Әлеумет

Есірткіге жол жоқ!..

Акция

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні. Дәл осы күні Абай атындағы мәдениет және демалыс саябағында «Біз нашақорлыққа қарсымыз!» деген тақырыпта акция өтті.

Шараны облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық ішкі істер департаменті, спорт және туризм, мәдениет, денсаулық сақтау, білім басқармаларымен бірге облыстық наркологиялық диспансері, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы және басқалары ұйымдастырды. Акцияны өткізудегі басты мақсат – нашақорлықтың таралуына жол бермеу, жастарды спортқа баулу.

Акция барысында әр саланың мамандары сөз сөйлеп, жастарды спортпен айналысуға шақырды. Және бір айта кетерлігі, облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқармасының қызметкерлері жұртшылыққа арнайы үйретілген иттермен есірткі тасымалдаушы адамды ұстаған көріністі көрсетті.

– Біздің мекемедегі кинологиялық орталықта есірткі, жарылғыш зат және із кесетін арнайы үйретілген 18 ит бар. Иіс сезгіш иттердің көмегімен біз көптеген қылмыстық жайларды анықтадық. Жалпы, соңғы алты айдың мәліметіне тоқталар болсам, 172 қылмыс анықталды.

Байқап қарасақ, есірткіге 18-29 жас аралығындағы жастар тәуелді. Ал есірткі салдарынан қылмыстар көбейіп, ВИЧ инфекциясына шалдыққандар саны өсуде. Мұны дер кезінде қолға алмасақ, істің қиынға соғары анық. Сондықтан әрбір адам бір-біріне қамқор болғаны дұрыс. Нашақорлықтың белең алмауы үшін, есірткінің алдын-алу жұмыстарын кең көлемде жас ұрпақтың жүрегіне жол табатындай етіп жүргізу керек, – дейді облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы  күрес басқармасының профилактика бөлімінің бастығы Баубек Есмахан.

Шара барысында Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Спорт – есірткіге қарсы» атты ұранмен стритболдан, дөңгелекті конькиде сырғанаудан сайыс өтті. Жарысқа 1995-1996 жылы туылған жасөспірімдер қатысты. Білім және ғылым министрлігінің бұқаралық спорт басқармасының маманы Замир Ықсанғалидың айтуынша, мұндай жарыс біздің қаламызда алғаш ұйымдастырылып отыр екен.

– Жарысты өткізудегі мақсатымыз – жасөспірімдерді спортқа тәрбиелеу. Жас жеткіншекті үйде ата-ана, мектепте мұғалім дене тәрбиесіне тартуы керек. Ақтөбеде алғаш ұйымдасытырылып отырған шараға 300-ден аса оқушылар қатысты. Мұндай шара келесі жолы Тараз қаласында ұйымдастырылмақ, – дейді маман.

Акция кезінде барлық қатысушыларға арнайы логотипі бар футболка мен бейсболкалар, нашақорлыққа қарсы буклеттер, дисктер және басқалары таратылды.

Кеш соңы жастардың би кешіне ұласты.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button