Спорт

Алтын аз боп тұр…

Ресейдің Қазан қаласында өтіп жатқан Универсиадада Қазақстан қоржынында, 14 шілденің қорытындысы бойынша, барлығы 22 жүлде бар. Жалпы есепте біздің команда 20-орында тұр.

Естеріңізге сала кетейік, Татарстан астанасы — Қазан қаласында өтіп жатқан Универсиадада Қазақстан қоржынына тұңғыш алтынды ақтөбелік Фархад Харки салған болатын. 62 килограммға дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ауыр атлет Фархад Харкидің екі жаттығу бойынша көрсеткен нәтижесі — 306 килограмм. Харкидің басты бәсекелесі — КХДР ауыр атлеті Чол Кум Ча да нақ осындай нәтиже көрсетті. Бірақ, ережеге сай, жеңіс салмағы жағынан Чадан жеңіл Харкиге берілді.

Жалпы, биылғы жаз Фархад Харки үшін жемісті болып тұр. Маусым айында Астанада өткен Азия чемпионатында ол, екі жаттығу қорытындысы бойынша 303 кг нәтижемен, күміс жүлдегер атанған еді.

Универсиадаға оралсақ, қазақстандықтар үлесінде 2 алтын, 9 күміс және 11 қола бар. Өкінішке орай, жалпы есепте жоғары жылжу үшін спортшыларымыздың алтыны аздау болып тұр. Мысалы, 3 алтын иемденген елдердің арасында бірінші тұрған Моңғолияның күмісі — 5-еу ғана.

Қазақстан қоржынындағы екінші алтынның иесі — жеңіл атлетші Маргарита Мұқашева.

Айта кетейік, Универсиада 17 шілде күні аяқталады.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button