Спорт

Жеңістен соң жеңіс

Футбол

Өткен аптада «Ақтөбе» екі рет жеңіске жетті. «Астана» бір рет ұтылып, бір рет тең ойнады. Сырт алаңда маңызы зор тең есепке қол жеткізген «Ертіс» өз алаңында басымдылық көрсетті. Ел чемпионатында алғашқы үштік орындарын өзгерткен жоқ. Жалпы турнир кестесінде бір-ақ өзгеріс болды: «Қайрат» төртінші орынды «Ордабасыға» беруге мәжбүр болды.

Енді ретімен баяндайық.

 

Уефа: сәтті сапар

4 шілде күні Еуропа Лигасының бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуін «Ақтөбе» Арменияда өткізді. Жерлестеріміз Капан қаласының «Гандзасар» командасымен Ереванда кездесті.

Рас, «Ақтөбенің» Еуропа кубоктері ойындарындағы тәжірибесі молдау еді. Бірақ армяндар тіпті де құлдық ұра қойған жоқ, шапшаң шабуыл әдісін ұстанды. Бірінші тайм негізінен тең дәрежеде өтті. Ақтөбеліктер екі рет нақты қауіп төндірсе, тайм соңында «Гандзасардың» капитаны айласын асыра алмай қалды.

Екінші таймды да армяндар белсенділікпен бастады. Дегенмен сауатты қимыл үстемдік алды. 61-минутта Андрей Харабара айып алаңына әуелете тастаған допты Сергей Давыдов еңкейе ұмтыла баспен соғып, команда құрамындағы жеке есебін ашты — 0:1.

78-минутта стадион тағы бір дүр етті. Марат Хайруллин бұрыштамадан соғылуға тиіс допты Александр Гейнрихқа сырғытып жіберді де, Александр оны Асхат Тағыбергенге ысыра салды. Асхат алыс тоғыздықты нысанаға алды, қателеспеді — 0:2.

Ал 90-минутта алаң иесі Артак Дашян гол соқты — 1:2.

Жанкүйерлердің о бастан болжағанындай-ақ болды, жеңіске жеттік. Мараттың 6-минутта соққан голы ойыннан тыс қалғаны себепті есептелмей қалғаны және бар. Дегенмен бұл кездесуде Андрей Сидельниковтің жеке шеберлігі қақпамызды кем дегенде тағы да екі голдан аман сақтап қалғанын футболшыларымыз 11 шілде күні Ақтөбеде өтетін кездесуде естен шығармайтын-ақ шығар.

«Гандзасар»-«Ақтөбе» — 1:2

Гол авторлары: Сергей Давыдов, 61-минут (0:1), Асхат Тағыберген, 78-минут (0:2), Артак Дашян, 90-минут (1:2).

Вазген Саргсян атындағы стадион. 2000 жанкүйер. Температура: +29.

Бас төреші Даниел Стефански (Польша).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Андрей Харабара, Петр Бадло (капитан), Марат Хайруллин, Роберт Примус, Эмиль Кенжисариев (Сергей Давыдов, 46-минут), Асхат Тағыберген, Сергей Ковальчук, (Юрий Логвиненко, 71-минут), Александр Гейнрих (Сергей Гридин,83-минут), Тимур Кападзе.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Левски» (Болгария, Литекс)-«Ертіс» (Павлодар) — 0:0

«Астана»-«Ботев» (Болгария, Пловдив) — 0:1

Гол авторы: Т.Ирсак, 44-минут (0:1).

Қарымта кездесулер бүгін, 11 шілдеде өткізіледі.

Командаларымыз екі кездесудің қорытындысы бойынша жеңіске жеткен жағдайда «Ақтөбе» Норвегия чемпионатының екінші дивизиондағы «Ходд» командасымен, «Ертіс» Боснияның «Широки бриег» командасымен ойнайды. Ал «Астанамен» «Унио эспортива» (Андорра) мен «Зриньски» (Босния) сайысының жеңімпазы кездеседі. Бірінші кездесуде босниялықтар сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.

 

Премьер-Лига: Табысты тартыс

18-турда «Ақтөбе» өткен ойында «Шахтерді» жеңген, сол жеңісті жалғастыруды ғана мақсат тұтқан «Таразды» қабылдады.

Қонақтар расында да бірден шабуылға көшті, тіпті қақпаға қауіп те төндірді. Дегенмен ақтөбеліктер ұрымтал сәтті күтті. Сол сәт келді де. Қонақтар қақпасына 37-минутта Тимур Кападзе соққан доп кейін серпіліп түсті де, Марат Хайруллиннің аяғына оралды, ал Марат мүмкіндікті қалт жіберген жоқ — 1:0.

Қонақтар да қарап қалмады. Арада екі минут өтпей жатып біздің қорғаушылардың қателігін тиімді пайдаланған Обиора Одита есепті теңестіріп үлгерді — 1:1.

Әрине, ақтөбеліктер дереу қысымды күшейтті. Сондай шақтардың бірінде тараздық қорғаушылар өздерінің айып алаңында Сергей Давыдовты шалып құлатты да, төреші белгілеген он бір метрлік айып добын 42-минутта ресейлік легионердің өзі еш қатесіз орындады — 2:1.

Ал қонақтар ше? Біздің қақпашымыз осы бірінші таймның соңында Константин Заречныйдың соққан добын шеберлікпен қақшып түссе, екінші таймда Шерхан Бауыржан тепкен доп маңдайшаға тиіп кейін серпілді. Осылай қимылдаған қонақтар дегеніне жетті де. 78-минутта Илья Воротников бұрыштамадан келген допты баспен соғып, тордың тоғыздығын бүлк еткізді — 2:2.

Қалайда жеңісті есепті қайтарудың қамын ойлаған бас бапкер Владимир Никитенко алаңға шабуылшы Александр Гейнрихті шығарды. Ширақ шабуылшы сенімді ақтады. 86-минутта Марат Хайруллин қапталдан тастаған допты іліп алған Александр жиырма екі метр шамасындағы қашықтықтан қақпаны тура нысанаға алды, қақпашы Андрей Цветков шүйіле атылғанымен допқа саусағын іліктіре алмай қалды — 3:2.

Сөйтіп «Ақтөбе» жеңді, бірақ «Тараз» да тап қазіргідей көш соңында қала бермейтінін аңғартты.

«Ақтөбе» өзін өкшелеп келе жатқан «Астанадан» 9 ұпайға, үшінші орындағы «Шахтерден» 16 ұпайға озып кетті.

«Ақтөбе»-«Тараз» — 3:2

Гол авторлары: Марат Хайруллин, 37-минут (1:0); Обиора Одита, 39-минут (1:1); Сергей Давыдов, 42-минут, пенальти (2:1); Илья Воротников, 78-минут (2:2); Александр Гейнрих, 86-минут (3:2).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Андрей Харабара, Петр Бадло (капитан), Дмитрий Мирошниченко, Сергей Давыдов (Сергей Гридин 87), Марат Хайруллин, Роберт Примус, Эмиль Кенжисариев (Александр Гейнрих 70), Юрий Логвиненко (Асхат Тағыберген 65), Тимур Кападзе

«Ақтөбе» командасында ескерту қағазын алғандар: Юрий Логвиненко, 22-минут; Петр Бадло, 45-минут; Дмитрий Мирошниченко, 58-минут.

«Тараз» командасының футболшыларына 2 ескерту қағазы көрсетілді.

Бұл екі команда осымен 34-ші рет кездесті. 21 ойында «Ақтөбе» жеңіске жетті, «Тараз» 8 рет ұтты, 5 кездесу тең аяқталды.

 

*    *    *

Басқа кездесулер:

«Ақжайық»-«Ордабасы» 1:2

Гол авторлары: Данило Белич, 80-минут (0:1); Якуб Хлебоун, 90-минут (1:1), Евгений Левин, 90+1 минут (1:2).

«Восток»-«Қайрат» — 1:1

Гол авторлары: Сергей Костюк, 22-минут (1:0); Виталий Ли, 72-минут (1:1).

«Шахтер»-«Тобыл» — 2:0

Гол авторлары: Рохер Каньяс, 55-минут (1:0); Игорь Зенькович, пенальти, 75-минут (2:0).

«Жетісу»-«Астана» — 1:1

Гол авторлары: Исламбек Қуат, 27-минут (0:1); Арунас Климавичюс, 32-минут (1:1).

«Ертіс»-«Атырау» — 1:0

Гол авторы: Владислав Чернышев, 58-минут (1:0).

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар                 О            Ұ             Т        Ж             Д              Ұп

 

1 Ақтөбе                      18           13            4          1             28-9           43 

2 Астана                      18           10            4          4             29-20         34

3 Шахтер                    18            8             3          7             23-22         27

4 Ордабасы                 18            7             6          5             16-13         27

5 Қайрат                       18            6             7          5             23-20         25

6 Ертіс                          18            6             7          5             18-17         25

7 Тобыл                        18            5             5          8             25-23         20

8 Жетісу*                      18            4             9          5             17-20         18

9 Восток                       18            4             6          8             10-20         18

10 Атырау                    18            4             5          9             11-25         17

11 Тараз                      18            4             4          10           17-24         16

12 Ақжайық*              18             4            6          8              23-27        12

 

(О — ойын; Ұ — ұтыс; Т — тең; Ж — жеңіліс; Д — доп айырмашылығы; Ұп — ұпай).

*Ойыншылар мен бапкерлердің жалақысын кешіктіргені үшін «Ақжайықтан» — 6 ұпай, «Жетісудан» 3 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

 

*   *   *

18-турдың ерекшеліктері:

Біріншіден, бұл турда 15 гол соғылды. Қақпаларға 14 сәуірде (5-тур), 22 мамырда (12-тур) дәл осылай 15 голдан соғылған болатын. Бұл жолы алаң иелері 9 гол, қонақтар 6 гол соқты. Орта есеппен әр кездесуде қақпаға 2,5 доп енді. Он бір метрлік 2 айып добы нәтижелі орындалды — Игорь Зенькович («Шахтер»), Сергей Давыдов («Ақтөбе»). Бір кездесуде ойын тағдырын 90+1 минутта соғылған гол шешіп кетті. Ойын тағдырын бұдан бұрынғы екі турда 90+4 минутта соғылған екі гол шешіп кеткен еді.

Екіншіден, өткен турдағы тәрізді бұл жолы да алаң иелері 3 кездесуде жеңіп, қонақтар 1 кездесуде ғана ұтты, 2 ойын тең есеппен аяқталды. 1:1 есебі екі рет қайталанды. Ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ. Чемпионат басталғалы 1:0 есебі жиырма бесінші рет, 2:1 есебі он тоғызыншы рет, 1:1 есебі он екінші рет, 2:0 есебі сегізінші рет, 3:2 есебі үшінші рет қайталанды.

Үшіншіден, кездесулер барысында 27 ескерту қағазы көрсетілді (алаң иелері — 13, қонақтар — 14). Бұл турдағы ең тәртіпсіз ойын Павлодарда өтті — «Ертіс»-«Атырау» кездесуінде әр команда 4 реттен «сары қағазға» ие болды. Ең бейбіт команда — «Восток». Өз алаңында ойнаған өскемендіктер еш ескерту алған жоқ. Бұл турда футболшыларға еш «қызыл қағаз» көрсетілген жоқ.

Төртіншіден, бұл турда ең көп жанкүйер жинаған — Ақтөбе қаласы, «Ақтөбе»-«Тараз» кездесуін 10 000 жанкүйер тамашалады. Басқа қалалар былай жіктеледі: Орал — 5000, Қарағанды — 5000, Павлодар — 4000, Талдықорған — 2500, Өскемен — 1300. Чемпионат басталғалы ең көп көрермен жинаған кездесу Ақтөбеде өтті. «Ақтөбе»-«Астана» ойынына 12 000 жанкүйер жиналды.

Бесіншіден, чемпионат басталғалы 108 кездесуде 52 рет алаң иелері жеңіп, 33 кездесу тең есеппен аяқталды, 23 кездесуде қонақтардың бағы жанды. Барлығы 240 гол соғылып, әр кездесуде қақпаға орта есеппен 2,22 доп енді. Алаң иелері — 149, қонақтар 91 гол соқты.

Алтыншыдан, «Ақтөбе» өз алаңында осымен 9 ойын өткізді. 8 ойында жеңіп, 1 рет тең ойнады, ұтылған жоқ. 25 ұпай жинады. Доп айырмашылығы: 19-5. Ал сырт алаңда 9 кездесу өткізіп, 5 рет ұтты, 3 рет тең ойнады, 1 рет жеңілді. 9-4 доп айырмашылығымен 18 ұпай жинады. Барлығы 18 кездесу өткізіп, 10 кездесуде «Ақтөбе» өз қақпасына еш гол енгізбеді. Қақпасына ең аз гол өткізген және өз алаңында жеңіліс дәмін татпаған, сондай-ақ өз алаңында ең көп ұпай жинаған, оған қоса чемпионат басталғалы бір-ақ рет (сырт алаңда) ұтылған жалғыз команда — «Ақтөбе». Бір кездесуде 2 голдан соққан ақтөбеліктер: Александр Гейнрих (екі рет қайталады), Тимур Кападзе, Роберт Примус.

 

*   *   *

Сұрмергендер:

Игорь Зенькович («Ақжайық», «Шахтер») — 11 доп;

Момоду Сиссей («Қайрат») — 7;

Эдин Юнузович («Жетісу», «Ордабасы»)  — 6;

Игорь Бугаев («Тобыл») — 6;

Олег Недашковский («Қайрат») — 5;

Александр Гейнрих («Ақтөбе») — 5.

4 доптан соққан 7 футболшының бірі — біздің Марат Хайруллин.

 

*   *   *

«Ақтөбе» мергендері:

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 5 доп;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 4;

Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 3;

Роберт Примус (қорғаушы) — 3;

Андрей Харабара (жартылай қорғаушы) — 2;

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Петр Бадло (қорғаушы) — 2;

Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы) — 2;

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы).— 1;

Сергей Ковальчук (жартылай қорғаушы) — 1;

Сергей Гридин (шабуылшы) — 1;

Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1;

Сергей Давыдов (шабуылшы) — 1.

*   *   *

Келесі 19-тур Еуропа кубогы ойындарының қарымта кездесулеріне байланысты екі күнге бөлініп өткізіледі.

14 шілдеде, жексенбі күні «Ақтөбе» Қостанайда «Тобылмен» кездеседі.

Бұл команданы бірінші айналымда, 5 мамыр күнгі 9-турда өз алаңымызда қабылдап, 1:0 есебімен ұтқан едік. 38-минутта Марат Хайруллин гол соққан.

Қалған кездесулер:

13 шілде, сенбі

«Қайрат» — «Шахтер»

«Ордабасы» — «Восток»

«Атырау» — «Жетісу»

7 шілде, жексенбі

«Астана» — «Ақжайық»

«Тараз» — «Ертіс»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button