыс істейді. Мұнда қол еңбегі, механика мүлде араласпайды. Сондықтан жоғары дәрежедегі білігі, білімі, тәжірибесі бар мамандар ғана жұмыс істейді. Инженер-жұмысшылар қазір іріктеліп, қайта даярлаудан өткізілуде. Шет елдерге тәжірибесін ұштауға жіберілуде.

— Жаңа зауыттың құрылысы өз жемісін қашан береді?

— Осы жылдың қараша айында екі цехты іске қосып, қыздыруға қоямыз. Одан әрі тиісті технологияға сай өнім шығаруға кірісетін болады.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button