Жаңалықтар

Жобалар экономиканы көтеруге жол ашады

Ақтөбедегі рельс арқауы зауытының құрылысы басталып кеткендігінен бұл күнде жұртшылық жақсы хабардар. Еліміздің экономикасы үшін елеулі роль атқаратын аталған жобаның дер кезінде және сапалы жүзеге асырылуына Үкімет тарапынан да қолдау байқалуда.

Соның бір дәлелі осы аптада Премьер-Министрдің орынбасары — Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтің құрылыс басында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен жан-жақты танысуы, мемлекеттік органдардың өкілдерінің, жобаны жүзеге асырушылардың, сондай-ақ мердігерлік ұйымдардың басшыларының бас қосуымен жиын өткізуі болды. Бұл шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Мамин қатысты.

— Жалпы өндірістік қуаттылығы жылына 430 мың тонна сортты прокат, оның ішінде 200 мың тонна теміржол рельстерін шығару белгіленіп отырған бұл зауыт біздің экономикамыздың ілгерілеуі үшін де маңызды, сондықтан орын алған проблемаларды дер кезінде анықтап, мәселелерді нақты шешіп, күш-жігерді көздеген межені бағындыруға жұмсау керек, — деп атап көрсетті Әсет Исекешов, — бұл ретте әрбір қадам есепте болуы тиіс. Жобаны жүзеге асыру барысында қазақстандық үлес, сондай-ақ адамдарды жұмыспен қамту басты бағдарда тұрады.

Аталған жобаның жалпы құны 55,3 млрд. теңге тұрады. Егер құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан уақыт ішінде 500 жұмыс орны іске қосылды десе, зауыт іске қосылған кезде 295 адам жұмыспен қамтылады. Осы жоба аумағында ГТЭС-ті 100 мВт-ға дейінгі ұлғайтумен электрлі шойын балқыту цехының құрылысы да қатар жүргізілуде. Жалпы тартылған инвестиция көлемі 105,0 млрд. теңге құрайды. Осындай мәселелер жөнінде «Ақтөбе рельс арқауы зауыты» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Қабыл Шодиев баяндап берді. Сондай-ақ мердігерлік және қосымша мердігерлік ұйымдардың басшылары өздері жауап беретін учаскелер жұмыстары туралы айтып өтті.

Министр өз сөзінің қорытындысында зауыт құрылысы жүруінің кестесі қатаң сақталуы бақылауда болуы жөнінде тапсырма берді.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Мамин осында мамыр айында да жұмыс сапарымен болып кеткен еді. Содан бергі уақыттағы шаруаларға баға берген ол облыс әкімшілігінің ықпалды көмегін атап көрсетіп, негізгі жұмыстарға қатысты бірқатар тапсырмаларды белгіледі.

Рельс арқауы зауытының өндірістік корпусының №1 блогының металл құрылымын монтаждау салтанаты жасалды. Сол арқылы құрылыс өзінің екінші кезеңіне — өндірістік корпустарды көтеру жұмыстарына кірісті.

Құрылыс басында болашақта өнім өткізу, сұраныс мәселелері де сөз арқауына айналды. Негізінде Қазақстан темір жолы шығарылатын рельстің тең жартысын алып отыруға ұзақ жылға келісімшартқа қол қойды. Мұның өзі бүгінде шетелге сұраныс беріп отырған еліміздің әрі сапалы, әрі өзімізде шығарылған өнімді пайдалану арқылы көп ұтысқа шығатындығын көрсетеді.  Шығарылатын өнімнің біраз бөлігі ТМД елдеріне, Орталық Азияға таратылмақшы. Ресейліктер тарапынан да біраз сұраныс туындамақшы. Новокузнецк, Челябинск, Тагиль қалаларындағы зауыттар шығаратын рельстің ұзындығы 100 метрден аспайды. Ал Ақтөбе зауытында 120 метрлік рельстер ұсынылады. Ол жоғары жылдамдықтағы магистральдарға арналған. Бүгінгі есептеулерге қарағанда көлік жылдамдығы сағатына 350 шақырымнан арта алады. Рельстің сапасы Қазақстанның ыстықты-суықты әр түрлі  климаттық жағдайларына сай келеді.

Бұл сапарында индустриалдық-инновациялық жобаларға ерекше көңіл бөлген министр «Қазхром ТҰК» акционерлік қоғамы жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысы барысымен де танысты. Бұл жоба Қазақстанның Индустрияландыру картасына енгізілген. Мұнда жылына 440 мың тонна феррохром өндірілетін болады. Зауыт іске қосылуымен байланысты 500 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Қазхром ТҰК» акционерлік қоғамының президенті Владимир Тиль зауыт атағын алып отырған №4 цех құрылысының қазіргі барысы туралы айтып берді. «Ең бастысы — белгіленген кесте сақталуда, — деді ол, — 1 шілдеге дейін 88,5 млрд. теңге игеріліп отыр».

Аталған жобаны жүзеге асыру тауарлы жоғары көміртекті феррохромды шығаруды ұлғайтуға және өнімнің өзіндік құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ феррохромды экспортқа шығару жөніндегі әлеует айтарлықтай көтерілмекші.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты таяу күндерде өзінің 70 жылдық мерекесін атап өтпекші. Осындай тұста жаңа цех құрылысы жұмысының қарқынды жүріп жатуы қонақтар тарапынан оң бағасын алды.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button